Руханият

Қаскеңнен қалған сөз

Жақында ғана Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы атанған Арқа баспасөзінің ардагері Қасым Орынбетовтің ел арасына тараған есті әңгімелері, өзінің ұлағатты сөздері кітап боп жарыққа шықты. «Әкем айтады» деген атау­мен. Авторы – Қазақстанның Құрметті журналисі, қызы Мақпал Орынбетова.

Алматыдағы «Курсив» баспасынан 3000 данамен жарық көрген жаңа кітап біздің де қолымызға алғашқылардың бірі болып тиді. Жаңа жинаққа енген әңгімелердің денін Қасым ақсақал дастархан басында айтқан. Соны автор жазып алып, «facebook» әлеуметтік желідегі парақшасына жариялап отыр­ды. Кітапты парақтап шыққанда сол жердегі жазбаларды кезіктірдік. Желідегі оқырмандардың оң бағасын алған-тын. Қаскеңнің келесі айтқандарын асыға күтіп отыратынбыз.
Бұдан біз мынадай ой түйеміз: әкенің мың жылға азық болатын ұл-қызына деген ұшан-теңіз ұлағатын, қызының әкеге деген құрметін көреміз.

«Әкем айтады» кітабының бет­ашар сөзін ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының әдеби лауреаты Светқали Нұржан ағамыз мөлдірете жазыпты.

«Мұхтар Мағауин ағамыздың «Мен «советтік адам» емес едім» дегеніндей, сол қоғамда ержетіп және саясатын насихаттауға тиісті БАҚ саласында ғұмыр бойы қызмет етсе де, бойындағы бағзыдан қалған жұпарын жоғалтпаған қайран Қасым аға! Бұл кісінің ауызекі әңгімелерін оқып шыққан адам сонау хан Абылай, Қаздауысты Қазыбек заманынан бүгінге дейінгі кеңістікті адаспай кезіп шығары анық. Құдай-ау, бұл әңгімелерде кім және не жоқ дейсің?! Сонау әулие бабалардың еренғайып істері: таңдайына бал тұнған билердің таңдайқата қылар сөздері; әлмеғайыптағы жұлынжұтқан ерлердің тұлынтұтқан әрекеттері; көненің қазақы даналықтары, тіпті, бастауы сол даналыққа барып тірелер әзіл-қалжыңдары; өз замандастарының өнегелі қимылдары; бүгінгі ұрпақтың үмітартар тұлғалары… Осылардың бәріне – ақсақалдықтың биігінен көз жүгіртіп, ой кідіртіп, пікір түйіп отыр­ған Хикметұлы Қасым қария…» деп толғаныпты ақын Светқали Нұржан «Тектіліктің жүзге жұққан бояуы» атты алғысөзінде.

Сериялы әңгімелер кітабы «Сананы оятқан алыптар», «Әкемнен естіген есті сөздер», «Нағашылар», «Достар туралы», «Оймақтай ойлар», «Әке туралы», «Өз ойым» атты бөлімдерден тұрады. Сонымен қатар, фотосуреттер топтастырылған.

«Рухани тәрбие – ұлтты біріктіруші қуатты құбылыс. «Ақ жол» партиясының «Алаш» сөзін аяулы ұғым, қасиетті түсінік ретінде қоғамымызды асқақтатып айтылуына мұрындық болып жүргені белгілі. Осы жинақтың шығуына «Ақ жол» ҚДП төрағасы, ҚР Парламент депутаты А.Перуашевтің көмек қолын созуы – тарихи тамырымызды қастерлеуіміздің көрінісі, өсер жұрттың өнегесі», деп жазыпты автор кітабының соңына.

Дастархан басында айтылған әке әңгімелері рухани азықтың дастарханына айналып отыр. Отбасылық ортақ олжаны сақтап қалуды көздеген «Әкем айтады» кітабы – оқырманның нақ олжасы дегіміз келеді.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button