Асыл мұратымызға қол жеткіздік!
Өткенге үңілсек, қабырғалы қара шаңырақ – Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің тарихы сонау 1938 жылы мұғалімдер институтының ашылуымен басталады. Сол жылдардағы Қарағанды облысының қарқынды индустриялық дамуы халық арасында мәдениет пен білім беруді кеңінен таратуды талап етті. Өңірде жоғары оқу орнының ашылуы үлкен, ұлы мақсаттарға жол ашқан игі бастама болды. Білім беруге білек сыбана кіріскен Қарағанды мұғалімдер институтына сол тұста Ленинград және Алматы қалаларынан оқытушылар, орта мектептерден жоғары білімі бар бірқатар педагог мамандар жіберілді. Қарлагтан босап шыққан революцияға дейінгі педагогикалық тәжірибесі бар ғалымдар мен мамандар да институттың оқытушылар құрамын едәуір күшейтті. Герцен атындағы Ленинград педагогикалық институты қамқоршылық көмек аясында бірнеше мың томдық оқу және ғылыми әдебиеттерді тегін табыстап, соның арқасында институт жұмысының алғашқы жылдарында 7 мыңнан астам кітаптан тұратын кітапхана құрылды. Институттың бірінші басшысы болып Р.Репалова тағайындалды. Кеншілер астанасының өміріне етене енген Қарағанды мұғалімдер институты Орталық Қазақстан мектептеріне мұғалімдер даярлап, өзінің тарихи миссиясын орындады. Соғыстан кейінгі жылдардың өзінде жартысынан көбін қазақ жастары құраған 1000-нан астам мұғалім даярланды.
1952 жылы біліктілігі жоғары кадрлар даярлау мақсатында Қарағанды мұғалімдер институты Педагогикалық институт болып қайта құрылды. Сол күннен бастап университет болып қайта құрылғанға дейін Педагогикалық институтқа С.Баймурзин тұрақты басшылық етіп, университеттің қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосты. Жоғары мәртебеге ие болған университетте жаңадан факультеттер, кафедралар, оқу-әдістемелік кабинеттер мен ғылыми-зерттеу зертханалары ашылады. Енді ашылған жаратылыстану факультетіне ерекше көңіл бөлінеді. Нәтижесінде, ғылыми-зерттеу жұмысы жаңа сапалы деңгейге көтеріледі. 1958 жылдан бастап «Ғалымдар жазбалары» атты дербес ғылыми мерзімді басылымы жарық көрді, 1962 жылы оқу орнының төрт кафедрасында аспирантура ашылды. 1970-ші жылдардың басында құрамында 28 кафедра мен 5 факультеті бар Қарағанды мемлекеттік педагогикалық институты бірінші санатты жоғары оқу орнына айналды.
Республикада университеттік білімі бар мамандар даярлауды кеңейту мақсатында 1972 жылы Қарағанды педагогикалық институтының базасында Қарағанды мемлекеттік университеті ашылды. Үкімет қаулысында университетті Алматы және республиканың басқа да жоғары оқу орындары негізінде ғылыми-педагогикалық кадрлармен толықтыру жөніндегі шаралар белгіленіп, материалдық-техникалық базаны нығайтуға қаражат көзделді, сондай-ақ жаңа университеттік корпустар мен жатақханалар, оқытушылар үшін тұрғын үй салуға рұқсат етілді. Университеттің тұңғыш ректоры болып академик Е.Бөкетов тағайындалды. Айналасына нұрын шашқан нар тұлға, көп қырлы талант иесі – жалпыға танылған химия және халькогендер технологиясы ғылыми мектебінің негізін қалаушы, КСРО Жазушылар одағының мүшесі, педагог университетке басшы болған жылдарында ұйымдастырушы ретінде өзінің таланты мен қарым-қабілетінің арқасында оқу орнын өрге сүйреді.
Университеттің алғашқы жылдарында ауыртпашылықтар көп болды. Барлық мамандықтардағы студенттерді оқытуды университеттің оқу жоспарларына көшіру, оқу бағдарламаларын әдебиеттермен қамтамасыз ету, тиісті материалдық-техникалық база құру қажет болды. Университеттің тұңғыш ректоры Е.Бөкетовтің айрықша талантының арқасында жоғары оқу орны қысқа мерзімде өңірдің жетекші оқу-әдістемелік және ғылыми орталығына айналды. Жаңа факультеттер мен кафедралар ашылып, еліміздің түпкір-түпкірінен жас кәсіби мамандар шақырылды, ғылымды дамыту үшін қажетті жағдайлар жасалды. Оңтүстік-Шығыс тұрғын үй алабының аумағында университет қалашығының сәулет нысандары бой көтере бастады. Университеттің алғашқы ректоры, академик Е.Бөкетовтің тарихи рөлін ескере отырып, 1991 жылы ҚарМУ-ға оның есімі берілді.
