Астана – Балқаш бағытындағы әуе рейсі қайта ашылады
Туризмнің табысты дамуы көлік-логистикалық қолжетімділікпен тікелей байланысты. Осы бағытта нақты қадамдар жасалуда. Балқаш қалалық «Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі» ММ-нің мәліметінше, 2026 жылдың басында конкурстық комиссияның отырысы өтіп, оның қорытындысы бойынша Астана – Балқаш – Астана әуе бағыты бойынша тасымалдаушы ретінде «Qazaq Air» АҚ анықталды.

Мәліметтерге сүйенсек, аталған бағыттағы әуе билеттерінің құны 16 000 теңгені құрайды. Жаңа әуе рейсі 1 маусымнан бастап қатынай бастайды.
Сонымен қатар, Алматы – Балқаш – Алматы бағыты бойынша да әуе рейсін ашуға арналған конкурс өткізу жоспарланып отыр.
Айта кету керек, қазіргі таңда Балқаш қаласының әуежайында кешенді қайта жаңғырту жұмыстары аяқталу сатысында. Бұл өз кезегінде жаңа әуе бағыттарын ашуға мүмкіндік беріп, өңірдің туристік әлеуетін арттыруға жол ашады.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



