Бас тақырып

Ассамблея мұраты – адалдық

Елімізде жүзден астам ұлт пен этнос бейбітшілік пен келісімде өмір сүреді. Оларды бір шаңырақ астына біріктіріп, бірлік пен ынтымақтастықты сақтаудағы, татулықты қамтамасыз етудегі рөлі зор Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына биыл – 30 жыл. Осы уақыт аралығында этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісім үлгісі ретінде әлемде баламасы жоқ Ассамблея белсенділікке, қайырымдылыққа, мейірімділікке баулитын институт ретінде танылды. Бір халық болып тұтасу нәтижесінде экономикалық өрлеу­ге, әлеуметтік әлеуетке және демократиялық дамуға қол жеткіздік. Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлық жылы Қарағандыдан бастау алды. Атап айтқанда, «Адал азамат» жобасының жеңімпаздары марапатталды. Облыстың ҚХА «Ақсақалдар кеңесінің» бастамасымен өткен ерекше байқау Ассамблеяның 30 жылдығы мен «Жұмысшы мамандықтары жылына» орайластырылды. Ал, Қарағанды тәжірибесі негізінде «Адал азамат» жобасы ел бойынша кең көлемде насихатталатын болады.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

«Қарты бар елдің қазынасы бар»

Арқа төсінде өткен алқалы жиынға ҚХА төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, сондай-ақ, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, соның ішінде Сәт Тоқпақбаев, Жамбыл Артықбаев, Бүркітбай Аяған, этносаралық қа­тынастарды дамыту комитетінің тө­рағасы Ғалым Шойкин және рес­публиканың түпкір-түпкірінен ҚХА «Ақсақалдар кеңесінің» төрағалары қатысты.

Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев құттықтау сөзінде Ақсақалдар кеңесінің дәстүрлерді сақтаудағы және жас ұрпақты тәрбиелеудегі ерекше рөлін атап өтті.

– Ассамблея өз қызметінің 30 жылы ішінде қоғамдық татулық пен ауызбіршілікті бекемдейтін негізгі институтқа айналды. ҚХА-ның барлық құрылымдары елі­міздің әлеуметтік және қоғамдық дамуына айтулы үлес қосып келеді. Оның ішінде, «Ақсақалдар ке­ңесінің» рөлі өте зор. Себебі, хал­қымыздың даналығы, ақыл-ойы мен тәжірибесі солардың бойларын­да тұнып тұр. Ақсақалдарымыз – тарихымыз­дың, негізгі генетикалық және этникалық қорымыздың сақтаушылары, – деген Ермағанбет Қабдулаұлы шараға республиканың түпкір-түпкірінен тәжірибелерімен бөлісуге арнайы келген ақсақалдарға алғысын білдірді.

Сондай-ақ, облыс басшысы жергілікті тұрғындардың сапалық құрамы еңбек адамының оң имиджін қалыптастырудың берік негізі екенін атап өтті.

– Биыл «Ақсақалдар кеңесінің» отырысын Қарағандыда өткізуді жөн санадық. Себебі, биылғы жылды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Ал, Қарағанды – жұмысшылар өңірі. 500 мыңнан астам жұмысшы дәл осы өңірде еңбек етуде. Бүгінгі шарада озық тәжірибелермен бөлісіп қана қоймай, «Ақсақалдар кеңесінің» «Адал азамат» жобасының аясында дәл сондай азамат тәрбиелеу, өнегелі тәрбие беру жолдарын талқылаймыз, – деді Марат Әзілханов.

Қарағандыға еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуының көшбасшыларының бірі ретінде баға берген Марат Алмасұлы ұтымды қоғамның өзегі – жұмысшылар, еңбек адамы екенін атап айтты.

Еңбек адамы – елдің құты

Алғаш рет өткізіліп отырған «Адал азамат» жобасының жеңімпаздары – күнделікті еңбегімен өңірдің ғана емес, елдің дамуына зор үлестерін қосып жүрген жұмысшы мамандықтарының өкілдері. Себебі, аталған жоба адамгершілігі жоғары және жауапты тұлғаларды тәрбиелеуге бағытталған. ҚХА құрылымдарының басшыларынан құралған комиссия жеті номинация бойынша үздік өкілдерді анықтады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жеңімпаздарды іріктеу кезінде олардың кәсіби еңбегіне ғана емес, сондай-ақ, «Адал азамат» идеалының құндылық бағдарларын бейнелейтін жеке қасиеттерінің болуына да басты назар аударылған. Себебі, Мемлекет басшысы өз сөзінде «Адал азамат» тұжырымдамасының терең мағынасын түсіндіре отырып, жауапты азаматтың негізгі қасиеттері патриоттық, білімділік, еңбекқорлық, кәсібилік, жауапкершілік, әділдік, үнемділік және жауаптылық екенін бірнеше рет атап өткен болатын.

