Басты тақырып

Асық

Қазақтың «асық» деген сөзінде екі мағына бар. Бірі – зат есім, бірі – етістік.

Қойдың кәдімгі асығымен ойнамаған бала жоқ шығар. Жер қарая бастасымен бала атаулы күнес іздейді. Үйдің немесе қораның күн жағы тез кебеді. Ықылым заманнан келе жатқан ойын. Ересектер де ермек қылады. Әсіресе қыстың ұзақ күндерінде. Сонымен жазда асықты атып ойнайды, қыста жатып ойнайды. Атып ойнайтыны – үш табан және басқа түрлері. Жатып ойнайтыны – хан талапай, төрт құмар және басқалары. Көшпенділер ер баланы бес жасында тоқымқағарын жасап, ат жалына мінгізеді. Ептілікке, мергендікке, ерлікке баулиды. Бала мергендікті меңгеруді асық атудан бастайды. Садақ алып, адырнаны шірене тартқан бабалар заманына бойламай-ақ екінші дүние- жүзілік соғыстағы қазақтардың арасында сұрмергендер көп болуы осы сөзімізге дәлел. Қазақтардың алдына якуттар ғана түсіпті. Олар шетінен аңшы. Тиінді тек көзінен атады екен. Терісі бүлінбесін деп. Қазақтар құралайды көзінен атқан. Үшінші орынды башқұрттар алыпты сол соғыста. Үшеуі де Көк Түркінің тамырынан тараған ұлттар.

Ал «асық» сөзінің екінші мағынасы басқа жотаға тартады. Үлкендер «асықпа-аптықпа» деп ескертіп отыратын. Жай уақытта үйге шауып келуге болмайды. Қазада ғана ат жалына құлап, шауып келуге болады. Ырым. Қазақ үш шаруаны тезірек тиянақтағанды жөн көреді. «Жол мұраты – жету, қыз мұраты – кету, дау мұраты – біту». Оның өзінде қатты асықпаған. «От ала келдің бе?» деп айтатыны содан. Бүгін жол мұратына жету үшін шетелдік автокөлікпен екінің бірі желдей есіп, жұлдыздай ағатын болды. Содан бірталайы желге ұшып, жұлдыздай ерте сөніп жатыр. 2016 жылы біздің облыста 797 жол көлік апаты болып, 150 адам қайтыс болса, 972-сі жарақат алған. Нағыз тепсе темір үзетін, еліне, жеріне, отбасына қорған болатын жастардың жазым болуы орны толмас қасірет. Алматы мен Астана күре жолының екі қапталы ескерткіш белгіге толып барады.

Әйгілі жазушы ағатайым: «өзіне жаны ашымаған адам, ұлтына да жаны ашымайды» деген еді. Рас қой. Қайда асығатынын, неге асығатынын түсіндіру қиын. Бұрын үлкендер баратын жеріне ерте қамданатын. Содан оқыс ештеңеге ұрынбай, аман-есен отбасына оралатын. «Асықпаған арбамен қоян алады» деп бекер айтылмаған.

«Асыққан – шайтанның ісі» деген бабаларымыз. Қазір түлен (шайтанның екінші аты) түрткендер көбейіп бара жатқан сияқты.

Мағауия СЕМБАЙ

Басқа материалдар

Бір пікір

  1. Мағаш “асық” сөзінің тағы үшінші мағынасы бар, “ғашық” дегенді білдіреді. Қыз-келіншектердің “асықпын”, “асығым” дейтін сөзі бар. “Ашуқ” деген сөз түріктерде де де бар.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button