Асыл мұраның алтын ұясы
Ботақара кентіндегі ЮНЕСКО клубына кіретін «Руханият» қосымша білім беру орталығында ашылғанына 10 жыл толған Бұқар жырау атындағы жыршы-жыраулар сыныбының мерейтойы аталып өтті.
Бұл сыныптың ашылуына осы өңірдің тумасы, белгілі айтыскер ақын, облыстық мәслихаттың депутаты Айтбай Жұмағұл мұрындық болған еді. Содан бергі уақытта бұдан танымал айтыс ақыны Дидар Қамидың жетекшілігімен жүзге тарта шәкірт түлеп ұшқан. Олардың арасында ұлтымыздың айтыс өнері мен жыршы-жыраулық дәстүрін ел арасында дамытып, жандандырып жүрген Ұланғасыр Қами, Нұрлыбек Төкенов, Жанарыс Тілеубек, Әлихан Ерғали сынды жас берендер бар.
Мерейтой салтанатына республикаға аты мәлім жыршы-термеші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ өнер университетінің профессоры Алмас Алматов бастаған айтыс ақындары, «Алтын домбыра» иегері Мақсат Ақанов пен Тілеген Әділов, облыстың білім беру басқармасы басшысының кеңесшісі Сәбит Қонтаев, Тәттімбет атындағы өнер колледжінің директоры Бауыржан Ермұхамбет, Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматы, осы ауданның мәдениет саласын 30 жыл басқарған Мүгілсім Шибаева және Дидардың анасы Жанат арнайы келді.
Қонақтар әуелі «Руханият» орталығындағы жыршы-жыраулар сыныбымен танысып, оның ауласына ағаш көшеттерін отырғызып, одан әрі мереке қызығы аудандық Мәдениет үйіне ойысты. Мұнда аталған орталықтың бейнелеу өнері сыныбының оқытушысы Амантай Ақышевтің жеке көрмесі көрсетіліп, сахна төрінен Мақсат Ақанов тойға арнау айтып, Алмас Алматов ізгі лебізін білдіріп, талапты жас өрендерге ақ батасын берді. Ал, құттықтау сөз сөйлеген Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайын Алмас ағамызға жағалы тон кигізіп, Дидардың анасы Жанатқа орамал жапты.
Бұдан кейін осы өнер сыныбының оқушылары Бұқар жыраудың толғауларын алма-кезек төкпелеп, қазақ жыр-дастандарын толғады. Әсіресе, Виктория Аленинаның «Шанышқылы Бердіқожа батыр» дастанынан ұзақ үзіндіні жырлағаны, осы сынып түлектері Нұрәлі Ботбай мен Ұланғасыр айтқан Бұқарекең жырлары көпшіліктің көңілінен шықты. Ақжан Шыныбек те Бұқар бабамыздың бір толғауын қобызбен күңіренте жеткізіп, елдің ықыласына бөленді. Соңында әншілігімен де көзге түсіп жүрген Ұланғасыр Қами осы күні хитқа айналған «Балқия» әнін тамылжыта шырқап, Дидар Қами шәкірттері Нұрлыбек Төкенов, Әлихан Ерғалимен айтыс жасады.
Қазірде «Руханият» орталығындағы бұл сынып қанатын кеңге жайып, оның аудан ауылдары мектептерінде 7 бөлімшесі бар. Осындай төл өнерімізді өрге сүйреп жүрген өнерпаз өрендеріміз тұрғанда, жыршы-жыраулық дәстүріміз жалғаса бермек.
Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Бұқар жырау ауданы
Суреттерді түсірген Жанұзақ Мәкішев