Қасиетті Қарқаралыдан – қарт Семейге
Бағзыдан ауылы аралас, қойы қоралас болған қастерлі Қарқаралы мен қарт Семейдің рухани байланысы үзілмей келеді. Абай заманындағы қос бірдей көне қала мен дархан даланың алтын көпірі әлі де тұғырында. Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен қолға алынған «Елтану» экспедициясының бұл жолғы сапарының да жөні бөлек, жосығы ерек. Хакім Абайдың 180 жылдығы мен Нығмет Нұрмақовтың 130 жылдық мерейтойына орайластырылған сапардың салмағы орасан. Қасиетті Қарқаралыдан басталған көш бұл жолы қарт Семейді бетке алды. Құдандалы қос ел де – Алаш арыстарының алтын бесігі. Демек, бұл жолғы жолжазбамызда Алаш қайраткерлерінің ізі қалған қастерлі орындар, «Абай жолымен» алып туған топырақтағы тарих пен тағылым қайта жаңғырады, қадірменді оқырман!

Алаш арыстарының ақ батасымен…
Қастерлі Қарқаралының қақпасынан-ақ бізге қатталған көне тарихтың парақтары ашылғандай болды. Қала кіреберісіндегі құба белден асып түскенде еңселі ескерткіш бой түзеп тұр. Қоладан құйылған мүсінде Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлімхан Ермек – үш алып ойға шомып, елдің ертеңін кеңесіп отырған кейіпте. Мүсінші Талғат Байоразов бедерлеген бұл ескерткіш 2019 жылы ашылды. Алаштың асқақ рухын айшықтап тұрған тұғырлы ескерткішке тағзым ету арқылы елдіктің рухын сезіндік. Абай еліне барар сапарымызда Алаш арыстарынан бата алғандай шат-шадыман күйдеміз.
Ер Мәдидің ескерткішінде
Қарқаралыдағы тарихи-мәдени орындармен бізді аудандық тарихи-өлкетану мұражайының ғылыми қызметкері Сәтбек Сламбеков таныстырды. Келесі аялдама Қарқаралының қақ ортасында қасқайып тұрған Мәди Бәпиұлының ескерткіші.
«Атыңнан айналайын, Қарқаралы,
Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады», – деп жырлаған марқасқа Мәди талайлы тағдырында күрескерліктің де, серіліктің де биігіне көтерілді. Кеңестік зұлмат заман оны еркін ойы үшін қудалап, ақыры мерт қылса да, артында қалған асқақ әндері арқылы халық жадында мәңгі сақталды.
Көне ғасыр көмбесіндей
Қарқаралыдағы ең көне сәулет нысандарының бірі – Құнанбай қажы мешіті. 1850 жылы құрылысы басталып, араға бір жыл салып аяқталады. Алғашқы имамы – Қасым Сейфоллаұлы. ХІХ ғасырдың орта шенінде тұрғызылған мешіттің құрылымы да өзгеше. Жоғарғы қабаты ғибадатқа арналса, төменгі қабатында шәкірт оқытатын бөлмелер мен имамдарға арналған орындар болған.
Кеңестік кесел саясаттың құрығы да бұл жерге мойын бұрмай қоймады. 1930 жылдары мешіт жабылып, орнына кеңсе, дүкен, тіпті, балабақша ашылды. Күтімсіздіктің салдарынан мешіт мүлде құлаудың аз-ақ алдында қалған еді. Тек өткен ғасырдың соңында Ақжан Машанидің бастамасымен қайта жөнделіп, тоқсаныншы жылдардың толқымалы тұсында халық игілігіне қайта ашылды. Қазір мешіт ішінде сол дәуірден сақталған жәдігер ретінде бөренелер мен мәткелерді ғана көре аламыз. Ал, қалған бөлігі қайта қалпына келтірілген.