Сонымен, «Ерен еңбек иесі» номинациясының үздік өкілі ретінде Т.Күзембаев атындағы шахтаның алдыңғы қатарлы бригадаларының бірінің ұңғымашысы Нұрлан Сатмағамбетов танылды. «Шахтер даңқы» белгісінің толық кавалері болып табылатын ол «Адал азамат» идеалының «Еңбекқорлық» сапасының бейнесі болып табылады. Нұрлан Рашидұлы өмірінің 36 жылын шахтадағы жұмысқа арнаған. Өндірістік тапсырмалар мен көрсеткіштерді орындауда үнемі алдыңғы сапта көрінетін ол жас кадрларды тәрбиелеп, оларға тәлімгер болып келеді.

– Марапат мен үшін күтпеген жағдай болды. Шахтада ұңғымашы болып жұмыс істегеніме 36 жыл болыпты. Әскери міндетімді өтеп келгеннен соң, ұңғымашы мамандығына оқып, жұмысқа кірістім. Еңбегіміздің еленгеніне қуаныштымын, – дейді Нұрлан Рашидұлы.

Ал, «Ұлағатты ұстаз» номинациясындағы үздік өкіл, «Адал азамат» идеалының «Білімділік» шығармашылық сапасының бейнесі ретінде Вячеслав Варзин танылды. 60 жастағы Вячеслав Витальевич – Теміртау қаласының №14 мектеп-лицейінің физика және робототехника мұғалімі.

40 жылға жуық оқытушылық қызметпен айналысқан ұстаз, информатика бойынша авторлық бағдарлама мен физика бойынша ғылыми-әдістемелік кешен әзірлеген. Оқушылары – көптеген халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпазы. Теміртау қаласында робототехниканы бірінші болып дамытқан мұғалім.

Балалар мен жасөспірімдерге арналған Теміртау театрының 3-санатты тігіншісі Татьяна Рубан – «Мәдениет майталманы» номинациясының үздік өкілі, «Адал азамат» идеалының «Кәсібилік» сапасының бейнесі. Жұмысшы мамандықтарының жарқын өкілі ретіндегі Татьяна Владимировна 30 жылдан астам уақыт тігінші болып жұмыс істеді. Оның соңғы 13 жылда Теміртау театрының шығармашылық ұжымына тіккен киімдері жаңашылдығымен ерекшеленеді.

Ал, «Әділдік сақшысы» номинациясының үздік өкілі, «Адал азамат» идеалының «Әділдік» сапасының бейнесі болып табылатын Айдана Шаймерденова Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің ювеналды полиция тобының учаскелік полиция инспекторы. Ол – облыстағы кәмелетке толмағандардың қылмыстық істерін тергейтін жалғыз инспектор.

«Ержүрек құтқарушы» номинациясының үздік өкілі «Адал азамат» идеалының «Патриоттық» сапасының бейнесі болып табылады. Оған Қарағанды қаласы төтенше жағдайлар басқармасының №10 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары Магарби Бузуркаев лайық деп танылды. Өзінің батылдығы мен кәсібилігінің арқасында «Хантер» ЖШС-нің 10 газ цистернінің жарылысы кезінде өртті сөндіруді басқарып, 53 газ балонын шығарып, адам шығынының алдын алған Магарби Хасайнович «Төтенше жағдай кезінде өз өмірің маңызды емес, өзгенің өмірін құтқаруды ғана ойлайсың» дейді.

Ал, «Абзал жан» номинациясының үздік өкілі, «Адал азамат» идеалының «Жауапкершілік» сапасының бейнесі ретінде Ғалия Мыңтаева танылды. Ғалия Айтбайқызы Қарағанды қаласындағы №3 емхананың отбасылық денсаулық орталығының бөлім меңгерушісі, медицина үздігі.

