Басты тақырыпРуханият

АСПАПТА ДА АВТОР БАР

АСПАПТА ДА АВТОР БАР

(Қаламгер Мағауия СЕМБАЙДЫҢ «Қу тақтайды сөйлеткен Аман» атты шығармасы хақында)

     Бүгінде ешнәсеге таңданбайтын болдық. Бұрын сұлулыққа сүйсіну немесеерекше бір көрініске таңырқау – сол құбылысты танудың, соған баға берудің белгісіндей болушы еді. Жақсылық атаулыға бәрі бірдей жаппай қуанып, жамырай сүйсініп жататын. Бүгінгілердің аузынан ондай сөзді алу да, көңілінен қуат табу да қиын. Бәрінің көкірегін «Е, онда тұрған не бар, білімі төмен, бітімі болымсыздар таңырқаса, таңырқай берсін. Өзімізден мықты ешкім жоқ», – дейтін астамшылық жаулап алған сияқты. Менің ойымша, адам сүйсіну мен таңырқау қасиетінен ада болған сәтте-ақ әрекетке бар да, сезінуге жоқ роботқа айналады. Роботтан «жақсының жақсылығын айт, нұры тассынды» күту қиын.

    Ал, менің «нұрын тасытқым» бар. Себепкері – әріптес дос Мағауия Сембайдың жуырда ғана «Орталық Қазақстан» бетінде жарық көріп, жарқын сезімге бөлеген «Қу тақтайды сөйлеткен Аман» атты шығармасы. Ойы орамды, тілі құнарлы, тақырыбы соны осы туындысына автор «очерк» деген айдар тағыпты. Қайран очерк! Бір заманда журналистиканың ең төре, ең төбе жанры болып еді ғой. Оған екінің бірі, егіздің сыңары қалам тарта бермейтін. Білекті батырлар ғана «ала өгіздей мөңірете» алар қара садақтың қайыс адырнасындай ол кез-келгеннің икеміне көне қоймайтын. Сол «қайыстың» көр-жер тастайтын қойманың шаң басқан бір қуысында қурап жатқанына жиырма бес жылдың жүзі болған… Енді, міне, арада ширек ғасыр өткенде шіріді, құрыды деген бұйымың «Қу тақтайды сөйлеткен Аман» болып шиыршық атып шыға келеді, – деп кім ойлаған?!

    О, қаламға біткен қыңырлық, қаламгерге біткен қайсарлық! Осылай өлгенді тірілтіп, өшкенді жандырар болсаң, жасай бер, жарқырай бер, – дегім келді сол сәтте. Фельетон болса бір жөн, «итжеккенге» құдай текке айдалып кете барған жанрдың қотанына қатып оралғанына қуандым. Оралғанда айдауда жүргендей арып-ашпай, қоңды пішінмен қайырылғанына тоғайдым. Сөйтіп, құрығы құтты жылқышы секілденген Мағау журналистиканың жал-құйрығы қаба бір жанрын қағаберістен қақпалап әкеп үйіріне қосты. Ендігі міндет – үйренісіп кеткенше жал-құйрығына шаң тигізбей мәпелеу. Яғни, жасы боп, жасамысы боп тағы бір осындай он сан очеркті өмірге әкелу. Күйшілік өнердің көне аспабы домбыра мен сол аспапты жасайтын шебердің жайын шертпе күйдің шеріндей төгілдірген «Қу тақтайдың…» мысалы осыған меңзейді. Қос жанары бірдей суалған атасы Төлеубектің әлдебір ағашты сипалай отырып домбыра жонғанын шикі бала кезінде көрген болашақ редактор «сол кезден бастап, шебердің қос шырағы саусақтарының ұшында тұрғандай көрінеді маған», атадан сый болып келген сол домбыра шын шебердің қолынан алған тұңғыш бұйымым еді, – деп толғайды. Бұл сөздердің астарында әрі атаға деген құрмет, әрі осындай тағы бір шеберді қашан кездестіремін деген аңсар да жатқан сияқты. Сол аңсар – сол Аманмен Мағауия арада ондаған жыл өткенде ғана кездескен…

