Бас тақырып

Қасиет пен Рух өлшемі

Қазақтың болашағына күмәнмен қарағандардың көмейіне ақиқат бүгін қорғасын құйды. Шыр етіп, жерге түскеннен кеңестің жөргегіне құндақталып, оның күртесін киіп, соларша сөйлеп, оларша ойлайтындарды Еркіндік есеңгіретіп тастағаны өтірік емес. Өткенді көксеп, кеткенді жырлап, кеңестен көрген «жақсылықты» жатса-тұрса айту – сол бір кезде құлақтың құрышын қандырған қағажу еді. Сол кезеңде еркіндіктің ерен қасиетін түйсіну үшін түпсанаға төңкеріс қажет-тін. Оған сүйегіне дейін кеңес идеологиясы сіңіп кеткен қоғамның бәрі дайын емес-тін.
Ал, тағдырдың өзі тар кезеңде тарту еткен тәбәрік – Тәуелсіздік қазақтан пәни құстай қайта түлеуді сұрады. Талабына төзбесек, тарихи тұстарда тауымыз шағылып, бордай борымасақ та, тарыдай тарап кетер ме едік, қайтер едік?! Десек те, біздің бұ жұрт «тағдырдың тезінен, тозақтың өзінен аман-сау қалған» жұрт емес пе?! Түледік!

Коллажды жасаған Арайлым Коктаева

…Азаттық таңы атқан сол сын-сағат нені сұрады? Абай хакім айтқан «Бес асыл істі»: талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақымды сұрады. Оған әрі тіректі және сұрады. Ол – Рух, Жігер, Қайрат, Ерік, Сенім. Бес асылға ден қойып, бес тіреуді сүйеу қып, жұртымыз өзге өркениетті елдің даму көшіне керуен тартты.

…Содан «Елімізден құт-береке қашпасын деп, жерінің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елдің» (Қазыбек би) арда ұрпағының бұл күні ойы да, бойы да – азат. «Қызыл қанын ағызып, қара терін тамызып, түркі еліне жау келтірмеген, құлаған мемлекетті қайта мемлекет еткен, жоқ болған халықты қайта халық еткен» түркі қаған-билеушілерінің, ноқтаға басы сыймаған ата-бабаның кірпігі мәңгіге айқасып, тәні қара жермен табысқанша көксегені, көздегені, «Аһ!» ұрған арман-мұраты осы емес пе еді?!

…Талапты ту қылғанда Рухы мықты елдің еңсермес кедергісі жоқ екен. Екі шылбыр, бір тізгін қолға тигенде Еңбектің Жігерсіз жолы болмайтын көрінеді. Тыңнан түрен саларда Терең ой Қайратқа жүгінеді екен. Қысылтаяң шақта Қанағат Ерікпен достасты. Рақым Сенімге селбесіпті.

…Бүгіннің биігінен қарағанда Тәуелсіздіктің киесін түсіну үшін асқан данышпандық керек емес екен. Оған бар болғаны ұлтыңызды, жұртыңызды жан жүрегіңізбен сүю ғана қажет көрінеді. Негізі, біз сүю білеміз бе?!
…Тарихшылардың айтуынша, жаңылмасақ, тарихта ұлтымыз аю тотемді көршіміз бар, айдаһар тотемді қоңсымыз бар, қысық көзді өзге жойылып кеткен дұшпандар бар, баршасына қарсы ұлт-азаттықтың 400-ге жуық көтерілісін жасапты. Ен далада емін-еркін көшіп-қонып жүрген қазаққа қысастық қылғанда бұла бойда бұлқынған Рух осылай сан мәрте шынжырды бұзбақ болыпты. Соңғы шынжырдың шырт-шырт үзілгені ХХ ғасырдың 86-сында. Рух емей немене?!

…Уақыт-төре – үнсіз сыншы. Ол үндемейді. Десе де, ештеңені ешқашан ұмытпайды. Асықпайды, аптықпайды да. Бірақ, бәрін таразыға тартады.

…Бүгінгінің уақыт-таразысы бізге барымызды бағалауға үндейді. Ол барымыз, асқан байлығымыз, киеміз – Тәуелсіздік. Елдің амандығы, жердің бүтіндігі, бесіктегі баланың беймезгіл шошып жыламауы.
…Жасаған бұл киеден айырмасын!

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button