«Ізгілік жаршысы» номинациясының үздік өкілі «Адал азамат» идеалының «Үнемшілдік пен жауаптылық» сапасының бейнесі. Дәл осы номинацияға Арина Бекбаева лайықты деп танылды. Ерікті үйсіз жануарларға арналған баспаналармен жұмыс жасай отырып, облыста зооволонтерлікті дамытуда. 2024 жылы баспанасыз қалған көпбалалы отбасына көмек ретінде Қайырымдылық балын ұйымдастырушылардың бірі.
Облыстық ҚХА «Ақсақалдар кеңесінің» төрағасы Бекзат Алтынбеков шын көңілден қуана білетін халыққа бақ та, бақыт та, құт та өзі келіп қонатынын айтады.

– Елдегі татулық пен бірлікті паш етіп, Қазақстанның басқа елдер алдында өнеге болуына 30 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан ҚХА – іргелі институт. Қазақстан халқы бейбітшілік пен достықты қалайды. Ол – тамаша жобалардың авторы әрі іске асырушысы. Елді шын пейілімен сүйетін, қолындағы барымен бөлісе алатын жомарт жандар Ассамблея төңірегіне топтасқан. Ал, қарағандылықтар қарапайым еңбек адамын қолдауда тек алда болмақ, – дейді Бекзат Қомарұлы.

Салтанатты шарада Марат Әзілханов «Адал азаматтың» үздік өкілі – Еңбек адамы Несібелді Досанованы ерекше атады. Ол көптеген жылдар бойы сауыншы ретінде еңбек етіп, Бұқар жырау ауданының қоғамдық саяси өміріне белсенді қатысады.

«Кеңесіп пішкен тон келте болмайды»

Іс-шараның ресми бөлігінен кейін ақсақалдар кеңесінің «Адал азамат – қоғам бірлігінің негізі» атты республикалық отырысы өтті. Отырысты облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей жүргізді. Отырысты ашқан ол Қарағанды облысының ерекшелігіне тоқталды. Бұл бейбітшілік пен келісімде 100-ден астам этнос тұратын өңірдің полиэтностығы екенін, сондай-ақ, дөңгелек үстелде «Адал азамат» жобасын жүзеге асыру талқыланатындығы маңызды екенін атап өтті.

Ал, Марат Әзілханов өскелең ұрпақты тәрбиелеуде, моральдық бағдарларды қалыптастыруда және этносаралық келісімді нығайтуда ақсақалдар кеңесінің шешуші рөлін атап өтіп, өңірдегі белсенді ақсақалдарды Алғыс хаттармен марапаттады.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин «Адал азамат» Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақсақалдар кеңесі жобасын іске асыру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру туралы баяндамасында өңірлердегі Ақсақалдар кеңестерінің қызметін қолдау және дамыту тетіктерімен бөлісті.

Қостанай облысының Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қалқаман Жақып болса, жастардың бойында адамгершілік қасиеттерді тәрбиелеу бойынша өңір тәжірибесімен бөлісіп, бұл үдерістегі ақсақалдардың рөліне тоқталды.

ҚХА Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Баян Ахатай отбасылық тәрбиенің, дәстүрлі құндылықтарды нығайтудың және ақсақалдар мен аналардың әлеуметтік мәселелердің алдын алудағы бірлескен күш-жігерінің маңыздылығына назар аударды. Ал, ақсақалдардың этномәдени бірлестіктермен өзара іс-қимылының маңыздылығы туралы Алматы қаласы Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Болат Оспанов мәлімдеді.

Жастардың еңбек құндылықтарын қалыптастыру туралы Павлодар облысы Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Василий Рак бөлісті.

Ал, профессор, «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нұрсахан Бейсенбекова «Адал азамат» тәрбиесіндегі «Алаш идеясының іргетасы» тақырыбында әңгімеледі.

Жиынға қатысушылар Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақсақалдар кеңесі бастамасымен «Адал азамат» жобасын талқылады. Жоба жетекшісі – Қарағанды облысының Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бекзат Алтынбеков.

«Адал азамат» жобасы жастарды да, ересек ұрпақты да қамтитын әлеуметтік топтардың кең ауқымына бағытталған. Мақсаты – азаматтарда отансүйгіштік, әлеуметтік жауапкершілік, Қазақстанның еңбегі мен мәдени мұрасын құрметтеу құндылықтарын қалыптастыру. Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар «Адал азамат» жобасы аясында өскелең ұрпақты тәрбиелеу бойынша жұмысты күшейту қажеттігі туралы шешім қабылдады.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button