Басты тақырып

Астана бүлдіршін көзімен

 

Дәстүрлі «Қазақшаң қалай, балақай?» байқауына қалалық балабақша ұжымдары қызу дайындықпен келіпті. Бүлдіршіндер мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, ойын жеңіл әрі еш қиындықсыз жеткізуімен ерекшеленді. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мұрындық болған биылғы сайыс – Астананың 20 жылдығына арналды.

Байқауға іріктеуден өткен 10 балабақша қатысты. Балалардың шат күлкісі, Астанаға арнаған әндері есте қаларлық мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Жалпы, сайыс мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, өзге ұлт балаларының мемлекеттік тілді меңгеруге ықыластары мен қызығушылықтарын арттыруды көздеген. Сондай-ақ, биылғы сайыста ұлттық патриотизмді дамыта отырып, тәлім-тәрбие беру арқылы тарихымызды ұлықтаған қойылымдар көп болды. Бүлдіршіндер мемлекеттік тілде ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып әдептерін сақтай отырып, өздерін таныстырды. Қалалық балабақша ұжымдары мемлекеттік тілде Астананың 20 жылдығына арнаған қазақ ертегілерінен сахналық қойылым көрсетті. Үш тілде мәнерлеп өлең оқып, ән айтып, демеушілер қатарынан табылған ата-аналардың, көрермендердің ризашылығына бөленді. Бүлдіршіндердің сөз шеберлігі, сахна мәдениеті, тіл тазалығын қалалық білім бөлімінің әдіскерлері бағалады.

Көрерменді ерекше мерекелік көңіл-күйге бөлеген балалар Елорданың мерейтойына арнаған тілектерін жеткізді. Тәрбиелеуші ұстаздары да әрбір бүлдіршінге тарихи оқиғалардың мәнін түсіндіріп, еліне деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін қалыптастырғанын байқатты.

«Байқауға дайындаған ертегіні Астанаға арнадық. Сәтті шықты. ЭКСПО, Бәйтерекке шығарған тақпақ айттық», – деді №100 «Думан» балабақшасының бүлдіршіндері.

Жалпы, биылғы сайыс жоғары деңгейде өтті. Әдеби-музыкалық композициялар, театр миниатюралары, би-хореографиялық қойылымдар бүлдіршіндердің өнерге жақын екендігін аңғартты. Бұл ретте, бас жүлдені иеленген №146 «Балауса» балабақшасын, сондай-ақ, үздік өнер көрсеткен «Алданыш»,  №114 «Бақыт» балабақшасын атап өткен жөн. Ұйымдастырушылар кішкентай өнерпаздарды дипломдармен марапаттап, сыйлықтар тарту етті.

Аяулым Совет

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button