Осы құлшылық орнының іргесінде мешіт атауына қатысты еңселі ескерткіш бар. Сары мыстан құйылған Құнанбай қажы мен бала Абайдың тас тұғырын суретші Сәкен Дәулетбаев пен ілгеріде айтқан мүсінші Талғат Байоразов жасап шыққан. Сәтбек ағаның айтуына қарағанда, халық арасында Құнанбайдың қажылық сапары аңызға айналыпты. Ол Меккеде қазақ қажыларына арнайы «Такия» қонақүйін салдырамын деп «Маған бір өгіздің терісіндей жер беріңдер» деп арабтардан жер сұрапты. Арабтар келісе кетіпті. Құнанбайдың айла қолданатынын қайдан білсін?! Сөйтіп, Құнанбай өгіздің терісін тілмей жонып, ұзын қайыс жасап, алып аумақты арқан керіп, қоршап тастайды. «Уәде – Хақтың сөзі» деген қасаң қағиданы ұстанған арабтар не қыларын білмей, Құнанбайдың айтқанына еріксіз көндігеді. Өкінішке қарай, бүгінде бұл қонақүйді арабтар бұзып, орнына зәулім ғимарат салып тастаған көрінеді. Бұл оқиғадан Құнанбайдың тек алып Абайдың әкесі, болыс қана емес, сонымен қатар, көреген саясаткер екенін аңғаруға болатындай.
Көпес салған көк үй
Келесі бағыт – тарихқа тұнған Абай тоқтаған үй. Бұл – бай әрі беделді көпес Халиолла Бекметовтің шаңырағы. Сол дәуірде Қарқаралыға келген игі жақсылардың бәрі де осы үйге аялдапты. Кеңдігі сонша – он бөлмелі үйге қанша қонақ келсе де емін-еркін сыйып кететін болған.
Абай бұл үйге алғаш рет алты жасында, 1851 жылы келген. Ол жөнінде тіпті заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының алғашқы кітабындағы «Жолда» тарауында суреттелетінін көзіқарақты оқырман білсе керек. Небір тарихи оқиғаларға куәгер болған ғимараттың бір бөлігі кеңестік кезеңде қиратылыпты.
Көк үйдің ерекшеліктерінің бірі – сол замандағы бай көпестердің үйлеріне тән Голланд үлгісіндегі қазандық пештердің орнатылуы. Сол кезеңнің сәулет өнерінің ерекшелігіне сай бұл үйдің де төменгі қабатында шаруаға қатысты бөлмелер орналасса, жоғарғы қабатта иелері мен қадірлі қонақтарға арналған бөлмелер болған.
Әйгілі «Қарқаралы петициясы» осы үйде жазылды деген де дерек бар. Сондай-ақ, Алаш арысы, қазақтан шыққан тұңғыш заң ғылымдарының магистрі Жақып Ақбайұлы осы шаңыраққа күйеу бала болған. Қазір қастерлі үйдің алдында Абайдың бейнесі қашалған тас тұр. Оны 2019 жылы аудандық архив басшысы Манарбек Кәрім ұлы екеуі қашап, орнатыпты.
Мұражай мұраты
Қарқаралы тарихи-өлкетану мұражайына аялдаған сәтімізде де Сәтбек ағамыз бізді өлкеден сыр шертетін талай дерекке қанықтырды. «Ақ кеңсе» деп аталған бұл ғимарат 1870 жылы уездік патшалық кеңсе ретінде салынған екен. Кейіннен 1918 жылы алғашқы Совдептің орны болып, көрнекті қайраткерлер – Н.Нұрмақов, М.Тәтімов, А.Асылбеков, У.Жәнібековтер осы жерде қызмет атқарғанын білдік. Тіпті, 1934 жылы С.Киров келіп, партиялық активпен жиналыс өткізген. 1977 жылы қоғамдық негізде қайта жаңғыртылған бұл мұражай бүгінде жеті залдан тұрады.
Балқантау баурайында
Түс ауа біз мінген ақ «Sprinter» бағытын Балқантауға бұрды. Сайын даланың әр қыраты, әр төскейіне көз тастап келеміз. Осылайша ой үстіндегі біздер қазақ сахарасының алғашқы мәдениет ошағының бірі болған Қоянды жәрмеңкесінің орнына да келіп жеттік. Бүгінде жәрмеңкенің бұрынғы келбеті бұлдырап артта қалғанымен, тарихтың ізі әлі де сайрап жатыр. Қазіргі таңда тек көне қойманың орны ғана қалған екен. Көңілге осыны да демеу қылып, тарихшы ағаларымыздың айтқаны арқылы сол бір дүбірлі дәуірге енгендей әсер алдық.
Қоянды жәрмеңкесінің орнынан соң, Балқантаудың баурайына бет түзедік. Егіндібұлаққа қарай созылған сүрлеу жол бізді қыратты қиялардан асырып әкетті. Қазақтың әйгілі сазгері Ілия Жақанов бір емес, бес ән арнаған Балқантаудың баурайына таяған сайын табиғаттың да түрленген келбеті көңіл сарайын аша түсті.