   Очерктің өн бойында бебеулеп тұрған бір күй – аталар өтті-кетті, енді осы аспаптың қадіріне жетіп, қаңқасын құрастыра алар кім бар, үрдісті үзіп алмас па екенбіз деген дегбірсіз сұрақ. Авторды арғы-бергі жазба мұраларда күміс көмей әнші мен дәулескер күйшілер жөнінде ғана мағлұматтар кездесіп, ал, сол өнер жұлдыздарының қолындағы қоңыр қаздың үніндей күмбірлеген аспапты кім жасағаны туралы мәліметтің жұтаңдығы да толғандырған. Шынында да, алты алашқа аты мәлім Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет сынды саз саңлақтарының талғамынан шығып, талабынан табылған хас шеберлер хақында қайсымыз не білеміз?! Білмесек, бұл да бір олқы түсіп, опырылып жатқан тұсымыз емес пе?! Тіпті, шығармаларында күй мен күйшілік өнерін көп күйттеген Ақселеу ағамыздың өзінен аталған сұрағымызға анық жауап табу қиын. Мұның бәрі жұртымызға тән салғырттығымыз бен салақтығымыздың салдары екенін сезінген автор аталған еңбегінде сол олқылықтың орнын толымды бір бейнемен толтыруға тырысыпты. Кіммен дейсіз ғой…

   Ол – бес жасынан домбыра ұстап, кейін дәулескер күйші Мағауия Хамзиннен тәлім алған, тәлім ала жүріп сал домбыраның сымбат-бітіміне назар аударып, өзі де домбыра жасауға бейіл болған, бейіліне Ақсораңның аршасы мен қарағайы бекемдік берген, сол бекемдігі хас шеберлікке ұласып, республикалық «Үкілі домбыра» сайысында үш рет жүлделі орын алған, Нұрғиса Тілендиев, Уәли Бекенов және Қаршыға Ахмедияров сынды саңлақ ағалардың биік бағасын иеленіп, Құрманғазының 175 жылдығы тойында жасаған домбырасы мұражайға өткен, енді біреуі Елбасына сыйлыққа ұсынылған бүгінгінің буыны былқылдаған шебері – Қазақстанның жалқысы, қалған кеңістікте екеу-үшеудің бірі Аман Сәдуақасов.

   Мағауия кейіпкері Аманның қарекет-кәсібін кестелегенде оны баяғыда өткен Төлеубек атасының ісін лайықты жалғастырып келе жатқан зерделі шәкіртіндей сезініп, аса жылылықпен суреттейді. Он саусағынан мөрі тамған шебер атасы туралы әңгіме сәтінде Аман «алақанын ашып, саусақтарына қарай берді» деген жолдарды оқығанда өзің де толқып кеткеніңді аңғармай қаласың. Аман неге саусағына үңілді? Әлде ол маңдайдағы қос шырағынан басқа, Төлеубек атасы құсап саусағынан да көз іздеді ме екен?! Әсте олай емес. Бұл – оның алыс заманда өткен ата аруағын ардақтауымен қатар, солардан қалған аманат-іске лайықты бола алар ма екенбіз деген ізеттілік белгісі болатын.

    Автор хас шебердің қолынан шыққан домбыра дыбысын ісмердің өз шертісінде тыңдай отырып, шанақтан төгілген алуан үннің атын кемі жиырма сөзбен жетелепті. Кезінде Әбдіжәміл Нұрпейісовтің де Арал теңізі толқындарының атау-түрін алпысқа жеткізгені бар. О, күрмеуі көп шығармашылық әлемінің тылсымға толы тірлігі! Анда Аралдан шыққан ақсақал толқынның пәленбай түрін түгендеп жатса, мұнда біздің Мағауия домбырадан төгілген үннің түр-түрін моншақша тізуде. Бұл қаламгер қауымының ұлысы болсын, кішісі болсын әуелейтін әлемі ортақ болғаннан кейін, лебіздері де ұқсай береді екен-ау, Аралдың асты-үстін сүзген қариямыз «қасқа» болғанда, Қарқаралының қарағайынан шабылған домбыраның дыбысын қозыдай көгендеген біздің баланың «төбел» шыққаны жөн болған, – деп қуандым. Білгенге бұл да бір жақсы ырым. Ұлылармен ойлау жүйең, сөйлеу мәнерің зәуімде бір қатарласып қалудың өзі де ғанибет қой.

