Астана
Дала да болған, қала да болған,
Ғұндардың ғазиз өлкесі,
Айналдым сенен Ақала ордам,
Егемен елдің еңсесі.
Қиял-ғажайып шәрбат қаласың,
Өркениеттің көшінде,
Адамзат көзін арбап барасың,
Арқаның апайтөсінде.
Даңқыңды әлі көпке асырарсың,
Тұла бойына сыр тұнған.
Шырмауық құсап көкке асығасың,
Күн түссе болды құлпырған.
Құстар да саған сұңқылдап келед,
Қоғалы көлге тамсанған.
Бораның сенің бұрқылдап сөйлеп,
Самалың сазды ән салған.
Ырғалған орман – қайың-қарағай,
Оқалы шапан жапқандай.
Сарыарқа салқар сайын далам-ай,
Алтыннан жүзік таққандай.
Сусылдап төніп қаз қонады екен,
Сайраған бұлбұл айналаң.
Самсаған жұлдыз мәз болар ма екен,
Өзін көргендей айнадан.
Ұлы даламның арда жүрегі,
Ғасырлар аунап жанған бақ.
Бабамның кеше арманы еді,
Балам жүр бүгін армандап.
Жағаға малып түннің етегін,
Сымбаты – сұлу мүсіннің.
Есіл дүние сырғып өтерін,
Есілге қарап түсіндім.
Қылықты қыз бен бөрікті бала,
Қауышып, сырлас іңірде.
Аспан астында көрікті қала –
Астана болар түбінде!
Бағдат МҮБӘРӘК,
ақын, Халықаралық
«Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.