Асықтан панно жасады
Б.АМАЛБЕКОВ атындағы жалпы білім беретін мектеп оқушыларының ұлттық спорт түріне қызығушылығы жоғары. Оқушылар асық жинап, қолөнер бұйымдарын жасауда белсенділік танытты.
Осы ретте мектептің бастауыш сынып мұғалімі Қарлығаш Қылышқызы және 4 «А» сынып оқушысы Әділет Мұқтаров Тәуелсіздікке арнап «Бәйтерек» монументін құрастырды. Қолөнер құрастыруға 600 асық жұмсады.
Жалпы, қазақта пәле-жаладан аулақ, шымыр әрі қайратты болсын деп ұл баланың бесігінің басына бөрінің асығын іледі. Ал, қыз баланың бесігіне еліктің асығын лағылдай сұлу, көрікті болсын деп ырымдап таққан дейді. Асықтың балалардың денсаулығына тигізетін әсері туралы көп мәліметтер бар.
Ал, асықтан панно жасау – Әділеттің ойында жүрген. Өткен ел егемендігі мерекесі қарсаңында осы ойы жүзеге асты. Атасы оған «асықтай шымыр бол» деп барған жерінен асық әкеліп жүреді екен. Қазір оның қоржынында 1600 асық бар. Ол алдағы уақытта да асық жинауды жалғастыратынын айтады.
Бағила ЫСҚАҚОВА.