Жаңалықтар

«Аспан адамы» – ұрпаққа ұлағат

ҚР Қарулы күштерінің 30 жылдығы аясында екі мәрте Кеңес Одағының батыры, авиация генерал-майоры Талғат БИГЕЛДИНОВТІҢ 100 жылдық мерейтойына орай Қарағанды Республикалық «Жас ұлан» мектеп-интернатында батыр рухына тағзым етіліп, мектеп алаңындағы ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Бұл шараға ҚР Қарулы күштерінің ардагерлері мен облыс әкімінің орынбасары Ербол ӘЛІҚҰЛОВ бастаған бір топ ел азаматтары қатысты.

Алдымен, Қарағанды гарнизонының жеке құрамы сапқа тұрып, «Астана» өңірлік қолбасшылығының әскерлер қолбасшының міндетін атқарушы, полковник Шәкен Жарылқасынов жарғыға сай сәлемдесіп, мерекемен құттықтады.

Батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, қайсар бабамызды бір минут үнсіздікпен еске алып, құрмет көрсетті.

– Кеңес Одағының екі дүркін батыры Талғат Би- гелдинов өлмес ерліктерімен ел есінде қала білді. Оның өнегелі өмірі жас сарбаздарды жауынгерлік рухта тәрбиелеп, ерліктерге бастайды. Батыр бабамыздың 100 жылдық мерейтойы ҚР Қарулы күштерінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келді. Осы жиынды пайдалана отырып, бәріңізге мықты ден- саулық, бейбітшілік, амандық тілеймін. Отан игілігі жолындағы абыройлы қызметте толағай табыс тілеймін, – деді облыс әкімінің орынбасары Ербол Шымкентбайұлы.

Талғат Бигелдинов – Кеңес Одағы батыры атағын екі мәрте алған қазақ халқының мақтанышы. Әскери әуе жолдарын бағындырып, «Аспан адамы» атағына ие болған қаһарман атамыздың есімі әлдеқашан даңқ биігіне шарықтап кеткен.

Талғат Бигелдинов 305 әскери шабуылға шығып, көптеген ұшақты құлатып, жүздеген командалық тапсырмаларды шебер орындаған. Ол Берлин үшін жүргізілген шайқастарға белсенді қатысып, мыңдаған жауынгермен бірге Қызыл алаңнан жүріп өтіп, елге нағыз батыр болып оралды.

– «Тау баласы тауға қарап өседі» демекші, жастарды тәрбиелеу үшін биікті, шыңды көрсетіп, оған апарар жолды меңзеп отыру керек. Талғат Бигелдинов – сондай үлгі етуге тұрарлық ерліктің бір шыңы. Ұлы Отан соғысына қатысып, қазақ жерін жаудан жасқанбай қорғай білген тұлға. Қазақтан шыққан алты ер жүрек азамат екі рет Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылып, Талғат ағамызға ғана берілген. Бұл оның аласармас даңқын аңғартады, – деді ҚР Қарулы Күштерінің ардагері, Ауған соғысының ардагері Амангелді Жантасов.

Ол ұзақ та, жарқын өмір сүрді. Қиындыққа мойымай, бастаған ісін әрдайым соңына дейін апаратын. Оның өнегелі өмір жолы жас ұрпаққа қашан да үлгі. 1957-1970 жылдар аралығында азаматтық авиацияны басқарып, Алматы, Ақмола, Арқалық, Қызылорда, Тараз сынды қалаларда әуеежай салу ісіне өлшеусіз үлес қосты.

– Мен – осы әскери мектептің «Жас ұланымын». Қазір II курсқа көштім. Мектебіммен мақтанамын, ата-анамның үмітін ақтаймын. Осындай мүмкіндік берген ата-анамыз бен мемлекетке мың алғыс. Өмірімді әскери қызметке арнап, Отан үшін аянбайтын офицер болғым келеді. Т.Бигелдинов атамыздың ерлік жолы бізге қашанда үлгі, – дейді Кенесары Боранбаев.

Жәлел ШАЛҚАР.

Суретті түсірген Д.ҚҰРМАНҒАЛИЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button