Одан кейінгі онжылдықтарда да университет белсенді дамып, Орталық Қазақстан ғана емес, бүкіл республикадан келген таланттарды түлеткен маңызды орталық ретінде танылды. Осы жылдары факультеттер мен кафедралардың саны ұлғайып, сұранысқа ие жаңа білім беру бағдарламалары енгізілді, ғылым докторлары мен кандидаттарының саны артты. Университетке бөлінген 65 гектар жер учаскесінде жаңа оқу-зертханалық корпустар, студенттік жатақханалар құрылысы белсенді жүргізілді, студенттер сарайы, спорт кешендері, санаторий-профилакторий және тағы басқа да нысандар салынды.
1996 жылы университет құрамына құрылуы мен дамуында оның ректоры, ҚР білім беру ісінің еңбек сіңірген қызметкері С.Досмағанбетов ерекше рөл атқарған Қарағанды педагогикалық институты кірді. Педагогикалық институттың қосылуы ҚарМУ-дың еліміздегі іргелі білім беру және ғылыми орталық ретіндегі ұстанымын едәуір нығайта түсті. Мамандар даярлау тізбесі педагогикалық мамандықтармен кеңейтілді, студенттер мен оқытушылар саны артты, жаңа факультеттер мен кафедралар пайда болды, жоғары оқу орнының жалпы ауданы 50 мың шаршы метрден асатын аумақты құрады.
Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдықтарында Қазақстанның білім беру жүйесі реформалаудың бірнеше кезеңінен өтті. Осы бір күрделі кезеңде ҚарМУ ғылыми-білім беру әлеуетін сақтап қана қоймай, өзінің қызмет ауқымын кеңейтті. Университет халықаралық стандарттардың талаптарына сәйкес ұлттық білім беру моделін қалыптастыруда көшбасшылардың бірі болды. Ұжым белсенді түрде ғылыми және шығармашылық жұмыстарын жалғастырды.
Елу жылдан аса тарихында университет еліміз үшін 130 мыңнан астам жоғары білікті мамандар даярлады. Университет қабырғасынан арасында қоғам және саяси қайраткерлер, генералдар, кәсіпорын басшылары, ғалымдар, танымал педагогтар, инженерлер, шығармашылық зиялы қауым өкілдері бар белгілі тұлғалар түлеп шықты.
2024 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетіне зерттеу университеті мәртебесі берілді және жоғары оқу орнының 2024-2028 жылдарға арналған даму бағдарламасы бекітілді. Бағдарламаның мақсаты – Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетін зерттеу университетіне айналдыру. Ол үшін жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің барлық деңгейлерінде ғылыми қызмет пен білім беру процесінің интеграциясы жүргізілуде, іргелі және қолданбалы ғылым саласындағы жобалар іске асырылуда, ғалымдардың ғылыми-зерттеу қызметінің нәтижелерін енгізу арқылы университеттің өңір экономикасына қосатын үлесі артып келеді.
