Аспан әлеміндегі арман
Жансая Ғаниқызы – Air Astana әуе компаниясының тәжірибелі әрі кәсіби бортсерігі. Жастайынан мақсаткерлігімен ерекшеленетін ол – жан-жақты дамуға талпынып, үнемі өзін шыңдап жүрген қайсар ару. Әу баста бортсерік болуды армандамағанымен, таңғажайып тағдыр оны осы жолға жетеледі. Ең қызығы, шетел көріп, түрлі мәдениеттермен танысуға деген ерекше құштарлығы оны әуе кеңістігіне жетелеген. Қазіргі таңда Жансая өз ісінің шебері ғана емес, көптеген жастарға шабыт сыйлайтын тұлғаға айналды.

«Бортсерік хикаяты» 2017 жылы бастау алды. Күтпеген бір сәттіліктің арқасында Жансаяның түйіндемесі елдегі беделді әуе компаниясының басшылығының назарына ілігеді. Осылайша қарапайым құжат кәсіби үш тілде жүргізілген күрделі сұхбатқа ұласады. Қатал іріктеудің төрт кезеңінен сүрінбей өткен ол бойындағы сабыр, икемділік пен зияткерліктің арқасында ерекше болмысты бортсерік атанды. Содан бері Жансая үшін аспан әлемі тек жұмыс орны ғана емес, арманға апарар жолдың бірегей көрінісіне айналды.
– Бортсерік – сырт көзге сымбатты, келбетті маман болып көрінгенімен, шын мәнінде бұл кәсіпке қойылар талап өте жоғары, – дейді Жансая. – Ең алдымен, денсаулық ғарышкердікіндей мықты болуы қажет. Кемінде үш тілді еркін меңгеру – басты шарттардың бірі. Ал, бой ұзындығы 165 пен 175 сантиметрдің аралығында болуы міндетті. Қызметке қабылданар тұста үш айлық арнайы оқу мен тағылымдамадан өттік. Сол кезеңде бізге ұшақтың ішкі-сыртқы құрылымынан бастап, төтенше жағдайлар кезіндегі әрекеттерге дейін үйретілді. Бұл қызметтегі басты миссиямыз – жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Аспан төріндегі әрбір сапар – үлкен жауапкершілікпен өлшенеді, – деді шын көңілмен бортсерік қыз.
Спикердің айтуынша, әуедегі өмір – тәртіп пен үйлесімділіктің тұтас жүйесі. Ұшақ бортындағы әр қызметкердің рөлі – тек кәсіби міндет емес, үлкен жауапкершілікке құрылған миссия. Тек бір-бірін толықтырып, бірегей мақсатқа жұмыла жұмыс істеген ұжым ғана жолаушылардың амандығын қамтамасыз ете алады. Бортсерік – «сегіз қырлы, бір сырлы» болуға тиіс. Бұл кәсіп тек келбетпен өлшенбейді. Аспандағы әрбір сәт – шешімді дұрыс қабылдай білу мен адамдармен тиімді қарым-қатынас орната алуға байланысты. Қайткенмен де, халықпен жұмыс істеу – аса күрделі іс. Рейстегі өмір риясыздық пен шынайылықты талап етеді. Мұнда жасандылық пен бейжайлыққа орын жоқ.
Жансая – нағыз заманауи тұлға. Қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілін еркін меңгерген, жан-жақты білімді маман. Оның еншісінде – PhD докторы ғылыми дәрежесі. Осындай биік жетістіктерге жетсе де, өзін мақтанмен емес, іспен танытуды жөн санайды. Әңгіме барысында да қарапайымдылығын жоғалтпай, салмақты қалпынан айнымайды. Бортсеріктің еңбекақысы көпшілік ойлағандай дәстүрлі айлық жүйемен емес, ұшу сағаттарының көлеміне қарай есептеледі. Мәселен, бір айда бортсерік орта есеппен 80-90 сағатын әуеде өткізеді. Соған сәйкес, еңбекақысы да соған сай белгіленеді. Еңбектің қарқыны жоғары болғанымен, айына 7-8 күндік демалыс қарастырылған. Бұл – тынымсыз еңбектің орнын толтырардай аз уақыт болса да, дем мен тыныс алуға мүмкіндік беретін маңызды кезең.
– Бала күнгі арманым – ақзер әлемді көру еді. Сол мақсатыма жеттім. Жиһанның жеті бұрышында болдым, ұшқан құстай еркін самғадым. Осы жұмыс маған сол арманның есігін айқара ашты. Әр рейс – жаңа оқиға, жаңа таныстық. Әр сапарда әртүрлі бортсерікпен бірлесіп еңбек етеміз, әр жолаушы – өзіндік мінез, тағдыр, мәдениет. Сондықтан да, күн сайынғы тіршілігіміз – сан қырлы, тосын әрі қызықты. Жұмыстың өзіне тән ауыртпалықтары жоқ емес. Уақытпен санаспай еңбек ету, биіктегі жауапкершілік, алуан түрлі мінез-құлықпен бетпе-бет келу оңай шаруа емес. Бірақ, бәрі де сол – жолаушылардың амандығы мен жайлы сапары үшін, – деп түйіндейді Жансая.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»