Руханият

Асылмұрат салған ән қандай?!

Ақтоғай ауданында күміс көмей, жезтаңдай әнші, ән дүлдүлі Әсет, Шашубай, Манарбектердің ізбасары Асылмұрат Аханов атындағы аймақтық «Ақ қайың» дәстүрлі ән орындаушыларының байқауы өтті.

Асылмұрат Аханов
Сурет ұйымдастырушылардан

Аққу мойын домбырасын желдірте ойнатып, қос ішектің күмбіріне үн қосқан асқақ дауысты дарабоз әншінің орындаған әндерін насихаттауға арналған дүлдүлдердің додасы екі кезеңнен тұрды. Конкурсқа Кенен Әзірбаев, Әміре Қашаубаев атындағы республикалық ән байқауларының, «Шабыт» халықаралық фестивалінің жүлдегері, Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық ән байқауының бас жүлде иегері, манарбектанушы Дәуренбек Әркенов, әнші-сазгер Қуандық Сәденов, Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық ән байқауының жүлдегері, әнші Дулат Аханов бастаған өнер майталмандары төрелік етті.

Ресми ашылуына өнер ардагері Тұрғанбек Түсіпбаев, әнші Дәуренбек Әркенов, Асылмұрат Ахановтың баласы, айтыскер ақын Мақсат Аханов және тағы басқа да құрметті меймандар сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Алғашқы кезең Асылмұрат орындаған әндерді шырқаған үміткерлер екі ән айтып іріктелді. Қойылған талап та күшті. Әнші орындаған әндерін нақышына келтіре шырқау қатысушыларға оңайға соқпады. Нөсердей төгіліп, жанды жадыратып, теңіздей толқытып тебірентіп, көңіліңді өсіретін әндерді салатын Асылмұрат Ахановтың ән дегенде талғамы жоғары, өресі биік еді. Оның табиғи мінезі, дархан дарыны, білімі, бөлек дара болмысы тыңдарманның жүрек қылын шертетін әндерді орындауда ерекше айқындалып тұратын. Ақан, Біржан, Үкілі Ыбырай, Әсет, Шашубайлардың мектебін жалғастырып, ән өнерінде өрісін тауып, өркенін жайған тұлғаның тіршілік тініне бойлай алған туындыларын екінің бірі, егіздің сыңары шырқай салуы мүмкін емес. Осыдан болар, іріктеу сынында ән табиғатын аша алмай, тосылғандар көп болды.

Өнер додасының екінші кезеңі түстен кейін жалғасын тапты. Қазылардың талқысынан өтіп, үздік шыққан үміткерлер Асылмұраттың ән қоржынынан екі ән орындап бақтарын сынады. Әншінің нақышына келтіре орындайтын Шашубайдың «Ақ қайыңы», Манарбектің «Паровозы», «Құлбай бай» сынды әндерді орындап, тыңдарманның құлақ құрышын қандырды. Қазақ даласына ән болып жайылып, әмбеге асыл нұрын шашқан талантты еске алған қалың елдің көңілі өсті, мерейі тасыды.

Конкурсты қорытындылаған манарбектанушы, әнші Дәуренбек Әркенов тыңдарманға, ақтоғайлықтарға алғысын жеткізіп, аймақтық байқаудың аясын кеңейту туралы ұсынысын айтты.

– Асылмұрат Аханов ағамыз кең тынысты әнші еді. Әнші болам деген кеудемізге асыл арман орнағанда домбырамызды құшақтап, Асыл ағаның үйіне барып, талай ән үйрендім. Шәкірті болып, соңынан ердім. Ән салғанда қыранша қомданып, ән табиғатын ашып, айрықша орындаушы еді. Қайталанбайтын қазақтың асқақ дауысты әншісі бәріміздің жүрегіміздің төрінен орын алды, – деді Дәуренбек Әркенов.

Сонымен қатар, әнші-сазгер, белгілі журналист Қуандық Сәденов әншінің орындауында өз аузынан жазып алып, таспаланған қос бірдей әнді туыстарына табыстады.

Асылмұрат Аханов атындағы «Ақ қайың» дәстүрлі әндерді орындаушылар конкурсының Бас жүлдесі Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының студенті, Ақтоғай ауданының әншісі Мадияр Өмірғалыға бұйырды. Арнайы Алғыс хатпен Абай Шойман (Шет ауданы), Дәулет Ырысбай (Ақтоғай ауданы) марапатталса, Төлеу Аяғанова атындағы арнайы жүлде Салтанат Кеңеске (Балқаш қаласы), Бегендік Аханов атындағы жүлде Нұрбек Шабановқа (Шет ауданы), Қуат Қожамбаев атындағы жүлде Қуандық Төкеновке (Қарқаралы ауданы), Дәртай Садуақасов атындағы жүлде Ықылас Алдиярға (Шет ауданы), Тұрған Түсіпбаев атындағы жүлде Гүлім Дәуренбековаға (Ақтоғай ауданы) табысталды. Сонымен қатар, жеке кәсіпкер Марат Көкеевтің арнайы жүлдесі Шет ауданынан келген әнші Абай Шойманға тапсырылды. 

Нұрдос КӘРІМ,
Ақтоғай ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button