Бас тақырып

Қасірет пен қасиет

Олар не үшін азап шекті? Неліктен үнсіз кетті? Сол бір қиян-кескі жылдардың зардабы бүгінгі ұрпақтың жүрегіне жетті ме? Мыңдаған жазықсыз жанның тағдыры нақақтан тапталған, тарихтың қара жамылған беттеріне айналған қилы кезең туралы біз қаншалықты білеміз? Қаншалықты сезіндік екен… Еске түсірейікші… 31 мамыр…

Коллажды жасаған Шынар Адамбекова

Дәл осы күні сіз бен біз сталиндік зұлмат дәуірде Қазақстан аумағындағы лагерьлерде азап шеккен, тағдыр тәлкегіне түскен жандарды үнсіз еске аламыз. Олар – тоталитарлық жүйенің қатыгез «ет тартқышында» жоқ етіле салған жазықсыз жандар еді. Көпшілігінің көзі түгілі есім-сойы да ұмыт болды. Зираты да қалмады. Ал, ақ-адал армандары мен үргедек үміттері сол зұлмат жылдардың түнегінде жоғалып кетті. Бірақ, оларды біз ұмытпаймыз! Осы күні олардың үнсіздікке құмыққан жан айқайын жүрегімізбен естиміз. Еске аламыз, өйткені естелік – әділеттің соңғы бекінісі. Еске аламыз, себебі ұмытылғандар мәңгі өлген болар еді. Ал, біз оларды жадымызда, жанымызда тірі сақтаймыз…

Жылма-жыл осы датада жазықсыз қыршын кеткен жандардың белгісіз бейіттеріне гүл шоқтары қойылады. Үнсіз тағзым. Жаралы жылнама жаңғырығы. Қазақ жерінде тағдырдың жазуымен, тіпті, кездейсоқ көшіп келген тұтас халықтар ше?! Иә, уақыт бәрін өзгертеді. Бір кездері мәжбүрлі түрде жер аударылып келген олар осы кең байтақ өлкеге орнығып, тамыр жайып, екінші отанын тапты.

Бүгінде ұрпақтары осы жерде өмір сүріп, еңбек етуде. Есесіне олардың отбасыларының тарихындағы қайғылы үзіктерді елемей өте аламыз ба? Жоқ, өйткені, рухани жа­ра, жанның жазылмаған ізде­рі сандаған көкіректе күні ке­шегіндей сайрап тұр. Міне, солардың ата-бабалары пойыз вагондарына тоғытылып, белгісіз бағытқа жөнелтілді. Жол бойы ашөзек аштық, дімкәстік пен ауру, түпсіз қорқыныш. Алда не күтіп тұрғанын ешкім білген жоқ еді. Ал, Қазақстан халқы ешкімін жатсынбай, жарты нанын бөліп берді.

Әлбетте, Қарағанды – тарихтың ауыр жүгі мен рухтың қайсарлығын ұялатқан өлке. Облыс – Қазақстанның ең маңызды ин­дустриялық орталығы ға­на емес, сонымен бірге, ста­линдік репрессиялардың және қуғын-сүргіннің басты эпицентрлерінің бі­рі.

Қазыналы өңірге тағдырлы кезеңде қуғын-сүргінге ұшыраған мыңдаған азаматтар мәжбүрлі түрде жер аударылып, лагерьлерге айдалды.

Қарағанды те­міржолы мен көмір шахталары арқылы тұтқындар мен жер аударылғандардың саны күрт өсті. Лагерьлер мен жұмыс орындарының қатал жағдайы, аштық пен аурудың шырмауында, олар күнделікті өмірдің ауыр сынақтарына төтеп берді. Бұл қаланың әрбір көшесі мен әрбір тасында сол кезеңнің қайғылы тарихының белгісі бар.

1930-1950 жылдар аралығында Қарағанды өңірі сталиндік репрессияның ауыр салмағын арқалаған тарихи мекенге айналды. Бұл кең-байтақ өлкеге мәжбүрлі түрде 50 мыңға жуық адам жеткізілді – олардың әрқайсысының тағдыры ауыр әрі жазықсыз еді. Бұл сан – Қазақстанға жер аударылған халықтың бір бөлігі ғана емес, халық жадындағы ұмы­тылмас қасіреттің өлшемі.

Қарағандының қара кө­мір шахталары мен те­міржолдары тұтқындардың тағдырында өш­пес із қалдырды. Әсіресе, «Қарлаг» – кеңес жүйесі­нің қатыгездігін көрсеткен тұт­қындар лагері – ондаған мың жанның ауыр еңбегі мен адам­гершілікке жат жағдайдағы азабының куәсі болды. 1941-1953 жылдар аралығында мұнда кем дегенде 30 мың адам өмірден өткен. Әрбір сан – жанның үмітін, арманын, отбасын, болашаққа де­ген сенімін жойған қаралы тағдыр. Қарағанды – бұл трагедияның, қайғының ғана емес, адам рухының сыналып, қайсарлықпен қарсы тұрған мекені.

Бүгінде облыстың мұра­ғат­тары жыл сайын жаңа деректермен толықтырылып, сол тұтқындардың есімдері мен тағдырлары анықталып келеді. Соңғы бес жылда 5 мыңнан астам адамға қатысты жаңа мәліметтер жарияланды. Бұл – ұмытылғандардың аз ғана бір тобының қайта ті­рілуі, олардың есімдерін мәңгіге жадымызға тоғыту.

…Тарих үнсіз, бірақ ұмытпайды. Біз ше?..
Бүгінгі бейбіт аспан мен еркін өмір – сол үнсіз кеткен­дердің ащы тағдырымен ас­тасып жатыр. Біз оларды көр­медік. Естімедік. Бірақ, жү­рекпен сеземіз. Сезіну – па­рыз. Себебі, ол – елдің естелігі, ұрпақтың аманаты. Қарағанды – сол аманатты арқалаған алып жүрек.

Енді сол өткеннің үнін бүгінгі ұрпақ жалғайды. Естелік – тірі. Рух – мәңгі. Ал, қазыналы Қарағанды – үнсіз шежіре. Тыныштықта сыр шерткен, тағдырлар то­ғысқан, тарихпен тілдескен қасиетті мекен.
Ұмытпа, ей, ұрпақ, ұмыт­па! Бұл қасірет сенің қа­си­е­тіңнің сыналған шерлі ше­жіресі!

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button