Астана мен Қарағанды кейінгі 5 жылда ауасы ең көп ластанған қалалар атанды
Экология және табиғи ресурстар министрлігі 2024 жылдың бірінші жарты жылдығында ауасы ластанған елді мекендерді атады, деп хабарлайды ortalyq.kz Kazinform сайтына сілтеме жасап.
«Қазгидромет» РМК мамандары 2024 жылдың бірінші жарты жылдығында мониторинг жүргізілген 70 елді мекеннің бесеуінде атмосфералық ауаның өте жоғары ластану деңгейі, 21-інде жоғары ластану деңгейі, 28-інде көтеріңкі ластану деңгейі, 16-сында төмен ластану деңгейі тіркелгенін айтады.
Атап айтсақ:
Ластанудың өте жоғары деңгейі 5 елді мекенде: Қарағанды, Астана, Талғар, Ақтөбе, Ақсай қалаларында;
Жоғары деңгейі 21 елді мекенде: Алматы, Өскемен, Теміртау, Балқаш, Орал, Риддер, Лисаковск, Сәтбаев, Павлодар, Петропавл, Хромтау, Арқалық, Қостанай, Рудный, Түркістан, Жітіқара, Арал, және Жаңбай ауылы, Мақат, Кеңқияқ , Шұбаршы елді мекнедерінде;
Көтеріңкі деңгейі 28 елді мекенде: Атырау, Ақтау, Талдықорған, Жезқазған, Семей, Шымкент, Жаңаөзен, Қызылорда, Екібастұз, Құлсары, Жаркент, Тараз, Шу, Қандыағаш, Кентау, Шемонаиха, Абай, Щучинск қалалары мен Ганюшкино, Бөрлі ауылдарында, Бейнеу, Индербор, Шиелі, Әйтеке би, Бестөбе, Қарабалық, Қызылсай, Бұрабай кенттерінде;
Төмен деңгейі 16 елді мекенде: Аягөз, Атбасар, Ақсу, Көкшетау, Степногорск, Қаратау, Жаңатас, Алтай, Саран, қалалары мен Састөбе, Глубокое, Әуезов, Ақсу, Төретам кенттерінде, Қордай, Ақай ауылдарында тіркелген.
– Атмосфералық ауаның жоғары ластануының (ЖЛ) 191 жағдайы тіркелді, оның ішінде: Қарағанды қаласында – 94 ЖЛ жағдайлары, Атырау қаласында – 91 ЖЛ жағдайлары (NCOC компаниясы бекетінің деректері бойынша), Ақтөбе қаласында – 6 ЖЛ жағдайлары тіркелді, – деп жазылған бюллетеньде.
«Қазгидромет» мәліметі бойынша, кейінгі бес жылдың ішінде (2020-2024 жж.) ауа ластануының тұрақты әрі жоғары деңгейі Астана, Қарағанды қалаларында байқалып келеді.
– Астана қаласының ауасын негізгі ластаушы заттар – қалқыма бөлшектері (шаң), РМ-2,5 қалқыма бөлшектері, РМ-10 қалқыма бөлшектері, көміртегі оксиді, күкірт диоксиді, азот диоксиді, азот оксиді күкіртсутегі. Қарағанды қаласында – қалқыма бөлшектері (шаң), РМ-2,5 қалқыма бөлшектері, РМ-10 қалқыма бөлшектері, көміртегі оксиді, азот диоксиді, күкіртсутегі, – деп жазылған құжатта.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА