Осакаров

Астықты алқаптың астатөк тойы

Дала күні мерекесі биыл Осакаров ауданында, «Найдоровское» ЖШС алқаптарында тойланды. Дәстүрлі шараға еліміздің түпкір-түпкірімен қатар, Ресей, Белорусь, Австрия, Швейцария, Германия және АҚШтан келген 300-ден астам қонақ қатысты. Дала күні мерекесі биыл Осакаров ауданында, «Найдоровское» ЖШС алқаптарында тойланды. Дәстүрлі шараға еліміздің түпкір-түпкірімен қатар, Ресей, Белорусь, Австрия, Швейцария, Германия және АҚШтан келген 300-ден астам қонақ қатысты.

Мереке құрметіне орай, ауыл шаруашылығы техникаларының байқауы, «Найдоровское» ЖШС алқаптарына арнайы сапар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, шара қонақтарына сыйлықтар үлестіріліп, ауыл шаруашылығы техникалары мен тыңайтқыштарын өндірушілердің көрмесі көрерменнің көзайымына айналды. Аймақтың өнерпаздары ән-жырдан шашу шашты.

Биылғы Дала күні цифрландыру мәселесі мен егін шаруашылығы бағдарламасын қамтыды. Бағдарлама ғалымдардың әр гектар жерден сынама алып, қажетті тыңайтқыш мөлшерін анықтауы мен дақылдардың өнімділігін зерттеуі нәтижесі арқылы құрылған. Мамандардың айтуынша, егін шаруашылығының мұндай тәсілінде әуеден суреттер жасайтын дрондар, алқаптардың ғарыштық фотосуреттерін жіберетін жерсеріктер, ауа температурасы мен желдің жылдамдығын, топырақтың температурасы мен ылғалдылығын өлшейтін метеостанциялар қолданылады. Осының барлығы өсімдіктердің дертке шалдыққанын, арамшөптердің өсуі мен оған қарсы шараларды дер кезінде қолдануға мүмкіндік береді.

– Бұрындары 75 гектар жер учаскесінен бір сынама алынып, сол бойынша қорытынды жасалатын. Егін шаруашылығының дәл нормаларына сай, сынама жарты немесе бір гектар жерден алынады. Биыл цифрландыру бағдарламасы аясындағы пилоттық режим төрт облыстың тоғыз шаруа қожалығында енгізілуде. Біз «Найдоровское» алқаптарынан сынама алып, алқаптың 90%-ына жуығында азот секілді элементтер бар екенін анықтадық. Компания басшылығы біздің ұйғарымды ескеріп, ұсынысты қолға алды. Енді, оның нәтижесі көзге көрініп тұр, эксперименттік алқаптарда бидай анағұрлым бітік шығып, әр гектардан 40 центнерден өнім алынады деген болжам бар, – дейді С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті техникалық факультетінің деканы Саяхат Нөкешев.

Шаруалар егін шаруашылығындағы жаңа бастамаға дән риза. Олар өнім көлемін артық шығынсыз-ақ арттыруға болатынын түсінген. Мәселен, тыңайтқыштарды бірнеше есе көбірек қолдану керек, алайда егін шаруашылығына қажетті химиялық заттарды сатып алуға мемлекет 50% субсидия береді.

Дегенмен, тақырып төңірегінде проблема да жоқ емес. Егістіктің топырағы тығыз болғандықтан, тыңайтқыш сеппес бұрын жерді жыртып, қопсыту қажет. Мұның сыртында уақыт пен қаражаттың шығыны сияқты мәселе қылтияды. Осыған орай, агротехникалық университетте тракторға тіркелетін арнайы жыртып, қопсыту құрылғысы әзірленген. Ол бір мезетте алқапқа тыңайтқыш сеуіп отыруға да мүмкіндік береді екен.

– Біз 50 гектар жерді дәл егін шаруашылығына бөлдік. Өлшеулер мен сараптамалар цифрландыру бағдарламасы аясында тегін жүзеге асты. Сондай-ақ, алқаптарға топырақтың температурасы мен ылғалдылығын көрсетіп тұратын үш метеостанция орнатылды. Аталмыш алқаптан 40 центнерден өнім алсақ, өзге алқаптардан 20-25 центнерден өнім жинаймыз деп күтілуде, – дейді «Найдоровское» ЖШС директоры Павел Лущак.

«Найдоровское» ЖШС сәуір айында органикалық егін шаруашылығын сертификаттау ісін де қолға алған. Бастама осы жерде өсірілген бидайды және басқа да дақылдарды Еуропаға және АҚШ-қа экспорттауға мүмкіндік береді.

– Толығымен сертификаттау процесі үш жылға созылады. Талаптары өте қатаң: органикалық егін шаруашылығында кез келген тыңайтқышты қолдануға тыйым салынады, жерді улауға немесе тұқымға дәрі себуге болмайды. Қоймаларды сырлауға немесе ондағы кеміргіштерді улауға рұқсат етілмейді. Тіпті, егін егу кешендері, комбайндар және тасымалдауға арналған көліктер де бөлек болуы тиіс. Себебі, органикалық түрде өсірілген өнім, тыңайтылған жерде өскен дақылдармен араласып кетпеуі керек. Біз бұл бағытты цифрландыру бағдарламасы және дәл егін шаруашылығымен бірге жүзеге асырып келеміз, – дейді Павел Лущак.

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button