АймақОсакаров

Ассамблея өкілдері – аудан орталығында

Қарағанды облысындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері «Бірлікпен гүлденген Сарыарқа» атты көшпелі көрмемен Осакаров кентінде болды. Бұл шара Қазақстан халқы Ассамблеясының биылғы 30 жылдық мерейтойына арналған.

Суреттер Sarybel.KZ газетінің редакциясынан

Құрамында облыстық ҚХА төрағасының орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты Игорь Жабяк, «Қарағанды еврей мәдениеті орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Вилен Молотов-Лучанский, облыстық ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» КМК-нің директоры Гүлнар Қасембаева, облыстық ҚХА Аналар кеңесінің мүшесі, «Өмір сыйла», «Благо» қайырымдылық қорларының құрылтайшысы Марина Шиллер, SMART Assembly жобасының жетекшісі Ернар Рақышев бар делегация жергілікті халықпен кездесіп, келелі мәселелерді талқылады.

Астана мен Қарағандыны жалғайтын Осакаров ауданында қазіргі уақытта отыздан астам ұлт пен ұлыстың өкілдері тұрады. Алуан ұлттың өкілдері тонның ішкі бауындай араласып, тату ғұмыр кешіп жатқан елдің бір жарқын мысалы дәл осы өңір десек қателеспейміз. Аудандағы Аналар кеңесі мен Ақсақалдар кеңесі тұрақты жұмыс істеп, қоғамдық өмірге белсене араласып келеді. Бұл құрылымдар түрлі бағыттағы қоғамдық, мәдени, тәрбиелік маңызы зор шаралар ұйымдастырып, ұлттар арасындағы өзара түсіністік пен сыйлас­тықты нығайтуға айтарлықтай үлес қосып жүр.

Аудандық мәдениет үйінде өткен кездесу басталмас бұрын, жиылған көпшілік алдымен Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Бірлікпен гүлденген Сарыарқа» көрмесін тамашалады. Мұнда Қарағанды облысындағы этномәдени бірлестіктердің осы жылдар ішіндегі жетістіктері көрініс тауып, қолөнер туындылары көпшілік назарына ұсынылды. Көрменің ашылуында, сонымен қатар, Қарағанды облысындағы Қазақстан халқы ассамблеясының тыныс-тіршілігі туралы бейнефильм көрсетілді.

Ассамблея мүшелерінің Осакаров ауданының халқымен кездесуінде негізінен қоғамдық мәселелер көтеріліп, ұлттар достығының мән-маңызы, адами құндылықтар туралы әңгіме өрбіді.

Бұдан бөлек, Қарағанды облысы ҚХА төрағасының орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты Игорь Жабяк Осакаров ауданы Ақсақалдар кеңесінің мүшелерімен, ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы А. Қиясова аудандағы Аналар кеңесінің өкілдерімен және осакаровтық жастармен арнайы кездесіп, олардың жекелеген мәселелер бойынша сауалдарына жауап беріп, құқықтық тұрғыдан кеңес­терін айтты.

Халықпен кездесу барысында өнерпаздарға да кезек берілді. Осакаровка халқы осы кешке арнайы келген белгілі қобызшы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғайни Болтаеваның, «Қарағанды еврей мәдениеті орталығы» қоғамдық бірлестігінің әншісі Светлана Бойконың, Шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің «Вайнах» би ұжымының, сонымен қатар жергілікті өнер иелерінің концертін тамашалады.

Осакаров кентіндегі кездесулер мен көрме көп ұлтты еліміздегі этностардың достығын, өзара түсіністігі мен бірлігін нығайтуға аз да болса үлес қосары сөзсіз. Аудан әкімінің орынбасары Динара Қошкенова қонақтарға осы игі шаралар мен ел бірлігі жолында атқарып жүрген жұмыстары үшін көпшіліктің атынан алғыс айтты. Шынында да, бейбіт өмірдің қадірін сезіне түсу үшін мұндай кездесулер мен қоғамдық шаралардың маңызы аз емес.

Болатбек ӘШІМҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Осакаров ауданы

Басқа материалдар

Back to top button