Руханият

Қасіретін қылқаламмен шайған

Танымал суретші Кәріпбек КҮЙІКОВТЕЙ тағдыр кешкен суретші аз шығар. Семей ядролық полигонының ащы зардабынан қолсыз дүниеге келсе де, өмірге құштар. Оның тісімен салған суреттеріне қарасаң, полигон қасіреті көз алдыңа еріксіз оралады. Шығармалары жер-жаһанға қасірет уын төккен ядролық жарылысқа қарсы адамзат баласының ізгілігін оятады. Туындылары ерекше суретшінің жеке көрмесі облыстық бейнелеу өнері музейінде ашылды.

Көрмеге автордың 60-тан астам еңбегі қойылған. Іс-шара барысында оның «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жарық көрген «Шын жүрекпен құттықтаймын» атты шығармашылығы мен қызметі жайлы мәліметтер мен суреттер топтастырылған кітап-альбомының да тұсауы кесілді. Кітапта Халықаралық антиядролық қозғалыстың белсенді мүшесі, «Атом» жобасының құрметті елшісі, «Құрмет» орденінің иегері, Нобель сыйлығының номинанты, халықаралық «Ядролық жарылыссыз болашақ», «Аманат» қоғамдық сыйлықтарының лауреаты Кәріпбек Күйіковтің шығармашылығы мен өмірі суреттелген.

Суретші Америка, Жапония, Германия, Түркия, Қытай елдерінде көрмесін ұйымдастырған. Сондай-ақ, бірнеше шетелдік және қазақстандық музейлерде жұмыстары сақтаулы тұр. Автордың түрлі бағыттағы мыңға тарта шығармалары бар.

Салған картиналары көбіне шағын форматта. Қазіргі таңда немере іні-қарындастары суретшінің ізін жалғап келеді.

  • Біздің танысқанымызға көп болмады. Қазір жақын доспыз. Осындай азаматты кездестіргеніме қуаныштымын. Өмірге шағым айтып, қиындыққа мойынсұнбайтын жан. Осы қасиетімен мықтылығын дәлелдеп келеді. Мұндай жанның туындылары музей төріне қойылуы – біз үшін мәртебе. Жас ұрпақ өзіңіз секілді жандармен кездесіп, үлгі алса екен, – деді облыстық бейнелеу өнері музейінің басшысы Бибігүл Құдабаева.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button