АймақБас тақырыпҚарағанды

Қастерлі сала майталмандарына құрмет

Мәдениеттен ұлттың болмысы, дүниетанымы, қадір-қасиеті көрінеді. Сол себепті де саналы, келешекке сеніммен қараған ұлыс мәдениеті мен өнерін қастерлейді, аялайды, қорғайды. 21 мамыр – мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында өңірдегі өнерпаздар мен сала қызметкерлеріне облыс әкімінің сыйлығы табысталды. Бұл – еңбек еленіп, құрметке бөленетін күн.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Салтанатты жиынды облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев құттықтау сөзімен бастады. Аймақ басшысы халық үшін мәдениет пен өнердің атқарар зор миссиясына тоқталды.

 

– Сіздерді 21 мамыр – өнер және мәдениет қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мәдениет – ел руханиятының өзегі, ұлттың өткені мен бүгінін сабақтастырып, келешекке бағыт беретін асыл құндылықтардың бірі. Сіздердің халық игілігі үшін атқарып жатқан елеулі еңбектеріңіз өңіріміздің дамуына зор септігін тигізуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Мәдениет – қоғам дамуының негізгі тіректерінің бірі. Сондықтан бұл саланы дамыту — мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болуы тиіс» деп атап өткен еді. Бұл сөздер сіздердің еңбектеріңіздің ел дамуындағы орнын анық көрсетеді.Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойы аясында өтіп жатқан бұл шара – мәдениетіміздің терең тамыры мен биік болашағын айқындайтын маңызды оқиға. Хакім Абай: «Толық адам болу үшін білім мен мәдениет қажет» деп, адамзаттың рухани дамуына жол көрсеткен. Ел ішіндегі «Өнерлі ел – өрелі ел» деген дана сөздер бекер айтылмаған. Қарағанды облысында 7 мыңнан астам мәдениет қызметкері еңбек етуде.Еңбектеріңізге табыс, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін! – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

 Аймақ басшысы мәдениет пен өнер саласына жасалып жатқан қолдау туралы да айтты. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде 2022 жылдан 2025 жылға дейін еңбекақы төлеу қоры 100% -ға ұлғайтылғанын тілге тиек етті. Жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын лауазымдық айлықақыларға қосымша 30% мөлшерінде ынталандырушы үстемеақылар енгізілгенін атап өтті. Сала қызметкерлері баспанамен де қамтамасыз етіліп жатыр. Мәселен, Доскей ауылында 40 пәтер берілген. Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің қызметкерлері үшін 19 пәтерлік жатақхана қайта жаңартылуда. «Шалқыма» концерт залы, Станиславский атындағы орыс драма театры, цирк ғимараты сияқты нысандарды қайта жаңарту жоспарға енгізіліпті. Қарағанды қаласында 1500 орындық концерт залы құрылысының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Бұл – Арқаның өнер сүйген жұрты үшін сүйінші жаңалық. Өйткен, осы мәселе бірнеше жылдың көлемінде көтеріліп келе жатқан еді.

Облысымыздағы ауылдық елді мекендерде 175 мәдениет үйі бар. Биыл Бұқар жырау ауданындағы Доскей ауылының мәдениет үйі ашылды. Сондай-ақ, жақында Үштөбе және Көкпекті ауылдарының клубтары халық үшін есігін айқара ашпақ.

Ермағанбет Бөлекпаев Қарағандының аспанын домбыраның үніне бөлеген халықаралық «Ортеке» фестиальі ЮНЕСКО-ның «Материалдық емес мәдени мұра» бағдарламасының пилоттық жобасына еніп, халықаралық деңгейде мойындалғаны – өңір үшін зор мақтаныш екенін айтты. Сонымен қатар, Алаштың ақиық ақыны, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Серік Ақсұңқарұлының 75 жас мерейтойына орай ұйымдастырылған шығармашылық кеш – Қарағандының беделін одан әрі арттырғанын да айтты.

Биыл өңірдегі мәдениет пен өнердің дамуына үлес қосып жүрген сала майталмандарына берілер қаржылай сыйлықтың мөлшері ұлғайтылған.

Марапаттау рәсіміне мереке қарсаңында «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алған Әсет Әбілдин арнайы қатысты. Облыс әкімі атақтың жаңа иесін жұрттың алдында құттықтады.
«Құрмет» орденімен Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының әртісі – Бойко Александр Павлович марапатталды.

«Жыл әртісі» номинациясы Сәкен Сейфуллин атындағы Академиялық қазақ драма театрының жоғары санаттағы әртісі Бауыржан Нұрмағанбетов пен К. Станиславский атындағы облыстық орыс театрының жоғары санатты актрисасы Светлана Федоренкоға табысталды.

«Жылдың классика жанрының вокалисі» номинациясы Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестігі «Арай» ансамблінің әртісі Рысты Рахымжанға берілді. «Үздік халық әндерін орындаушысы» номинациясына Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестігі басшысының орынбасары Сержан Мұсайын лайық деп танылды.