    Автор біз сөз етіп отырған очеркінің материалдарын саусақтан сорып, немесе көр-жерден құрастырып әлек болмаған. Тақырыбын біліп, танымын түгендегені төтенше байқалады. Дерекке мығым, детальға бай. Сөйлемді тез де жатық құратын адам ғана жазушы бола алады, – деп Мағауин ағасы айтқандай, қалыптасқан қағілез де қапысыз стилінен әсте жаңылмаған. Қара сөздің қаймағын қалыңынан сыпырып, молынан шалқиды. Содан да шығарма жүрдек оқылады. Бұл – баспасөз саласында қызмет істейтін көптеген әріптестеріміздің қаламында кездесе бермейтін қасиет. Әйтеуір, ауылдың ажарлы тіліне қаныққаны бар, Шерхандай шерінің тоқпағынан тосылмай өткені бар Аллам оны әлгіндей шалағайлықтан қағас ұстапты. Қою тіл, қомақты ойдың жетегінде отырып, бір Аманның ғана емес, домбыра жасау өнерінде еңбегі еленбей, аты аталмай кеткен бұрын-соңғы шеберлердің де жоғын жоқтапты. Сөйтіп, бас кейіпкер Аманның образындағы штрихтар арқылы әншісі мен күйшісін қадірлей білген жұрт солардың қолындағы аспаптың да авторы бар екенін ұмытпаса екен деген ойды әдемі меңзепті. Домбыра шертуге өзі де шет емес ол батыр ағасы Тоқтар Әубәкіров пен бағылан көкесі Мұхтар Мағауинге де осы Аманның домбырасын сыйға тартқан. Қазір Прагадан Вашингтонға жылып қонған Мұхаң бауыры Мағауияның қолынан осы бапты домбыраны алып тұрып бүкіл қазақ даласымен қауышқандай тебіренген екен.

    «Қу тақтайды сөйлеткен Аманда» есімі аталған маманның айғақтауы бойынша, «ми» мен «фа» ноталарының арасында Байжігіт күйлерінде кездесетін, қашаған пернеден сұқ саусақпен ғана сауып алатын дыбыс бар көрінеді. Ал, ондай дыбысты кез-келген қара домбырамен емес, Амандай шебер жонған дара домбырамен ғана ілуге болатыны айтпасақ та түсінікті. Осы арада қазақтың маңдайына сыймай кеткен дарабоз әншісіне арнап жазған аза өлеңімде «жеті нота жетпей қап ер Батырхан, сегізінші нотада кетті үзіліп» деп жазғаным есіме түсті. Әрине, біздікі ақындық шалқу. Бірақ жақсы домбырамен сегізінші нотаны да баурап алуға болатынына сенгің келеді

    Сөзімізді шиыра келгенде, Мағауия Сембай аталған очеркі арқылы күйші мен әншіні ғана елеп, ал, солардың қолындағы аспапты жасаушының есімін ескере бермейтін ескі сырқатымыздың бетін ашып, сауапты шаруа жасапты. Құдая, тәубә, бүгінгінің Құрманғазысы, Тәттімбеті, Байжігіті – менмін дейтін күйші, бүгінгінің Біржаны, Ақаны, Әсеті, Мәдиі – менмін дейтін әнші болса, соған лайық аспап жасап беретін шебер де бар екен. Бірақ шанағы шешен үнге үйездеген домбыраларын көп қабатты үйдегі пәтерінде жасайтын шеберге арнайы шеберхана керек-ақ. Мәдениет басқармасы, мүмкін, мәмілеге келер. Келмесе, ұстаз шәкіртсіз қалар. Шәкіртсіз қалса, өнер өшер. Автордың осы уайымына біз де қосыламыз.

   Көркем әңгіменің мәртебесіне көтерілген осы очеркінде Мағауия он саусағынан өнер тамған шеберлердің арқасында атадан келе жатқан ісімерлік дәстүрдің үзілмегеніне тәубешілік етіп, сол бабалар төккен тердің бір тамшысы – бүгінгі Аман деген қортындыға келеді. Тағы да ойыма осыдан он жыл бұрын жазылып, «Төр» атты кітабыма шығып кеткен «Тамшы» атты өлеңімдегі «Шыңдар, сен де шікіреймей шамаңды ұқ, Құмдар, сен де бүкіреймей бағаңды ұқ. Тамшының да өз тамшысы болады, Сол тамшыға тілейтінім – амандық.», – дейтін шумақ оралды. Ал, Мағауия осы бір құнан қойдың сүбесіндей еңбегін «Осы тамшыдан айырлып қалмайық», – деп аяқтапты. Менде қара өлең, онда қара сөз түрінде тоғысқан ортақ ой, орнықты түйін. Кездейсоқтық па, заңдылық па?! Қайсысы болса да қабыл аларлық құбылыс.

Абзал БӨКЕН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button