Биыл қасиетті Құрбан айт мерекесі 6 маусымда басталады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бірқатар алыс та жақын мұсылман елдерінің ғұламаларымен кеңесіп, осындай пәтуа қабылдады. Маусым айының алтыншы жұлдызы сағат таңғы 06:00-де Айт намазы оқылады. Сонымен қатар, зұлхижжа айы басталды. Осы айдың алғашқы он күнінде барынша ынтамен ғибадат етіп, көбірек ізгі істер мен жақсы амалдар жасауға тырысқан абзал дейді имамдар.

Осы он күннің ішіндегі ең қасиетті күндердің бірі – Арафа күні, яғни, зұлхижжа айының 9-шы күні. Биыл ол 5 маусымға сәйкес келеді. Бұл – қажылық парызының негізгі рәсімдерінің бірі саналатын Арафа жиналысы өтетін күн. Қажылықта болмаған мұсылмандар үшін осы күні ораза ұстау – үлкен сауап. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Арафа күнінің оразасы өткен жылғы және алдағы жылғы күнәлардың кешірілуіне себеп болады», – деген.
Айт намазынан кейін Қарағандыдағы облыстық Әнет баба мешіті алаңында үлкен іс-шара өтеді. Қазақ күресінен 74 келіге дейін жастар арасында жарыс ұйымдастырылып, жеңімпаздарға 500 мың теңгеге дейінгі ақшалай сыйлықтар мен марапаттар табысталады. Сонымен қатар, мұқтаж отбасыларға арналған қайырымдылық жәрмеңкесі де ұйымдастырылмақ.
«Құрбан айт – мұсылманның ең құптарлық амалы. Бұл – тек ет тарату емес, жамағатты бірлікке, бауырмалдыққа, жомарттыққа үндейтін берекелі күн. Биыл зекет бөлімінде 1000-нан астам көпбалалы, мұқтаж отбасы арнайы тізімге алынды. Мерекенің үшінші күні 100-ден аса отбасына тек ет қана емес, азық-түлік пен киім-кешек те жеткізілетін болады», – дейді Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінің ұстазы, Шариғат және пәтуа бөлімінің Қарағанды облысы бойынша жауапты маманы Юсупбек Шұғай.
Имамдар сонымен қатар соңғы жылдары кең тараған бір мәселеге тоқталды: «Құрбан шалмай, ақшасын садақа етіп тарату – құрбандықтың үкімін орындау болып есептелмейді. Себебі, құрбандық тек садақа емес, нақты мал шалуды талап ететін құлшылық», – деп нақтылады Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінің наиб имамы, Дін істері және талдау бөлімінің жауапты маманы Құмар Қоныскерей.
Құрбандық шалғаннан кейін, етті бөліп таратудың да өзіндік тәртібі бар. Шариғат бойынша, құрбандық еті үшке бөлінеді: бірінші бөлігі – отбасының өзіне қалдырылады, екінші бөлігі – туыстар мен қонақтарға дастарханға тарту етіледі, ал үшінші бөлігі – мұқтаж жандар мен көмекке зәру отбасыларға таратылады. Бұл – Құрбан айттағы әлеуметтік теңдікті көздейтін ізгі амалдардың бірі.
«Құран Кәрімде «Хаж» сүресінің 34-аятында құрбандық шалу жайында баяндайды. Аятта айтылғандай, құрбандыққа шалуға болатын мал түрлеріне қой, ешкі, сиыр және түйе жатады. Бұл малдардың жасы мен денсаулығы шариғат талаптарына сай болуы тиіс. Атап айтқанда, қой мен ешкі кемінде 1 жаста болуы керек, сиыр – 2 жасқа толған, ал түйе – 5 жастан асқан болуы қажет. Жылқы малы құрбандыққа жарамсыз болып есептеледі. Бұл – Алланың бұйырған шарты. Алайда, бұл жылқы етін жеуге болмайды дегенді білдірмейді. Жылқы – күнделікті тұтынуға рұқсат етілген мал түрі, тек құрбандық ретінде шалуға болмайтын жануар болып саналады», – дейді Қоныскерей Құмар.
Сонымен қатар, халыққа, әсіресе үлкен қалаларда тұратын жамғатқа оңтайлы болу үшін биыл да құрбан шалу офлайн және онлайн форматта www.qurban.muftyat.kz сайты арқылы жүзеге асады. Айта кетсек, онлайн түрде құрбан шалам деушілер сайт арқылы құрбандық малын таңдап, Kaspi QR арқылы қажетті қаражатты аудара алады. Тапсырысыңыз сәтті өтсе ұялы телефоныңызға смс хабарлама келеді. Құрбандық шалынған соң оның фото және бейне есебі тапсырыс беруші нөмірге жіберіледі.
Осы орайда имамдар еліміздегі барша шаруа қожалықтарының қожайындарын мал құнын қолдан көтермей, халыққа оңтайлы бағаны ұсынуға шақырды.
Қарағанды қаласында құрбан шалатын орындар мынандай мекенжайда белгіленген: Резник көшесі 18, Гоголь көшесі 2/23, С.Сейфуллин көшесі 53. Аталған орындар санитарлық талаптарға сай жабдықталған.
Гүлім НЕСІПБЕКОВА,
Қарағанды зерттеу университетінің II курс студенті