Астананың салтанатындай…
Қарағандыда Астана күніне орайластырылған дәстүрлі шаралар легі жалғасуда. С.Сейфуллин атындағы театр және Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестік әртістерінің «Айдай сұлу – Астана» мерекелік концерті көрерменін ән мен жырға бөледі.
Мерекелік көңіл күй кеш жүргізушілері сахнаға шығысымен-ақ бірден сезілді. Жұртшылықты кеш жүргізушілерінің киген киімдері де қызықтырғаны байқалды. Жергілікті көрерменді сүйікті әнші-бишілердің өнерінен өзге, Астана күніне орай шынайы шығармашылық тосын сыйлар мен сыйлықтар күтіп тұрды.
Бас дирижер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Игорь Андрейченко тізгіндеген бірлестіктің Джаз оркестрі тыңдарманына әуезді әуен легін паш етсе, StandUp Astana резиденті, YouTube платформасында «Литра» шоу-подкастының авторы және қатысушысы Рустам Әбілдин бастаған cтендап әртістері өнер көрсетті.
Еліміздің бас қаласынан арнайы келген live band Nomad жанды музыкалық тобы сахнаның сәнін келтірді. Қарағандылық «Кәусар» дуэті, шымкенттік «Үш жүз», «Жұмыр қылыш» топтары өз шығармашылығынан көрерменіне ән-жыр тарту етті. Қараңғы түсе сахнаға республикалық деңгейдегі жұлдыздар шыға бастады. Концерттік бағдарлама соңы Қазақстанға кеңінен танымал диджей SET – DJ STYLE, DJ ПЫШКА, 2Rar сынды өнерпаздардың эстрадалық ән кешіне ұласты. Қала тұрғындары мен қонақтары әуезді ән тыңдап, керемет кештің куәсі болып, Астана күні мерекесіне орай өткізілген бұл концерттен ерекше көтеріңкі көңіл күймен тарқады.
Еске салып өтелік, биыл Астананың Қазақстанның бас қаласы ретінде халықаралық аренада таныстырылғанына – 25 жыл. Күні кеше ғана іргетасы берік қаланған Астана ширек ғасыр жасап, бұл дата дүбірлі мерейтойға ұласуда. Десе де, күллі қазақ жұрты, төрткүл әлем бұл жауһар қаланың сәулетіне тамсанып қана қоймай, саяси және идеологиялық маңызын терең түсінеді. Қазір Астана қарқынды дамып, оның халықаралық беделі де арта түсті. Қазақстан астанасы жаһандағы диалог алаңына айналды.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz