Асық ойнаған озады
Бүгінде өңірде асық ату ұлттық ойыны дамып келеді. Оған қызығушылық танытып жүрген жасөспірімдердің қатары күн санап артып келеді. Осы мақсатта Қарағандыда 2010-2012 жылдары туған жасөспірімдер арасында облыстық чемпионат өтті. Оған өңірден 50-ге жуық спортшысы қатысып, өзара мықтыны анықтады. Турнирдің жеңімпаздары ел чемпионатына жолдама иеленді.

Қарсыластар жеребе арқылы анықталды. Ойын ережесіне сәйкес, шеңбердің ішіне 15 асық қойылған. Жеңімпаз атану үшін әр ойыншы осы асықтардың сегізін жинауы тиіс. Ойыншылар шеңбердің сыртында сызылған сызықтан тұрады да, ортадағы асықты көздейді. Асықты шеңберден шығарса, ойыншы бір ұпайға ие болады. Содан кейін шеңбердің сызығынан тұрып ойын жалғасады. Егер, көздегенің қисық кетсе немесе ортадағы асық шеңбер сызығынан әрі аспаса, кезек автоматты түрде қарсыласқа өтеді. Ойын осылайша асықтар түгел жиналғанша, әрі ұпай саны анықталғанша жалғасады.
Қарсыластар жеребе арқылы анықталған. Ойын ережесіне сәйкес шеңбер ішіне 15 асық тізіледі. Әр ойыншы соның сегізін жинаса, жеңімпаз атанады. Әр қатысушы шеңбердің сыртында сызылған сызықтан тұрып, шеңбер ортасындағы асықты көздейді. Ортадағы асықты шеңберден шығарса – бір ұпай. Содан соң шеңбер сызығында тұрып атады. Егер, көздегені қисық кетсе, кезек қарсыласқа өтеді. Шеңбер сыртындағы сызықтан тұрып атқан асығы тізілген асыққа тимесе, онда ойын әрі қарай жалғаса береді. Әр жұп үш ойыннан ойнайды. Егер бір спортшы екі ойында жеңіске жетсе, жеңіс автоматты түрде сол спортшының еншісінде қалады.
Бұқар жырау ауданынан жарысқа жалпы саны 16 спортшы келген. Үміткер ауылының асық ату спортының жаттықтырушысы Жеңіс Үмітпаев болса, тоғыз шәкіртін додаға қосыпты. Нәтижесінде, Мұхамедәли Аманбай – І орын, Нұрислам Каиупов – ІІІ орын еншілеп, олжалы қайтты. Жеңіс Үмітпаев жаттықтырушылық қызметін осыдан төрт жыл бұрын бастаған. Соған қарамастан осы қысқа мерзім ішінде оның шәкірттері бірнеше рет ел чемпионатына қатысып, жоғары нәтижелерге қол жеткізіпті.
– Ел чемпионатына бірнеше шәкіртім қатысты. Өкінішке қарай, әзірге жүлдегерлер қатарынан көріне алмай келеміз. Балаларыма дайындық пен тәжірибе жетіспей тұр. Қазіргі таңда ауылда жаттығуға қажетті құрал-жабдықтар жеткіліксіз. Мысалы, Мұхамедәли – облыс чемпионы. Әрі былтыр Шымкентте өткен ел чемпионатының қатысушысы. Ал, Нұрислам осы спортқа небәрі жарты жыл бұрын келген. Бұл – оның алғашқы үлкен турнирі. Десе де, өз құлшынысы мен тұрақты жаттығуының арқасында алғашқы жүлдесін еншілеп отыр. Ойыншылардың осалы жоқ. Барлығы жоғары дайындықпен келген. Алдағы уақытта ауылда мектеп спортзалын пайдаланып, асық ату үйірмесін ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Арнайы асықтар мен кілемді де сатып аламыз. Енді, келешекте біздің ауылдан жаңа чемпиондар шығады, – деді жаттықтырушы.
Шет ауданына қарасты Ақжал кентінде асық ату үйірмесі қаңтардан бері жұмыс істейді. Қазіргі таңда үйірмеге қатысушылар саны 50-ден асыпты. Облыстық немесе түрлі деңгейдегі турнирлерге үйірме оқушылары алдын ала іріктеу кезеңінен өтетін көрінеді. Одан үздік танылған 5-6 спортшы ғана жарысқа қатысуға жолдама алады. Бұл турнирге Ақжалдан алты бала қатысқан. Солардың ішінде Әділет Дүйсенбаев ақтық кезеңге жолдама алып, ІІ орыннан көрінді.
– Чемпионат өте тартысты әрі жоғары деңгейде өтті. Қарсыластар осал емес. Жаттықтырушымның айтқанымен жұмыс істеп, ақтық кезеңге дейін жолдама алдым. Өкінішке қарай, бұл жолы алтын ала алмадым. Ақтық кезеңдегі қарсыласым маған қарағанда әлдеқайда тәжірибелі. Алдағы уақытта жаттығуға ден қойып, бұдан да ірі турнирлерде жеңіске жететін боламын, – деді Әділет Дүйсенбаев.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