Дәл осы өңірде, Балқантаудың бөктерінде, «Қызылшілік» қыстауында Қарқаралы ауданындағы алғашқы білім ордаларының бірі – Ақайдың Хасені салған жетіжылдық мектеп бой көтерген екен. Бүгінде оның тек іргетасы ғана қалғанымен, талай тұлғаның табанының табы қалған қастерлі орынның тағылымын сезбеу мүмкін емес.
Ең қызығы, біз сапарымызға арқау еткен Нығмет Нұрмақов алғаш осы мектепте білім нәрімен сусындайды. Одан кейін Омбыдағы мұғалімдер семинариясында Мағжан, Сәкендермен бірге ұлт жолындағы күрескерлігін бастағаны әмбеге аян.
Абайға апарар жол
Экспедицияның екінші күні. Таңмен таласа, күннің алғашқы шапағы қылаң берген сәтте керуеніміз Қарқаралыдан Семейге қарай бет түзеді. Сапардың екінші күнгі бағытын «Қарқаралы-Аягөз» тасжолы арқылы жүріп өтпекшіміз. Араға үш-төрт сағат салып, Қайнар ауылы арқылы өтіп, Қарауылтөбеге ат басын тіредік. Бұл өлкеде тамылжыған тамызда Абайдың 180 жылдық мерейтойы дүркіреп өтті. Иә, Абайдың тойы – Алаштың тойы.
Таңғы 5:00-де жолға шыққан керуеніміз түске таман Жидебай топырағына аяқ басты. Шыңғыстаудың сілемдері алыстан айбар шегіп, күннің нұры даланы қызыл-сары бояуға малындырған шақ.
Жидебай – қазақ руханиятының алтын ордасы. Біз ең алдымен тағылымды сапарымызды бас ақынға тәу етуден бастадық. «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешені. Бұл жерге келген әр жанның жүрегін ерекше бір толқыныс билейді. Кешен 1995 жылы, ұлы ойшылдың 150 жылдық мерейтойына орай салынған. Мұнда қазақтың қос алып тұлғасы хакім Абай мен ойшыл ақын Шәкәрім мәңгілік мекен тапқан.
Экспедиция мүшелері бұл жерде тағзым етіп, дұға бағыштады. Ақын Асқар Сүлейменовтің: «Біз ақындар Жидебайға барғанда тазару үшін барамыз. Жидебай – ақындардың Меккесі» деп айтқандай, шынында да, бұл қасиетті топыраққа келгенде жан дүниең тазарып, рухың асқақтай түсетіндей.
Абай мен Шәкәрім кесенесіне тағзым еткеннен соң, біз Абайдың ата қонысы – Ақшоқы мен Жидебай қыстауына бет бұрдық. Құнанбайдың үш ұлы – Тәңірберді (Тәкежан), Ысқақ және Абайды бір күнде үйлендіріп, оларға еншісін бөліп берген жері де осы. Әр ұлына 50 жылқы, 10 түйе, 100 қойдан үлестіріп, Ақшоқыны тұрақты қоныс еткен. Бірақ ел аузындағы әңгіме сүйенсек, Тәкежан алғашында риза болмай, Күңке бәйбішенің іргесіне қыстау салуға бекініпті.
Аяулы мекен Ақшоқы
Шыңғыстаудың баурайындағы Ақшоқының табиғаты да өзгеше. Қысы жайлы, жауған қарды екпінді желімен ұшырып әкететіндіктен малға қолайлы болса, жазда шалғынды, сулы-нулы жерге айналады. Дәл осы өлкеде Абай жары Ділдәмен отау құрып, кейін қыстау салады.
Жидебайдың тағы бір ерекшелігі – «Еңлік-Кебек» поэмасына арқау болған тарихи оқиғаның ізі. Шәкәрімнің «Надан жұрттың болады діні қатты, Қабекеңе тапсырмай аманатты, Шеткі Ақшоқы басында қалған бала, Шырқырап күн батқанша жылап жатты», деп суреттеген Шеткі Ақшоқы да – осы өңір.
