Астарында – ақиқат, өзегінде өмір бар
Елімізде кино түсіретін режиссерлер тек Алматы мен Астанада бар деп ойлайтынбыз бұрын. Өңірімізде де жыл сайын қазақ кинематографиясына өнім беріп тұратын кинорежиссер бар. Ол – Қаршыға Иген. Осы уақытқа дейін бүгінгі қоғамның өзекті мәселелерін қозғаған он шақты туындыны көрерменге тарту етті. «Сарыжайлау» кинотеатрында «Көзімнің қарасы» атты жаңа туындының тұсауын кесті. Тұсаукесерге зиялы қауым өкілдері мен кинорежиссердің әр жаңалығын асыға күтетін тұрақты көрермені қатысты.
Бұл – облыстық «Saryarqa» телеарнасының төл туындысы. «Saryarqa» – Қарағандының «Қазақфильмі» болып тұр бұл күнде. Қаршыға Иген туындыларына Сәкен театрының талантты актерлерінен бастап журналистерді, өнерпаздарды экранға шығарып жатыр. Былайша айтқанда, жоқтан бар жасап жатыр жергілікті кинорежиссеріміз. Арқадағы кино саласына қыруар қаражат пен айтарлықтай қолдау жасалмайтынын ескерген жөн.
Жаңа туынды қарапайым отбасының тағдырын баяндайды. Немересін бір көруге зар болған, әйелінің соңынан кеткен жалғыз ұлының қамқорлығына, махаббатына зәру әке жанының қасіретін әңгімелейді. Қарашаңырақта жалғыз күн кешкен Мұқан ақсақал көршінің мылқау баласына қарайласа жүріп, мұң-құсаға батқаны да кеудеңдегі шер-шеменді қотарады. Көршінің баласы да – әке қамқорлығына, тәрбиесіне зәру. Марафина есімді келіншектің күйеуі – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің офицері. Ол диструктивті діни ағым өкілдерін тұтқындауға арналған құпия операцияға кетіп, ұзақ уақыт үйіне оралмайды. Үйдегі адал жар мен әке мейірімін іздеген баланың да жан дүниесін туындыға арқау етіпті. Фильмнің негізгі өзегі – осы. Қоғамның келбетін суреттеу миссиясын атқарып тұрған басқа да сан-қилы тағдыр иелері бар.
Фильмнің сценарийін Назира Өскенбайқызы жазыпты. Редакторы – сот саласының ардагері, публицист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, кеше ғана өмірден озған Жұмағұл Шөженов. Басты рөлде – Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның Халық әртісі, театр актері Кеңес Жұмабеков. Ол кинокартинадағы ақсақалдың тағдырын кешеді. Арқаға белгілі әнші Сейілбек Бохаев ауылдағы учаскелік полиция инспекторының, облыстық «Saryarqa» телеарнасы директорының орынбасары, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы, белгілі тележурналист Жәнібек Садықанов ауыл әкімінің рөлін сомдайды. Театр актері Бауыржан Нұрмағанбетов те осы қатарда. Айнұр Басуева, Зылиха Әбдіхалықова, Балтабай Ақтан есімді азаматтар да өздеріне бекітілген рөлдерді кейіпкер табиғатынан алшақтамай ойнап шыққан. Сонымен қатар, «Руханият» қосымша білім беру орталығы мен Бұқар жырау ауданына қарасты Үштөбе ауылдық-округіндегі орта білім беретін мектептің оқушылары да қатысқан.
– Ұлттық құндылықты дәріптеудің тәсілі көп. Солардың біреуі – кино. Қаршыға Иген әр фильмінде бүгінгі қоғамдағы өзекті тақырыптарды қозғайды. Соған көркемдік деңгейде назар аударады. Меніңше, фильмнің мазмұны өте салмақты, – деді сот саласының ардагері, фильм редакторы, марқұм Жұмағұл Шөженов.
Кеңес Жұмабеков фильмнің сценарийі ұнағанын айтады.– Сценарийі ұнады. Баласын сағынған әке, әкесін сағынған баланың үні бар мұнда. Әкесі баласынан, баласы әкесінен мейірім күткен заман болып тұр. Туынды адам баласының кеудесіне ауадай қажет мейірім мен махаббаттың жырын айтады, – деді Кеңес Жұмабеков.
Премьерада туындыға атсалысқан шығармашылық топ пен актерлерге облыстық «Saryarqa» телеарнасының басшылығы мен «Сарыжайлау» кинотеатрының директоры Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.
«Көзімнің қарасы» алдағы уақытта «Сарыжайлау» кинотеатрында тұрақты көрсетіледі. Сонымен қатар, аудандарға да жол тартпақ.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»
Сурет ұйымдастырушылардан