АСТАНАНЫҢ АВТОРЫ
Елбасының қоғамдық-саяси қызметі тәуелсіз Қазақстан тарихымен тығыз тамырлас. Экономикалық-әлеуметтік саладағы сарабдал саясаты өз алдына, азат елдің астанасын қалай айқындағанын айтсашы?!Елбасының қоғамдық-саяси қызметі тәуелсіз Қазақстан тарихымен тығыз тамырлас. Экономикалық-әлеуметтік саладағы сарабдал саясаты өз алдына, азат елдің астанасын қалай айқындағанын айтсашы?! Елорданы Алматыдан Астанаға көшіру – егемен ел еншісіндегі сұңғыла стратегиялық шешімнің сүбелісі. Оның авторы – Нұрсұлтан Назарбаев. Ол бұл мәселені бірінші рет 1992 жылы көтерді. 1994 жылы 6 шілдеде Жоғарғы Кеңес шешім шығарды. Ақмола 1997 жылы 10 желтоқсанда Елорда деп жарияланды. 1998 жылы 6 мамырда Астана атанды, 10 шілдеде ресми тұсауы кесілді.
Уақытпен үндескен шешім
Өмірдің өзі халық пен биліктен батыл шешім қабылдауды талап ететін кезең туады. Оны “уақытпен үндескен үкім” десек орынды. Әлемде көптеген елдің астана ауыстыруы астарында сондай сыр жатыр. Айталық, Ататүріктің Түркия астанасын Анкараға ауыстыруы тегін емес. Құлаған Осман империясының әкімшілік орталығы Ыстамбұл сол бір тарихи кезеңде жаңа талапқа сай келмеді, ескі тәртіптің қайта орнау қаупін туғызды. Ататүріктікі көрегендік екенін тарих дәлелдеді.Империя астанасын І Петрдің Нева жағалауына орналастыруы Ресейдің ырғақты дамуына негіз қалады. Қатты кедергі келтірген табиғи жағдайдың қиындығына қарамастан, келісті қала салды. “Еуропаға терезе ашқан” Ұлы реформатор ел өркендеуінің бағыт-бағдарын айқындады. Өзінің тарихи миссиясын абыраймен атқарған Санкт-Петербург қазір әлемдегі озық экономикалық, мәдени-ғылыми орталық қатарында. Әрине, астананы ауыстырудың басқа да әлемдік тәжірибесі баршылық. Айталық, Жапония бұрынғы астанасын Киото – “Батыс астана”, жаңасын Токио – “Шығыс астана” деп атады. Бұл – Батысқа тән дәстүр. Славяндар Византия астанасы Константинопольді Царьград – “Патша қаласы” деп атады. Ал, Кингстон – “Король қаласы”. Сондықтан, жаңа саяси орталықты “Астана” деп атау қай тұрғыдан қарастырсақ та, тарихи дәстүрмен терең қабысады. Еуразия құрлығының дәл “жүрегінде” орналасқан Астананың XXI ғасырда халықаралық саясаттағы маңызды орталыққа айналуға мүмкіндігі мол.
Әлемге аян әсем қала
1998 жылы Астана еркін экономикалық аймақтың WEPSA халықаралық қауымдастығына кірді. Бүгінде ол тәуелсіз Қазақстанның елордасы ретінде әлемнің саяси картасында берік орныққан. 1999 жылы ЮНЕСКО Астананы “Бейбітшілік қаласы” деп атады. Мұндай атақ қысқа мерзімде әлеуметтік-экономикалық, саяси-мәдени дамуда жоғары жетістікке жеткен, тұрақты этноаралық қатынас орнықтырған жас қалаға беріледі. Бразилияда өткізілген байқауда Астана барлық талап бойынша әлемнің он екі қаласынан басым түсті. Астананың Бас жоспары жобасын әлемге әйгілі сәулетші Кишо Курокава жетекшілік еткен Жапон агенттігінің зерттеу тобы жасады. Небір ғажап ғимарат заманауи сәулет өнерінің үлгісіне сай бой түзеді. Бір кезде облыс орталығы болған қарапайым қала қазір адам танымастай өзгерді. Кең далада көсіліп жатқан шырайлы шаһар келісті келбетімен көрген көзді сүйсіндіреді. Ол әлемдік іскерлік байланыс күретамырына айналды. Елбасы Еуразиялық ел қатарындағы Қазақстан астанасы алып қос құрлықтың өкпе тұсында орналасқанын, демек, келешекте қала осынау ұлан-ғайыр кеңістіктің қуатты желісі тоғысатын торапқа, экономикалық, технологиялық ақпарат тасқынының арнасына айналатынын атап көрсетті.Астана – кемел де келісімді ойдың, ізгі ниет пен игі тілектің қаласы. 2001 жылы “Астана – жаңа қала” атты арнайы экономикалық аймақ құрылды. Мақсат – мол инвестиция тарту, озық технология арқылы құрылысты қарқынды жүргізу, заманауи инфрақұрылым қалыптастыру, экономикалық және әлеуметтік дамуға жағдай жасау. Алаштың айбынына айналған асқақ Астананың көркем келбеті қалыптасу үстінде. Кезінде тыңның тұғыры болған құтты мекен бүгінде тәуелсіз Қазақстанның бас қаласына айналды. Ата-бабаның ту тігіп, кереге жаятын майлы да жайлы жұмақ мекен таңдауы тегін бе? Аңыз бен шындықтың шырайындай Асанқайғының Желмаямен жаһанды шарлап, Жерұйықты іздеуінде қандай сыр жатыр? Жауабы жалқы: мәңгілік мирас-мұра да, кейінгіге қалатын баға жетпес байлық та — Ел мен Жер!
Әлібек ӘБДІРАШ.