Руханият

«Асыл сөзді іздесең – Абайды оқы, ерінбе»

«Oqyrman» кітап дүкенінде ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған әдеби байқау өтті. «Ұлағат» оқырман клубының ұйытқы болуымен өткен сайысқа өңірдің әр өңірінен келген жас оқырмандар, студенттер мен өнерпаздар қатысты.

Сурет ұйымдастырушылардан

Көпшілікті Абай мұрасын терең тануға, ақын шығармашылығын насихаттауға бағытталған дода үш бағыттан тұрды.

Алғашқы «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» бөлімінде қатысушылар Абай өлеңдерін жатқа оқып, көркемсөз шеберлігін танытты. Бұл кезеңде Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің І курс студенті Абылай Дүйсен үздік шығып, бас жүлдені иеленді.

Екінші «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» бөлімінде жас ақындар өз қаламынан туған Абайға арналған өлеңдерін оқыды. Қазылар алқасы қатысушыларға арнайы тақырып ұсынып, байқау үстінде де жедел өлең жазу шеберлігін бағалады. Бұл бөлімде жас ақын Ералы Ғани топ жарды.

Үшінші «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар» кезеңінде қатысушылар Абай, Шәкәрім, Ақылбайдың әндері мен күйлерін орындады. Бұл бағытта жас өнерпаз Қазыбек Рашид өнерімен ерекшеленіп, қара үзді.

– Абайдың мол мұрасын қоғамда кеңінен насихаттау – баршамыздың ортақ борышымыз. Аңдап қарасақ, мұндай байқауларғаға көбіне тек мектеп оқушылары мен студенттер ғана қатысады. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, бұл байқауға жасы бар жасамысы бар, түрлі жас санатындағы қатысушылар қатысты, – деді сайысты ұйымдастырушы, «Qasymkitap» баспасының редакторы Гүлдана Қуатқызы.

Қазылар алқасының құрамында облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Ресурстық тіл орталығының бөлім меңгерушісі Жұпар Жақан, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әншісі Сырым Хордин, және Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің Студенттер үйінің директоры Бектас Жұман болды.

Сайыс соңында барлық жеңімпаздар мен қатысушыларға «Qasymkitap» баспасының демеушілігімен Алғысхаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,

«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button