Астана төріндегі тұсаукесер
Елорда төріндегі Ұлттық академиялық кітапханада аудармашы, қаламгер Рымбала Смайыловамен «Аманат арқалаған ана» атты тағылымды кездесу өтті. Кеш барысында оқырмандарға Виктор Гюгоның әлемге әйгілі «Париждегі Нотр-Дам соборы» романының Рымбала Кенжебайқызы аударған нұсқасы таныстырылып, «Рух пен қалам үйлестігі» атты әдеби көрме ұсынылды.

Рымбала Смайылова – Ақадыр аудандық «Ақадыр таңы» және «Агадырьская новь» газеттерінің негізін қалаған алғашқы редактор, белгілі журналист Марал Хасеновтың жары. Жолдасы өмірден өткеннен кейін, оның қаламгерлік жолын жалғастыруды өзіне аманат санап, жасының ұлғайғанына қарамастан, әдебиет пен аударма саласында белсенді еңбек етіп келеді.
Руханият ордасында өткен кездесуге зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, ғалымдар мен журналистер қатысып, кеш иесіне жылы лебіздерін білдірді. Олардың қатарында кітапхана директоры Күміс Сейітова, «Әділетті Қазақстан» республикалық ғылыми-инновациялық орталығының директоры Мағжан Садыханов, ақын-жазушы, ғалым Кенжебай Ахметов, жазушы, кинодраматург Айгүл Кемелбаева, ақын Ардақ Игенова, Абай ұрпағы Ләйла Баймағанбетова, публицист Төлен Тілеубай, журналист-велошабандоз Ернат Мелсұлы, сондай-ақ, «Егемен Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі Жәнібек Әлиман бар.
Кездесу барысында кітапхана директоры Күміс Сейітова Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Рустам Әлидің Алғыс хатын табыстады. Ал қоғам қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты Мағжан Садыханов қаламгерге «Аяулы ана» қоғамдық төсбелгісін тапсырды.
Кешке Қарағандыдан арнайы келген Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің «Үкілі үміт» клубының жетекшісі Гүлнар Шөменова бастаған студенттер де қатысып, құрмет көрсетті. Сонымен қатар, жас ақындар Нұрасыл Аманжол мен Ақжігіт Сағынтай өз шығармаларынан өлең оқып, кеш көрігін қыздырды.
Кездесу барысында Рымбала Кенжебайқызы өзі жайлы мақалалар топтастырылған «Жастар әлемі» журналын көпшілікке ұсынып, шығармашылық жолынан сыр шертті.
Кеш соңында аудармашы ұйымдастырушылар мен жиналған қауымға алғысын білдірді. Көп жыл баспаханада еңбек еткен Рымбала апай мәтіннің сауаттылығы мен көркемдігіне ерекше мән береді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта тағы бір аударма кітабы жарық көруге дайын тұр, тек авторлық құқыққа қатысты ресми рұқсатты күтуде.
Аңғар СМАҒҰЛ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі



