Астана – Қарағанды – Алматы тасжолында жаңа инженерлік қауіпсіздік жүйесі орнатылды
Астана – Қарағанды (айналма жолмен) – Алматы республикалық автожолында қазіргі заманғы қауіпсіздік жүйесі енгізілді. Астана – Теміртау ақылы учаскесіне кіреберіс жолының 1426-шы шақырымында ауа райының қолайсыз жағдайында көлік қозғалысын шектеуге және жиналып қалған автомобильдердің кері бұрылу мүмкіндігін қамтамасыз етуге арналған екі жақты металл қоршауды монтаждау аяқталды.

“ҚазАвтоЖол” ҰК” АҚ Қарағанды филиалында хабарлағандай, жаңа жүйе алты секциядан тұратын ұзындығы 64,8 метр және биіктігі 1,1 метр тосқауыл конструкциясы болып табылады. Олар ені 31 метрге дейінгі жолды қалыптастыра отырып, 45 градус бұрышпен ашылуы мүмкін. Бұдан басқа, әрқайсысы 16,7 метрден екі өтпелі учаске орнатылған. Барлық элементтер коррозияға қарсы жабынмен жабдықталған, бұл олардың беріктігі мен агрессивті ауа райы жағдайларына төзімділігін арттырады.
– Бұл жүйе күрделі метеожағдайларда қозғалысты реттеуге көмектесіп қана қоймай, тас жолда қозғалыс қиындаған немесе тоқтаған кезде автомобильдердің кері бұрылуына мүмкіндік береді, – деп атап өтті “ҚазАвтоЖол” ҰК” АҚ Қарағанды филиалы директорының міндетін атқарушы Рафаэль Бектеміров.
Мұндай қақпа Алматы облысындағы ҮАААЖ ақылы автожолында өзінің тиімділігін дәлелдеді.
Сондай-ақ, Астана – Қарағанды – Алматы тас жолының 1429-шы шақырымында түнгі жарықтандыру жүйелері орнатылып, сауда нүктелері үшін арнайы павильондар салынды.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА