Астана – Қарағанды тасжолында 7 көлік соқтығысып, бір адам көз жұмды
Бүгін сағат 10:15 шамасында республикалық маңызы бар «Астана – Қарағанды (айналма жолы) – Алматы» автожолының 148-шақырымында, Қарағанды бағытында Ошағанды мекені маңында 7 автокөліктің қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды.

Алдын ала ақпарат бойынша, алдымен Chevrolet Nexia Chery Tiggo көлігі соқтығысып, кейін Toyota Land Cruiser Chery Tiggo-ға соғылған. Одан кейін жүк көлігі Toyota Land Cruiser-ге соқтығысып, соңынан қызметтік “ҚазАвтоЖол” пикапы мен УАЗ Hunter көлігі соқтығысты. Toyota Land Cruiser көлігінің жолаушысы қаза тапты. Сонымен қатар, УАЗ Hunter көлігінің жүргізушісі жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.
Оқиға болған уақытта аталған жол учаскесінде ауа райы күрт нашарлаған. Қардың ұйытқып жаууы, боран, екпінді жел және көріну деңгейінің төмендеуі жолдағы қозғалыс қауіпсіздігіне айтарлықтай әсер еткен.
Осыған байланысты сағат 08:30-да Қарағанды облысы Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасынан аталған жол учаскесіндегі рұқсат етілген жылдамдықты уақытша 110 км/сағаттан 80 км/сағатқа дейін төмендету туралы нұсқама берілген. Бұл шектеу сағат 09:00-ден бастап күшіне енген.
Сондай-ақ Ақмола облысы аумағында ауа райының күрт нашарлауына байланысты сағат 09:00-ден бастап аталған автожолдың бірқатар бөлігінде барлық көлік құралдарының қозғалысына уақытша шектеу енгізілген. Ал Қарағанды облысы аумағында қолайсыз ауа райы шамамен сағат 10:00 шамасында байқала бастаған.
Оқиға болған сәтте жол учаскесінде бұған дейін тіркелген жол-көлік оқиғасының орнында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ЖПУ-89 жол пайдалану учаскесінің патрульдік техникасы кезекшілікте тұрған.
Қазіргі уақытта жолды күтіп-ұстау және қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ЖПУ-89 мекемесінің 11 бірлік арнайы техникасы жұмылдырылған. Оның ішінде 7 кешенді жол машинасы, 2 жол жөндеу техникасы, 1 жүк тиегіш және 1 МТЗ тракторы бар.
Жол қызметтері жол-көлік оқиғасының салдарын жою, сондай-ақ жол бойында қауіпсіз әрі үздіксіз қозғалысты қамтамасыз ету бағытында тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр.
Құзырлы органдар жүргізушілерді ауа райы жағдайын ескеріп, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және белгіленген жылдамдық режимінен аспауға шақырады.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz



