Аймақта спорт шебері Мырзамұрат Қайыпбековтің құрметіне арналған асық атудан республикалық турнир өтті
Елордада асық атудан Қазақстанның еңбек сіңірген спортшысы, әлем және Азия чемпионы, ҚР спорт шебері Мырзамұрат Қайыпбековтің құрметіне арналған асық атудан республикалық турнир өтті. Дүбірлі додаға еліміздің түпкір-түпкірінен 67 спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады. Байрақты бәсекеде облыс намысын қорғаған жерлесіміз Мейір Рахымжан да бар. Ол турнир барысында қарсылас шақ келтірмей, жеңіс тұғырынан көрінді.
Аталған турнирде облыс намысын Шет ауданына қарасты Ақжал кентінің спортшылары қорғады. Солардың қатарында өнер көрсеткен Мейір Рахымжан мергендігімен көзге түскен. Тартысты бәсекеде қарсыластарына дес бермей, алтын жүлдемен оралды.
– Жарысқа еліміздің әр өңірінен мықты спортшылар жиналды. Қарағанды облысынан төрт спортшы қатыстық. Басты мақсат – жеңіспен оралу. Бүгінде асық ату ел көлемінде қарқынды дамып келеді. Бала кезімізде аулада асық ойнап өскенбіз. Бүгінде бұл өнер кәсіби спорт түріне айналды. 2022 жылы облыстық жарыста жеңімпаз атанып, кейін Қостанайда өткен республикалық турнирде жүлделі орынға ие болдым. Осы нәтижелердің арқасында спорт шеберлігіне кандидат нормативін орындадым, – деді Мейір Рахымжан.
Асық ату – тек дәстүрлі ойын емес, дене төзімділігін, мергенділікті, ептілік пен жылдамдықты дамытатын спорт түрі. Ал, дәл осы спорттың ел көлемінде қарқынды дамып келе жатқандығы көңіл қуантады.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



