Жаңалықтар

«Аспанға жазам сенің есіміңді…»

Көктемнің алғашқы лебімен бірге дүние дидарына нұр болып енетін, табиғат-ананың қайта түлеген шағымен үндесетін ең шуақты мереке – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні де келді. Бұл айшықты күн – тек күнтізбедегі қызылмен белгіленген дата ғана емес, бұл – әлемді тербеткен Әйел-Анаға деген шексіз тағзым мен іңкәрліктің асқақ жыры. Нәзіктік пен парасат салтанат құрған бұл сәтте жер-жаһан мейірімге бөленіп, тіршілік атаулы ананың аялы алақанынан жылу іздегендей күй кешеді. Сондықтан да, сәулелі сәтте айтылар ақжарма тілектер мен ең асыл теңеу­лердің барлығы – өмірдің өзіне айналған, шуағын шашқан арулардың құрметіне арналмақ.

Суретті түсірген Ақбота Мұхамедина

Қазақ дүниетанымында анаға деген құрмет – тал бесіктен басталған киелі ұғым. Біз – Ұмай ананың тектілігін бойына сіңіріп, Домалақ ананың даналығымен сусындаған халықпыз. Ұлылардың заңғар биікке шығуына, батырлардың қайтпас қайсар болуына себепкер де – Ана. Халқымыздағы «Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен» деген терең мағыналы тәмсіл ананың қоғамдағы, ұлт болашағындағы орнын айқын айшықтайды.

Ананың әлдиімен құлағымызға ана тілі сіңді, мейірімімен жүрегімізге адам­гершілік ұялады. Сондықтан да, қазақ баласы үшін ана – таусылмайтын мейірім, сарқылмайтын бұлақ.

Қазақ әйелінің тарих сахнасындағы бейнесі – төзім мен парасаттың символы. Қазақтың ақиық ақыны Қадыр Мыр­за Әлі: «Төзіміңді берсе сенің темірге, темірдің де түгі кетпес көмірге. Қазақ қызы, қайран қазақ әйелі, не көрмедің, не көрмедің өмірде?!» деп жырлағандай, иығымен тарихтың талай тауқыметін көтере білген қайсар жандар – біздің аналарымыз. Томиристің айбаты, Қарқабат ананың кеңдігі, Мәншүк пен Әлияның өршіл рухы – бүгінгі арулардың да бойынан табыла беретін асыл қасиеттердің қайнар көзі.

Алаш арысы Мағжан Жұмабаевтың: «Әйел – ердің тәңірі, жарата да алады, сүйдіре де алады, күйдіре де алады», – дегені тегін емес. Бұны әйел затының құдіретіне, оның ер-азаматтың рухын көтеріп, биік белестерге жетелейтін күшіне берілген ең жоғары баға деп білсек болады.

Бүгінгі таңда да қазақ әйелдері қоғамның қай саласында болсын, білім мен ғылымда, медицина мен мәдениетте, журналистика мен өндірісте ел дамуының қозғаушы күшіне айналды. Олар мемлекет ісіне араласа жүріп, ошақ қасының алтын қазығы болуды, ұлт тәрбиесін ұлықтауды қатар алып келеді.

Жаһандану дәуіріндегі еліміздің білім беру саласы – толықтай нәзік жандылардың иығында тұр десек, асыра айтқандық емес. Оқу-ағарту министрлігінің соңғы деректеріне сүйенсек, еліміздегі педагогтердің 81,9 пайызын әйелдер құрайды. Бұл – жарты миллионға жуық, нақтырақ айтсақ, 492 938 ананың ұлт болашағын қалыптастырып, өскелең буынды білім нәрімен сусындатып отырғанының айқын айғағы. Осынау ұлы миссияны абыроймен атқарып жүрген ұстаздар қауымы – ұлттың зияткерлік әлеуетін сақтаушы нағыз жанашырлар.

Өйткені, ана тәрбиесі – ұлт тәрбиесі. Әр перзенттің мінезі мен адамгершілігі – ананың төккен мейірімі мен ықыласының жемісі. Халық даналығындағы: «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, қарызыңнан құтыла алмайсың», – деген сөз ана еңбегінің өлшеусіз екенін білдірсе керек.

Кемеңгер жазушы Мұхтар Мағауин айтқандай: «Әлемдегі ең сұлу – қазақ әйелі: менің жарым, менің анам, менің қызым. Қазақты қазақ қылған осы әйел болатын, сұлу ғана емес, сымбатты, мінезді, ақылды, адал жар, абзал ана, ағайынға қамқор, ауыл-аймаққа құт, ердің мақтаны, елдің көркі».

Әйел заты – жер бетіндегі ізгілік пен парасаттың, шексіз мейірім мен шуақтың бірегей қайнар көзі. Әлемнің жарығын сыйлаған, тіршіліктің тал бесігін тербеткен аяулы аналар мен қадірлі арулардың алдында бүкіл адамзат баласы қарыздар.

Шындығында, анаға деген құрмет бір күнмен шектелмейді. Ана есімі – адамзат үшін мәңгілік киелі ұғым, аспанға алтын әріппен жазуға лайықты ұлы есім. Әлемнің жарығы мәңгі сөнбесін! Өйткені, сол жарықтың иесі де, киесі де – сіздерсіздер, аяулы Аналар мен қадірлі арулар!

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button