Астана – ән қанатында
Жексенбі күні Кеншілер мәдениет сарайында Астананың 20 жылдығына байланысты алғашқы болып Қарағанды өнерпаздары мерекелік концерт берді. Қ.Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен мерекелік концерт көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады.
Өнер ұжымдары Астананың санаулы жылдар ішінде сәулеті мен дәулеті келіскен ірі ресми, мәдени, рухани орталыққа айналғандығын айрықша жеткізді. Бүгінде әлем Астананы Қазақстанмен егіз ұғым ретінде танитындығын тілге тиек етті. Расымен де, 1997 жылдың 10 желтоқсанында Қазақстан Президентінің 1997 жылғы 20 қазандағы Жарлығына сәйкес, республиканың астанасы Ақмола қаласы (қазіргі Астана) болып жарияланды. 1998 жылдың 6 мамырында Ақмолаға Астана атауы берілді. Қазақстанның жаңа елордасы 1998 жылдың 10 маусымында халықаралық деңгейде таныстырылды.
Бұл жөнінде жүргізушілер:
– Астана – біздің мақтанышымыз, біздің сеніміміз, біздің қорғауымыз, біздің жоспарларымыз және үміттеріміз – бұл біздің болашағымыз. Біздің республикамыз Тәуелсіздігі аясында Астана Орталық Азияның көркем және қазіргі заманға сай қаласы болды. Әлемдік кеңістікте осындай қарқынды өсудің аналогтары жоқ. Осының барлығы үлкен және бірегейлі Қазақстанда тұратын барлық халық – біздің жалпы күшімізбен, Ұлт көшбасшысы – Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше ролі, оның табысты қазақстандық жолын дұрыс таңдауының арқасында жасалды,– деді.
Концерт барысында Қазақ КСР-нің халық артисі Жүсіпбек Елебеков, Қали Байжанов, Нұғыман Әбішев, Зәбира Жұбатова, Рахия Қойшыбаева, Үрия Тұрдықұлова, Қосымжан Бабақов, Мағауия Хамзин, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген артистері Мағауия Көшкімбаев, Алтын Әлиева, Қайныкен Әлімбаева тәрізді өнер тарландарының ізбасарлары өсіп келе жатқандығын байқадық. Филармония жанынан құрылған Тәттімбет атындағы академиялық ұлт аспаптары оркестрі, симфониялық оркестр , джаз оркестрі, «Аққу» фольклорлық – хореографиялық ансамблі, «Арқа сазы» фольклорлық ансамблі, «Мерей» ансамблі, «Әуен» ансамблі, «Арай» ансамблі, жеке дауысты әншілер асқақ өнерлерімен жарқырап көрінді. Сахнаның сәні болып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, қол соқтырды. Халқымызды рухани жағынан байытумен бірге, мәдениетіміз бен өнеріміздің небір шұрайлы шығармаларын, салт-дәстүріміздің озық үлгідегі інжу-маржандарын осы кеште тамашалаған жұрт тамсанып қайтты.
Талғат Ыдырысов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қ.Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің бас директоры:
– Астана күнін мемлекеттік мереке деп жариялаудың тарихи, танымдық, тәрбиелік тұрғыдан мәні айрықша зор. Бұлай дейтін себебіміз, елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру – бұл қазақтың өз билігі өзінің қолына тигеннен кейін ұлттың болмыс-бітімін сақтап, мемлекеттің келешегін кемелдету мақсатында «он ойланып, тоғыз толғанып» барып қабылданған тарихи шешім болды. Мыңжылдықтар тоғысындағы мұндай батыл шешім қазір қай қырынан алып қарасақ та дұрыс болғанын уақыт дәлелдеді. Біз осыдан жиырма жыл бұрын Алатаудың бөктерінен Арқа төсіне көшіру арқылы біз тәуелсіздігімізді нығайттық, өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жаңғырттық. Астанаға іргелес жатқан Қарағанды қаласының өнер ұжымдары бүгін алғашқы болып мерекені бастап кеттік. Бұл іс-шараның барлығы бір арнаға тоғыса келе, ұлтты ұйыстыруға, мемлекеттілігімізді нығайтуға қызмет етуде.
Нұрдос КӘРІМ