«Қасым» үйі қарашада ашылады

Тәуелсіздік тойы аясында дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың да 110 жылдың мерейтойы аймақта аталып өтуде. Онлайн форматта өткен «Қасым әлемі: поэзия, тұлға, тарих» тақырыбындағы семинар — соның жарқын дәлелі. Сонымен қатар, Қарағанды университетінде «Қасымтанудың қазіргі мәселелері» атты халықаралық дөңгелек үстелдің өткізілуі де ақын мұрасының мәңгілік екенін және бір паш еткен. Сондай-ақ, биыл қарағандылықтарды тағы бір жағымды жаңалық күтіп тұр. Ол – Қасым үйінің ашылуы.

«Тағы бір жақсы жаңалық — қараша айында дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың 110 жылдық мерейтойына орай «Қасым» үйінің ашылуы да зиялы қауым үшін, жалпы барша қарағандылықтар үшін ерекше тарту болмақ», — деді ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын брифингте.

Ерлан Бейсембайұлы бұдан бөлек, Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген Алаш қайраткерлерінің атаулы жылдары да ескерусіз қалмайтынын атады. Бүгінгі таңда бұл бағытта да жұмыстар жүйелі көрінеді. Мәселен, қазақтан шыққан тұңғыш математик, профессор, Алаш қайраткері Ә.Ермековтың 130 жылдығына орай оқушылар арасында математика пәні бойынша облыстық олимпиада өтті.

Қарағанды техникалық университетінде «Әлімхан Ермеков және қазақстандық мемлекеттіліктің қалыптасуы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырды. Аталған конференция аясында Қарағанды техникалық университетінде Ә.Ермековке арналған оқу залы және арнайы бейнесі белгіленген тақта орнатылды.