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің даму бағдарламасының мақсатты ұстанымдарына қол жеткізу үшін келесі стратегиялық бағыттар бойынша іс-шаралар өткізу жоспарлануда:
1) менеджментте тәжірибе алмасу, білім беруді интернационалдандыру, ғылыми ынтымақтастық және инновациялық салаларда бірлескен жобалар құру үшін отандық және шетелдік зерттеу университеттерімен коллаборация;
2) прогрессивті идеялардың, заманауи технологиялардың қоғам мен өңір өнеркәсібіне әсерін кеңейту мақсатында өңірлік қоғамдастықпен, үкіметтік емес ұйымдармен, жергілікті атқарушы органдармен және басқа да стейкхолдерлермен интеграция және өзара іс-қимыл;
3) орнықты даму, «жасыл» технологиялар, жасанды интеллектіні дамыту, қоғамды және қоршаған әлемді цифрландыру жағдайында адамның әлеуметтік бейімделуі бағытында іргелі және қолданбалы жобаларды іске асыру;
4) білім алушыларда патриотизмді, діни, этносаралық және конфессияаралық толеранттылықты, орнықты даму мақсаттарына бейілділікті қалыптастыру және дамыту үшін шаралар қабылдау және іс-шаралар ұйымдастыру;
5) түлектердің ғылымның қазіргі деңгейін көрсететін іргелі білімді игеруіне және оларда hard-, soft- және digital skills, шығармашылық дағдылар мен кәсіпкерлік қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған білім берудің барлық деңгейлерін дамыту;
6) цифрлық білім беру ортасын жетілдіру және әлемдік озық практикалар мысалында білім беру экожүйесін құру;
7) талапкерлерді іріктеу жүйесін жетілдіру және студенттерді, магистранттарды, докторанттарды қабылдау географиясын кеңейту;
8) академиялық ортаны, университеттің білім беру бағдарламаларын басқару жүйесін пәнаралық және транспәндік оқыту тәсілдерін құру арқылы, оның ішінде республиканың және шетелдің басқа да университеттері мен ғылыми-зерттеу университеттерінің мамандарын тарта отырып трансформациялау;
9) жоғары оқу орнының заманауи инфрақұрылымын құру, материалдық-техникалық және зертханалық кешенді жаңғырту.
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің даму үшін елеулі әлеуеті бар. Бұған дәлел ретінде 70 гектардан астам аумақта орналасқан өзінің дербес кампусы (11 оқу корусы, 7 жатақхана, студенттер сарайы, бірнеше стадиондар мен спорт алаңдары) бар санаулы өңірлік жоғары оқу орындарының бірі екенін және университет аумағының 60%-дан астамына құрылыс жүргізілмегенін айта кетуіміз керек.
Соңғы жылдары жоғары оқу орнының шағын бюджетіне қарамастан, университет өз қаражаты есебінен «Akylbaev Research Center» технопаркін (ауданы 2000 ш.м.), инновациялық термос-жылыжай (ауданы 250 ш.м.) салды, дендросаябақ (ауданы 1,6 га) құрды, 132 орындық жатақханадағы денсаулық сақтау пунктінің ғимаратына реконструкциялау жүргізді, 500 орындық жаңа 9 қабатты жатақхананың құрылысын тәмамдауға жақын.
Университеттің 2024-2028 жылдарға арналған даму бағдарламасын одан әрі іске асыру аясында ауданы 10 мың шаршы метрден асатын химия факультетінің оқу-зертханалық корпусының құрылысы (іске асыру кезеңі: 2026-2028 жж.), «Баламалы энергетика» полигонының құрылысы (іске асыру кезеңі: 2025-2026 жж.) спорт алаңдары мен әкімшілік-тұрмыстық кешені бар далалық ашық стадион құрылысы (іске асыру кезеңі: 2025-2026 жж.) жоспарлануда, сондай-ақ жаратылыстану-ғылыми бейіндегі ғылыми орталықтар мен факультеттерді материалдық-техникалық жарақтандыру мақсатында зертханалық жабдықтар сатып алу көзделіп отыр. Бекітілген Бағдарламаға сәйкес қаржыландыру көзі – тартылған бюджеттік инвестициялар және жоғары оқу орнының меншікті қаражаты.
Мақалаға материал дайындау қарсаңында университеттің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға, жастарды тәрбиелеуге қосқан үлесін, зор әлеуетін, ғалымдар іске асырып жатқан ғылыми жобаларды және бағдарламаны ескере отырып, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетіне айрықша мәртебе – Ұлттық университет мәртебесін беру туралы бастама жасаған болатын. Бұл бастаманы Үкімет қолдап, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев мақұлдады («Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына ерекше мәртебе беру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің N 648 Жарлығы.).
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті ұлттық университет мәртебесін алған алғашқы өңірлік жоғары оқу орны болды. Бұл жаңалық ел арасына тез тарап, университеттің сан мыңдаған ұжымының мақтаныш сезімін тудырды, ардагерлеріміздің қосқан үлесі мен еңбегі ақталып, Қазақстанның әр өңірінде және шетелде жұмыс істейтін мыңдаған түлектерді бақытқа бөледі. Көп жылдар бойы бар күш-жігерін біздің университетке жұмсаған барлық адам: «Біз асыл мұратымызға жеттік!», біздің университет – Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті Ұлттық Зерттеу университетіне айналды, – деп мақтанышпен айта алады.
Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ,
Академик Е.Бөкетов атындағы
Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры,
ҚР Президенті жанындағы ҰҒА академигі,
заң ғылымдарының докторы