Бас тақырыпРуханият

Қасиетті Құран аударыла ма?

Иә, қасиетті кітап аударылмайды деген де пікір бар. Жаңаша тәпсірленген Құранды қолымызға күдікпен ұстағанымыз да жасырын емес. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының найб мүфтиі, белгілі исламтанушы Ершат ОҢҒАРОВТЫҢ «Қасиетті Құран: мағынасы мен түсініктемелері» атты кітабының құндылығы сол, аяттар араб тіліндегі түпнұсқадан аударылып, ұғынықты тілде ұқыпты тәпсірленгенін көріп, күдігіміз сейілді. Яғни, Құран аяттарына мағыналық тұрғыдан кең түсінік беріліп, әр сүренің қасиеті мен ерекшеліктері кеңінен тәптіштеледі. Сейсенбі күні Нұр-Сұлтан қаласында, ҚМДБ ғимаратының мәжіліс залында аталмыш кітаптың тұсаукесері өтті. Тағылымды еңбектің таныстырылымына Бас мүфти Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ, Парламент депутаттары, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері мен дін қайраткерлері қатысты.

Суретті түсірген автор

Жүрегіне иман ұялаған әр мұсылман қал-қадірінше сүре жаттап, аят оқып жүр. Ал, қасиетті Құранның мән-мағынасына үңіліп, маңызын ұғынуға мүмкіндігі – шектеулі. Өйткені, екінің бірі араб тілін меңгермеген. Транскрипция арқылы жаттап, мақамдап оқығанның бәрі қари емес. Бізге керегі – Құранның мағынасы. Әр сүренің мағынасын түсініп, әр аяттың қасиетін білмеген соң, арамызда деструктивті ағымдар жетегінде кетіп, адасқандар көбейіп барады. Жаңа еңбектің маңыздылығы осында жатыр.

Тұсаукесер рәсімінде сөйлеген Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, белгілі ғалым Ғарифолла Есім, басқа да дін қайраткерлері кітап авторының осы тұрғыдағы еңбегіне ерекше тоқталды.

– Аударманың ерекшелігі – қасиетті аяттар араб тіліндегі түпнұсқадан аударылған, аяттардың қазақша мағынасы берілген, тәпсірі, түсініктемесі мен тарихы жан-жақты жазылған. Сүренің қазіргі ғылыммен байланысы баяндалған, араб тіліндегі аяттың дұрыс оқылу транскрипциясы берілген. Аудармашы аударма барысында Мысыр, Түркия, араб мемлекеттеріндегі түпнұсқа қолжазбаларға сүйене отырып, дін мен дәстүр сабақтастығына мән берген, – деп атап өтті Наурызбай қажы Тағанұлы.

Сондай-ақ, Бас мүфти Ершат Ағыбайұлының бұл еңбекті дайындауда әл-Матуриди, ән-Нәсәфи, әл-Жәләләйн, әл-Әлуси сынды Ханафи мәзһабының ғұлама-ғалымдары мен тәпсіршілерінің еңбектеріне сүйеніп, осы еңбекті дайындауға бірнеше жылын сарп еткенін айрықша атап өтіп, алғыс білдірді.

Ершат Ағыбайұлы кітапты дайындауға тура он жыл кеткенін айтады. Бұл еңбектің аса күрделі жауапкершілік екенін ескерсек, аудармашының ниеті таза тәуекел екенін түйсінеміз. Дін ғұламалары Құранның әр әрпін оқығанға он сауап жазылатынын айтады. Ал, Ершаттың бұл еңбегіне Алланың разылығымен қисапсыз сауаптың қисыны келіп-ақ тұр.

Айтпақшы, қасиетті кітаптың тұсаукесер рәсіміне ҚМДБ Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы, Әнет баба мешітінің бас имамы Өмірзақ қажы Бекқожамен бірге барғанмын.

– Ершат Ағыбайұлының бұл еңбегі – телегей білім мен терең зерденің жемісі. Алайда, бұған дейінгі аудармаларды, аудармашылардың еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Десек те, Құран құпиясына терең үңіліп, түбегейлі түсінік беру бақытын Алла Ершатқа бұйыртты. Жасыратыны жоқ, бұған дейінгі аудармалар сөзбе-сөз тәпсірленгендіктен, жалпыға түсінікті бола бермейтін. Ал, мына кітапты қара таныған адамның баршасы оқи алады, – деген пікірімен бөлісті Өмірзақ қажы жолшыбай.

Аударма мазмұнын қазақ тілінің әдеби нормасына келтіріп, стильдік тұрғыдан өңдеген – белгілі қаламгер Нұржан Мұратәлі. Сондай-ақ, толымды еңбектің жарық көруіне «Ажар» қоғамдық ұйымының жетекшісі, меценат Самат Мұсабаев демеушілік жасапты. Айтқандай-ақ, кітап авторы Ершат Оңғаров – біздің жерлесіміз, Жаңаарқа ауданы, Ералиев ауылының тумасы.

Ерсін МҰСАБЕК

Басқа материалдар

Back to top button