Осакаров

Астана символы – аудан төрінде

Еңселі Елораданың 20 жылдығы барлық өңірде ерекше атап өтілді. Мерейтойға арналған шаралар Осакаров ауданында да жүзеге асты.

Аудан әкімі Нұркен Қобжанов аудан тұрғындары мен қонақтарын мерекемен құттықтады. Мереке аудан басындағы сүт өнімдер кешенінің ашылуынан бастау алды. Жаңа технологиямен жабдықталған кешен жергілікті халықты жұмыспен қамтуға дайын-ақ тұр. Сондай-ақ, аудан басшысы үлкендерді ұлықтап, еңбек ардагерлері М.Жұмабеков пен А.Бородинды арнайы құттықтап, мерекелік сыйлық тарту етті. Жаңадан, бой көтерген «Бәйтерек» монументінің көшірмесі ауданның Мәдениет және демалыс орталық саябағына орнатылды. Бірлік пен тұтастықтың символы іспеттес болған монумент енді Осакаров орталығында да бар. Мереке аудандағы №1 орта мектептің алаңында жалғасты.

Әкімдік тарапынан мектептерге жаңа көліктердің кілттері табыс етілді. Атап айтсақ, №1 және №12 мектептерге «ПАЗ-3253» көліктері, №12 мектепке «ГАЗель» көлігі бұйырды. Енді, мектеп оқушылары олимпиядалық жарыстарға, басқа да шараларға еркін қатынай алады. Сондай-ақ, саябақта шеберлер байқауы өткізілді. Ұлттық қолөнер бұйымдары көптің көңілінен шықты. Қонақтарға кәдесыйлар тарту етілді. Шеберлер астана символы бар көрпе тігіп, қағаздан «Бәйтеректің» сұлбасын жасады. Шараға қазылық еткен – аудан кәсіпкерлері. Байқау жеңімпаздары грамоталармен мадақталды. Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестік ұсынған мерекелік кеш көптің қуанышын еселеді. Халық кешті бастан-аяқ тізгіндеген Әлібек Салықов пен Гүлнұр Жәкенге алғыс білдірді. Ауданның Құрметті азаматтарына, астананың төл құрдастарына, мерейтойдың өтуіне атсалысқандарға сыйлықтар тарту етілді. Мерекелік кеш отшашумен аяқталды.

Қасымхан ҒАЛЫМ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button