Жидебайдан ілгерілей бергенде, алдымызда тағы бір тарихи орынға келдік. Бұл өлке есімі елге ерте танылған Күшікбай батырдың қонысы болған. Уақтың өжет ұлы небәрі он жеті жасында батыр атанып, айбынымен жұртқа мәлім болған. Ал, төңіректегі Ералы жазығы – кеңдігімен, сұлулығымен көз тартатын алқап. Негізгі атауы – Көкжайдақ. Ұзындығы алпыс шақырымға, ені жиырма шақырымға созылып жатқан бұл жазық – малға да, елге де қолайлы мекен болған. Құнанбайдың: «Мен қалың жылқымның бір шетін Қара Ертістен, екінші шетін Балқаштан суғарамын» деуі де тегін емес еді. Ол сөздің астарында жерге ғана емес, елге иелік ету, халықты біріктіру мұраты жатқанын аңғару әсте қиын емес.
Сырт Қасқабұлақтың сыры
Тобықты Әнет бабаның қонысы саналатын Қасқабұлақ – осыдан180 жыл бұрын ұлы Абай дүние есігін ашқан ұлық мекен. Ел аузындағы аңыз бойынша, сәби Абай жарық дүниеге келгенде киіз үй іші қызылды-жасылды түрге боялғандай болыпты. Мұны кейін естіп таңданған анасы Ұлжанға:
– Апа, мен туған сәтте неге үй іші өзгеше кейіпке енді? – деген екен.
Ұлжан сасқалақтап:
– Балам-ау, жеңгелерің текемет басып жатқан, содан болса керек, – деп жауап берген. Осыдан-ақ Абайдың ой-сезімі шыр етіп туған сәттен бастап зерек болғанын аңғаруға болады.
Мұхтар туған мекен
28 қыркүйек, 1897 жыл. Бөріліде болашақ заңғар жазушы Мұхтар Әуезов шыр етіп дүние есігін ашады. Қасқырдың ұясы болған бұл мекеннің атауы да тегін қойылмаған. Кейін Мұхтар әлемге әйгілі «Көксерек» шығармасын жазғанда да туған топырақтың тылсым сырын арқау еткені анық.
Мұхаңның 90 жылдығына арнап қайта өңделіп, ашылған бұл мұражайға аялдаған мезетте-ақ бізді музей-үйдің жетекшісі Шағжан Бекенұлы Исабаев жылы шыраймен қарсы алды. Мұхтардың ата-анасы да үйден алыс емес қыратта жерленген екен. Дұғамызды қайырып болғаннан соң заңғар жазушымыз тұрған үйге кірдік. Босағадан аттай бергенімізде Текелінің мәрмәртасынан қашалып жасалған Мұхтардың мүсіні қасқайып тұрғанына тамсандық. Артындағы гобелен қолөнері арқылы кестеленген кілемде Шыңғыстаудың қырат-жоталары, жүгірген аңынан бастап, ұшқан құсына дейін бейнеленген. Мұражайдың қайта жасақталуына Мұхтардың шәкірті Қайым Мұхамедханның ерекше еңбегі сіңген.
Жылы жүзбен құшақ жая күтіп алған Шағжан ағамыз, әр жәдігерді, әр бөлмені, тіпті, шұғылалы мекеннің шежіресін жіпке тізгендей тарқатып берді.
Осындай ғибратты әңгімелерімен өлке тарихының тағылымын тереңінен сездірген ағамызға айрықша алғысымызды білдіре отырып, «Қайдасың, қарт Семей?» деп теріскейді бетке алып, жол тарттық.
Сапардың екінші күні осылайша Жидебайдан басталып, Қасқабұлақ пен Бөрілі арқылы жалғасып, қарт Семейге қарай бағыт алды.
Алаштың астанасы – Семей
Үшінші күнгі сапарымыз Семей шәрінде өрбіді. Семей десе, сұрқия саясат дәуірінде аждаһадай болған атом сынақтары ойға оралуы жасырын емес. Ұлылар мекені жарты ғасырға жуық қасіреттен көз ашпады. Осы қасіретті еске салып тұрған еңселі тас тұғыр – Түйемойнақ аралындағы Семей полигоны құрбандарына арналған монумент. 2002 жылы орнатылған мүсін композициясында ананың сәбиін қорғаштап тұрған бейнесі кез келген жанға тебіреніс сыйлап, бір сәт өткенге көз жүгіртуге мүмкіндік береді.
Достық үйіндегі құрмет
Өткен тарихқа көз тастап, тебіреніс сезімінен соң бізді Семейдің Достық үйінің ұжымы ізгі ілтипатпен, ұлттық дәстүрге сай сән-салтанатпен күтіп алды. Шаңырағы кең ғимараттың ішінде қазақы қонақжайлықтың лебі есіп тұрды.
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері дөңгелек үстелде бас қосып, ойталқы жасап, өзара пікір алмасты. Әркім жүрекжарды ойымен бөлісіп, алдағы игі істердің бағыт-бағдары жөнінде арқа-жарқа әңгіме өрбітті.
«Елтану» экспедициясының әр сапарына қалмай қатысып жүрген Майра Абдрахманова бұл жолы да орамды ойларымен бөлісті. Сонымен бірге ол Қарағандыдан ала келген құнды кітапты Достық үйіне естелік ретінде сыйға тартты. Достық үйіндегі кездесуде әртүрлі этнос өкілдері сөз алып, өздерінің Семей жерінде тамырын тереңге жайғанын, бейбітшілік пен бірлікке деген адалдықтарын паш етті. Қазақы кеңпейілдік пен көпұлтты қоғамның жарасты ынтымағын осыдан-ақ айқын сезе алдық.
Ескерткіш алдындағы елдік үн
Алаштың астанасы қарт Семей – небір қатпарлы тарихтың куәгері. Абай еліндегі бас ақынның еңселі ескерткіші қаланың қақ төрінде қасқайып тұр. Сапар жобасының арнайы мұраты да сол – Абай атамызға тағзым ету. Біз де ескерткіш алдына гүл шоқтарын қойып, бас иіп құрмет көрсеттік.
«Алаш арыстары» музей-үйі – ұлағат ұясы
ХІХ ғасырдың екінші жартысында бой көтерген екі қабатты ғимараттың төменгі бөлігі кірпіштен өріліп, жоғарғысы ағаштан тұрғызылған. Оның алғашқы иесі – Шыңғыс болысының тумасы, Абайдың замандасы әрі шәкірті Әнияр Молдабаев. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясындағы Данияр Қондыбаев бейнесінің негізі де осы Әнияр. 1898 жылы ол бұл үйді Москвин деген көпестен Абайдың қаржылай қолдауымен сатып алған.
Сол кезден бастап бұл үй Алаш арыстарының бас қосатын, ұлт болашағын талқылайтын қасиетті орынға айналды. Мұнда Абайдың ұлдары, Шәкәрім, Көкбай Жаңатаев жиі келсе, Ахмет Байтұрсынұлы зайыбымен бірге біршама уақыт тұрған. Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов секілді тұлғалар да талай мәрте мәслихат құрған. Мұхтар Әуезов те ресми құжаттарында осы үйді мекен ретінде көрсетіп отырған.
Абай мұрасымен сусындаған сәт
Шырайлы Шығыс өлкесі – қазақ руханиятының алтын бесігі. Небір алпауыт тұлғаларды дүниеге әкелген қасиетті топырақтың көшбасында, сөз жоқ, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаған хакім Абай Құнанбайұлы тұрғаны кәдік.
Солардың ішінде «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік әдеби-мәдени қорық-мұражайы – Абай әлемінің қазыналы ордасы. Мұнда ақынның асыл бейнесі ғана емес, тұтас бір дәуірдің тағылымы жаңғырады.
Бір қызығы, дәл осы қасиетті ордада экспедиция мүшелері аймақ әкімі Берік Уәлимен, сондай-ақ, Сыр елінен келген Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен ұшырасты. Қала күніне орай арнайы келген делегация құрамы да Семейдің туған күніне концерт тарту етіпті. Қос облыстың басшылары сапар мүшелеріне ізгі ілтипат көрсетіп, ыстық ықылас білдірді.
Сөз түйіні
Қастерлі Қарқаралыдан басталып, қарт Семейге ұласқан үш күндік экспедиция өткеннің өнегесін, ұлт руханиятының тамырын қайта айшықтаған айрықша сапар болды. Алаш арыстарының асыл аманаты мен Абайдың мәңгі мұрасы – Ұлттың шамшырағы іспетті. Айрықша сапарда осындай айтулы олжа мен ғажап рухқа кенелген бізде де сірә арман бар ма?!. Енді елге қарай бет бұрдық. Қасиетті топырақты қимай келеміз…
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»
ҚАРАҒАНДЫ-ҚАРҚАРАЛЫ-БАЛҚАНТАУ-ҚАРҚАРАЛЫ-СЕМЕЙ-ҚАРАҒАНДЫ