Асыл мұраға қамқорлық
Ақтоғай ауданындағы Бектау-Ата – туристер көп баратын мекен. Десек те, кейінгі кезде киелі мекенге барғандар Бектау-Ата жартастарына түрлі жазулар жазып кететіні жиілеген. Осыған орай, Балқаш қаласының жастарынан құралған ерікті топ жартастардағы 10-ға жуық жазуды өшірді.
– Біз 10-ға жуық жазуды алып тастадық. Жұмыс оңай емес. Жартастарды тазарту үшін ескі бояуға арналған еріткіш, қатты щеткалар, су мен күш-жігер қажет, – деді Балқаш қаласының Жастар ресурстық орталығының басшысы Ирина Федорова.
Қарағанды облысы волонтерлерінің фронт-кеңсесі және Балқаш қаласы волонтерлерінің штабы «Birgemiz: asyl mura» шағын грантын іске асыру жөніндегі іс-шараларды қолдайды. 2021 жылдан бастап еріктілер Қарқаралы ауданындағы Шайтанкөлдің маңындағы аумақ пен Үш үңгірді тазартуға қатысқан болатын.
– «Өз елімізде із қалдырмай Sayahattime» жобасы аясында 2021 жылдан бастап жыл сайын вандалдардың жазуларынан жартастарды тазарту жұмыстары жүргізілуде. Өткен демалыс күндері біз Бектау-Ата тау жыныстарын тазарттық. Бұл акцияға Балқаштан 20 ерікті қатысты, – дейді «Вirgemiz: asyl mura» шағын грант жетекшісі Жанарай Санақбай.
Олар мұндай іс-шараларды тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр.
Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz