Жаңалықтар

Астанаға жолыңыз түссе…

Биыл ел Астанасының іргесі бекігеніне – 25 жыл. Мереке қарсаңында демалыс күндерді пайдаланып, елорданы бетке алатын қонақтар баршылық.

Астанаға ат басын тіреген қонақтардың алдынан шығатын бірінші мәселе ол – баспана.
Қалтадағы қаражатты үнемдегісі келген жанға ең тиімді шешім – хостелге тоқтау. Мұндай қонысты шаһардың оң және сол жағалауынан да табуға болады.
Астаналық хостелдердегі бөлмелер 4, 8 және 16 орындық болып келеді. Екі кісілік немесе отбасылық бөлмелер де бар. Бағасы арзан, қонақ үйлердегі ақымен пара-пар. Хостелдердің қызмет көрсету сапасы қонақ үйлерден еш кем түспейді. Тәулігіне ақысы 2000 теңгеден басталып, 15 000 мыңға дейін жетеді.
Хостелдерді жалға алғыңыз келсе, apartamenty.kz, olx.kz, booking.com. сайттарын парақтаңыз.
Екінші мәселе – бір күнге немесе ұзақ уақытқа пәтер жалдау.
Жазда шаһарға туристер мен қонақтар ағылатынын ескерсек, жалға алатын баспананы бұл нарықтың ішкі-сыртқы сырына қанық делдал арқылы шешкен жөн. Әйтпесе, қолайлысын тапқанша, уақытыңызды жоғалтып, жүйкеңізді тоздыруыңыз әбден мүмкін.
Бір тәулікке жалға берілер пәтерлердің құны 7000 теңгеден басталады. Баспананың бағасы орналасқан жері мен пәтер жағдайына қарай.
Пәтер жалдау үшін krisha.kz. сайтының көмегіне жүгіне аласыз.
Үшінші – қонақ үй. «Талғамға талас жоқ» демекші, қалауыңызға қарай қонақ үйде тоқталамын десеңіз, таңдау аса жоғары. Бағасы 6000-7000 мың теңгеден басталып, қызмет көрсету сапасы мен таңғы асына байланысты шарықтай береді. Жайлы, әрі таза, таңғы асы бар қонақ үй таңдасаңыз баға да сәйкесінше өсе бермек. Астананың қонақ үй бизнесі экономкласстан бастап, 5 жұлдызды қонақ үйді ұсына алады.
Алдын ала бөлме брондауды apartamenty.kz және booking.com. сайттары арқылы жүзеге асыра аласыз.
Келесі бір өзекті мәселе – ас-­ауқат. Қайдан арзан әрі дәмді тамақтануға болады?
Елорда да әлем астаналарындай түрлі мейрамхана, бар, тіскебасарларымен ерекшеленеді. Мұндағы мейрамханаларда әлем елдерінің сан түрлі асханасын табуға болады. Керуен, Аsia Park, Keruen-City, Mega Silk Way сынды ірі сауда-ойын-сауық орталықтарында меймандарға әлем елдерінің дәмін ұсынатын ­фудкорттар жетерлік.
Шаһарда тағам жеткізіп беру қызметі бойынша Яндекс Еда, Glovo бірегей қосымшалары жұмыс істейді. Қосымшаны пайдалану үшін қалауыңыздағы тағамды таңдап, мейрамхана немесе дәмхананы анықтау керек.
Ал, егер мейрамхана керек десеңіздер, 2ГИС қосымшасы арқылы іздеп, әлеуметтік желідегі парақшаларын парақтап, ас мәзірінің бағасын қарауға әбден болады.
Ақпараттар қандай да бір қажетіңізге жараса, тек қуаныштымыз!

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button