Астанада сарапшылар халықаралық сенімді қалпына келтіру жолдарын талқылады
15-16 қазанда Астана Халықаралық форумы (AIF) аясында ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ ұйымдастырған “Поляризациядан серіктестікке: халықаралық жүйеге деген сенімді қалпына келтіру” тақырыбында Astana Think Tank Forum 2025 өтті. Іс-шараға 20 елден 40-қа жуық шетелдік сарапшылар, әлемнің жетекші орталықтарының басшылары, зерттеушілер, сарапшылар қатысты.

Форум жаһандық басқару институттарын реформалауға арналған сессиямен ашылды. Қатысушыларға Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мағзұм Мырзағалиев құттықтау сөз сөйлеп, Мемлекет Басшысы Қасым–Жомарт Тоқаевтың көзқарасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан бейбітшілік, сенім және жауапты дипломатия құндылықтарын үнемі қорғайтынын атап өтті. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев бүгінгі таңда “сындарлы консенсус“ қалыптастыру және көпжақтылықты нығайту айрықша маңызға ие екенін атап өтті, өйткені тұрақты және әділ әлемдік тәртіпті сақтау үшін жауапкершілік мемлекеттердің кең ауқымына жүктеледі. Форум бағдарламасы тоғыз сессиядан тұрды, онда жетекші державалардың бәсекелестігі жағдайындағы көпжақты ынтымақтастықтың болашағы; қауіпсіздік архитектурасының трансформациясы және ядролық қарусыздану мен таратпаудың болашағы, Ауғанстан факторының Орталық Азия өңіріне әсері сияқты тақырыптар талқыланды.
Сондай-ақ, күн тәртібіне жаһандық нарықтардың бөлшектену дәуіріндегі инвестициялар, Еуразиядағы сауда–көлік дәліздерінің дамуы, жасанды интеллект және онымен байланысты этикалық дилеммалар, климаттық өзгерістер мен су проблемаларының демографиялық процестер мен көші-қонға әсері мәселелері қойылды.
«Қазақстан сенім – бейбітшіліктің ірге тасы, ал диалог – белгісіздік арқылы өтетін ең сенімді жол екеніне сенімді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көрегендігін басшылыққа ала отырып, еліміз бейбітшілік, сенім және жауапты дипломатия құндылықтарын дәйекті түрде қолдайды», – деді Мағзұм Мырзағалиев.
Форумды ашқан ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов Astana Think Tank Forum сенімге, ашық пікірталасқа және практикалық шешімдерге ұмтылуға негізделген алаң екенін атап өтті.
«Біздің мақсатымыз – декларациялар аясынан шығып, практикалық шешімдер табу және болашаққа ортақ көзқарасты қалыптастыру. Бұл тұрғыда сараптама орталықтары шешуші рөл атқарады. Олар білім мен шешім қабылдау, талдау мен әрекет арасындағы көпір қызметін атқарады. Халықаралық жүйедегі белгісіздік пен бытыраңқылық дәуірінде ғылыми-зерттеу институттарының жұмысы ерекше маңызға ие. Олар қоғамға болашақты түсінуге көмектеседі – үдерістерді түйсіну, шешімдерді табуға, диалогқа сенім орнатады», – деп сенім білдірді ҚСЗИ директоры.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