Руханият

Қасиет дарыған дархан дала

      Жадыраған жаз айында Ақтөбеден Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданынына құда түсе барып, келінімізбен бірге сапардан елге жетіп, пойыздан түскенде, табиғаттың таңғажайып сыйы – себелеп жауын жауып тұр екен. