Астананың дамуы: әлемді таңқалдырған он жыл

Бауыржан БАЙБЕК,
Мемлекеттік және саяси қайраткер, Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.
Қазақстанның нақ ортасында жаңа елорданы салу бүкіл халқымыздың менталитеті мен дамуына тікелей әсер еткен тарихи ауқымдағы оқиға болды. Қазіргі заманда мұндай идеяны жүзеге асыру көптің қолынан келе бермейді, бірақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұланғайыр далада ең заманауи қаланы салғыза алды.
2000-шы жылдардың екінші жартысында, мен Мемлекет басшысының Протоколын басқарған кезде, біздің астанамызға Италия Премьер-министрі Сильвио Берлускони келді, ол ең алдымен Еуропа елін басқарған алғашқы мультимиллиардер ретінде танымал еді. Бірақ Берлусконидің алғашқы капиталын құрылыста жұмыс істей жүріп жинағанын білетіндер аз, бұл саланы ол өте жақсы білді және еліндегі көптеген инфрақұрылымдық жобаларға жеке өзі жетекшілік еткен.
Сонымен, ресми бағдарлама аяқталғаннан кейін Нұрсұлтан Әбішұлы итальяндық әріптесін қаланы көруге шақырды. Сапар барысында олар күтпеген жерден тоқтап, Дөңгелек алаң үстіндегі көпірге шықты және Елбасы он жыл ішінде мұнда жаңа қаланың іргетасынан бастап қалай көтерілгені туралы айтып келе жатты. Кейінірек Берлускони өз естігендерін ойша таразылай келіп: «Білесіз бе, мұндай өзгерістер жасау үшін бізге құжаттаманы дайындауға он жыл қажет болатын еді. Ал сіз он жыл ішінде осындай астана салдыңыз!» деді.
Мен біздің еліміз туралы бір пікірмен келген және мүлдем басқаша ой түйіп оралған көптеген басқа да мемлекет басшыларын көрдім. 2006 жылғы мамырда Қазақстанға ресми сапармен АҚШ вице-президенті Дик Чейни келді. Ол Нұрсұлтан Назарбаевпен күрделі келіссөздер жүргізді, бірақ содан кейін нағыз қазақ дастарханы жайылып, ұлттық музыкамен әрленген қабылдау өтті. Сонда Чейни: «Мен Орталық Азияға ұшарда Қазақстанда мәдениеттің, өнердің және қонақжайлылықтың тап осындай жоғары деңгейін көрем ойламаған едім», – деді.
Тағы бір мысал Германиямен байланысты. 1990 жылдың күзінде ГФР мен ГДР біріктірілгеннен кейін Берлин қайтадан біріккен елдің ортақ астанасы болды. Қала бұрын да астана болғанына қарамастан, орталық мемлекеттік органдарды Германияның бұрынғы астанасы Бонн қаласынан көшіруге он жылдан астам уақыт кетті.


2001 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев Берлинге сапармен келген кезде жетекші неміс басылымының журналисі Елбасыдан: «Сіздің Қазақстанда жас астана салынды, бюджет жетіспейді, бірақ сіздер аз уақыт ішінде иен далаға көшіп келдіңіздер! Сіз мұндайға қалайша бел будыңыз, көшуді Германия сияқты неге жүйелі түрде жүргізбедіңіз?» деп сұрады. Нұрсұлтан Әбішұлы жауап ретінде: «Білесіз бе, қазақтар – немістер емес. Егер тапсырманы он жылға қойсақ, немістер келесі күні пойыздардың кестесін қарастырып, есептей бастайды, ал біздің Қазақстанда көшу бойынша жұмыс тек соңғы жарты жылда басталар еді. Сондықтан тоғыз жыл күтудің керегі не?» деп қалжыңдай жауап берді.
Жаңа астананы Қазақстанның орталығында салу барлық өңірлер мен бүкіл халықты оның айналасында біріктіруге мүмкіндік берді. Есілдің жағасындағы инновациялық қала тәуелсіздік рухымен жалындаған, оң амбициялары мен жетістіктері мол қазақстандық пассионарийлердің өз энергиялары мен армандарын жүзеге асыруына мүмкіндік берді. НұрСұлтанның шырқау тарихы мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен, әр түрлі қалалары мен ауылдарынан келген жүздеген мың адамдардың тағдырынан тоқылған. Елбасымыз тұрғызған елорда Қазақстан халқына XXI ғасырда даму үшін жаңа діл мен мүмкіндіктер табуға жол ашты.

https://read.100angime.kz/kz/mobile/index.html