«Astana Media Week 2025» медиафорумы өз мәресіне жетуге таяу
Астанада өтіп жатқан 3 күндік ауқымды шара «Astana Media Week 2025» медиафорумы өз мәресіне жетуге таяу. Орталық Азиядағы ең ірі медиа шара 9-шы рет ұйымдастырылып отыр. Биыл «Ұлтқа қызмет ету – медиа миссиясы» тақырыбында өткен форум халықаралық сарапшылар мен әр өңірден келген медиа саласының өкілдерін кәсіби тәжірибе алмасатын бір алаңға тоғыстырды. Медиа мамандар, халықаралық серіктестер және мемлекеттік ұйымдар өкілдері ортаға ой салып, жасанды интеллект негізінде саланы дамыту жолдарын талқылады.

Үш күн бойы қатысушылар үшін медиаэтика, деректі фильм, жасанды интеллектпен жұмыс жасау, имидж қалыптастыру, цифрлық коммуникациялар, дата-журналистика және журналистердің біліктілігін арттыру бойынша пленарлық және панельдік пікірталастар, баяндамалар, жабық питчинг-жобалар мен тәжірибелік шеберлік сабақтар ұйымдастырылды.
Спикерлер қатарында Euronews, Anadolu Agency, TRT Avaz Kanal, «Хабар», «Qazaqstan», Atameken Business, NUR.KZ және Өзбекстан, Түркия, Еуропадан келген сарапшылар болды.
Арнайы стриминг платформалар нарығына арналған сессиялар да өтті. Оған TV+, Кинопоиск, Unico Play, Birge TV, Freedom Media өкілдері қатысты.

Екі күн бойы медиаорталық холында 50 метрлік LED-экранда «Astana Media Week 2025» Контент-маркеты өтті. Бұл жерде жаңа форматтар мен халықаралық кооперациялар таныстырылды. Контент-маркет продакшн-компаниялар, дистрибьюторлар мен платформалар арасындағы іскерлік кездесулерге арналған алаңға айналды. Мұнда жаңа идеялар, пилоттық жобалар және Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай мен Қазақстан нарықтарына арналған бірлескен өнім жасауға мүмкіндіктер ұсынылды. Апталықтың екінші күні «Кәсіби шеберлік пен жаңа бетбұрыс» тақырыбына арналды.
Қатысушылар креативті экономиканы дамыту, сапалы ұлттық контентті қалыптастыру мәселелерін және тұрақты даму факторы ретіндегі медиа саласының рөлін талқылады.
Бағдарлама аясында «Стриминг платформалары: нарық, контент, монетизация. Қатысушылар не күтеді?» тақырыбында панельдік сессия өтті. Спикерлер нарықтың өзгеруі, жергілікті контентті дамыту перспективалары және монетизация стратегиялары туралы пікір алмасты.

Іс-шара барысында жабық питчингтер, тақырыптық шеберлік сабақтары мен PR және медиа кәсіби қауымдастығы өткізген панельдік сессиялар ұйымдастырылды. Қатысушыларға Euronews Kazakhstan бюросының «Телевизияның цифрлық дәуірге бейімделуі», ҚР Президенті телерадиокешенінің «Деректі кино: жаңа талғам, жаңа формат», сондай-ақ «Жасанды интеллект дәуірінде ақпарат көздерімен қалай жұмыс істеу керек?» атты тәжірибелік сессиялары ұсынылды.
Оқыту бағдарламаларына отандық телевизия продюсерлері, режиссерлер, сценаристер мен операторлар, интернет-басылымдардың журналистері және медиа қауымдастықтың басқа да өкілдері қатысты.
Айта кетейік, «Astana Media Week 2025» аясында ең белсенді қатысушыларға арнайы сыйлықтар берілді. Жетекші стриминг және медиамониторинг компаниялары үздік сұрақ қойған қатысушыларға жылдық жазылым сертификаттарын және Самарқанға сапар жолдамасын табыстады.

Ал форумның үшінші күні «Ұлттық медиа: сенім, миссия, тағылым» тақырыбына арналды. Мұнда қатысушыларға тележүргізуші Мөлдір Доспаева «Сауатты журналист», тәуелсіз сарапшы Алексей Смагин «Data-журналистика. Yandex», ал PR-технолог Ақерке Берлібай «Мемлекеттік қызметшілердің беделі мен имиджі» тақырыбында шеберлік сабақ өткізді. Сондай-ақ бұл күні «Ең үздік баспасөз қызметі» мен «Ең үздік баспасөз хатшысы» анықталып, жыл сайынғы марапаттау рәсімі өтті. «Заң мен тәртіп» қағидасы аясында журналистерге арнайы марапат табысталды.
Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ
“Ortalyq Qazaqstan”