«Эстрадалық жанрдың үздік вокалисті» номинациясының сыйлығын Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің «Мерей» ансамблінің әртіс-вокалисті Әсел Қарабаева иеленді.

«Үздік айтыскер» номинациясы бойынша айтыскер ақын «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының мүшесі» Еркеғали Бекболат топ жарды. «Жылдың үздік инструменталисті» номинациясында Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестігінің Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптарының оркестрінің әртісі Қайрат Омаровтың жұлдызы жарық болды.

«Жылдың үздік инструменталисті» номинациясының сыйлығы Академиялық музыкалық комедия театрының концертмейстері Жанна Шестаковаға берілді.

«Жылдың үздік жеке аспапта орындаушысы» аталымы бойынша Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің «Арқа сазы» фольклорлық ансамбілінің әртісі Арман Айнабаев, «Жыл хореографы» номинациясы бойынша Теміртау мәдениет сарайының «Глория» үлгілі хореографиялық ансамблінің жетекшісі Светлана Харченко марапатталады. «Балет және хореографиялық ұжымының үздік әртісі» номинациясы Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестігі «Аққу» хореографиялық ансамблінің балет әртісі Нұргүл Мустафиноваға берілді.

«Ауыл мәдениетінің үздік қызметкері» номинациясы Нұра ауданының Мәдениет үйінің концертмейстері Амангелді Шахарбаевқа, «Демалыс уақытын үздік ұйымдастырушы» номинациясы Бұқар жырау ауданы, Доскей ауылы клуб-кітапханасының мәдени-ұйымдастырушысы Дариға Биляловаға, «Үздік көркемөнерпаздар ұжымының жетекшісі» номинациясы Кеншілер мәдениет сарайының вокалдық-аспаптық ансамблінің жетекшісі Валерий Роголевқа табысталды.

«Үздік архивист» номинациясында «Бұқар жырау ауданының Мемлекеттік архивінің» бас қор сақтаушысы Әсел Балпанова, «Ауылдың үздік кітапханашысы» номинациясында Абай ауданы, Құрма ауылы кітапханасының кітапханашы Шолпан Қамышева, «Жылдың үздік кітапханашысы» номинациясында Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған облыстық арнайы кітапхананың қызмет көрсету бөлімінің басшысы Айжан Исина үздік болды.

«Алтын жолақ» номинациясының сыйлығына облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, белгілі қаламгер Ерсін Мұсабеков, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ерғанат Кеңесбекұлы лайық деп танылды.

Ерсін Мұсабеков мінберге шығып, әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтай отырып, қазақ халқы үшін мәдениет пен өнердің алар орны турасында ілкімді пікірін айтты.

– Бұл күн тек мәдениет пен өнер саласының қызметкерлеріне ғана қатысты деп айтсақ, қателесеміз. Бұл – өнерді қастерлеген қазақ деген ұлы халықтың мерекесі. Өнеріміз өркендеп, мәдениетіміз көркейсін! – деді Ерсін Мұсабеков.

«Музейдің үздік қызметкері» номинациясының сыйлығын Теміртау қалалық тарихи-өлкетану музейінің экскурсиялық-бұқаралық бөлімінің меңгерушісі Гүлім Сыздықова иеленді.

2025 жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп атаған еді. Осыған орай, биыл «Техникалық қызметтердің үздік қызметкері» аталымы тізімге еніпті. Осы аталымның сыйлығы К.Станиславский атындағы облыстық орыс театрының сахна машинисі Мейрам Аязбаев пен Сәкен Сейфуллин атындағы Академиялық қазақ драма театры ремонт цехінің меңгерушісі Мейірман Абрахмановқа берілді.

Көркемдік-қойылымдық бөлімнің үздік қызметкері» номинациясында Қ. Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің костюм меңгерушісі Алма Құлмағамбетова марапатталады.

«Көркемдік-қойылым бөлімінің үздік қызметкері» номинациясы Академиялық музыкалық комедия театрының ағаш ұстасы Ерлан Молдаәлімге бұйырды.

Облыс әкімінің ең басты сыйлығы – «Мамандығына адалдығы үшін» номинациясы. Бұл сыйлық Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің Еркеғали Рахмадиев атындағы академиялық симфониялық оркестрінің әртісі Жаннета Алдыхановаға табысталды.

Салтанатты шарананың соңында Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің кавалері, Қарағанды облысының Құрметті азаматы, өңірде мәдениет саласының қарыштауына зор үлес қосқан Рымбала Омарбековаға сөз берілді.

– Осы сала қызметкерлерінің, жалпы өнер адамының жаны нәзік келеді. Болмашығы өкпелеп, болмашыға баладай қуанатын ерекше жандар. Өнерпазымызды аялап, мәпелеп жүру керек. Осылай еңбектерін елеп, мәртебесін асырып отырған абзал. Баршаңызды құттықтаймын! – деді Рымбала Омарбекова.

Ерік НАРЫН

Басқа материалдар

Back to top button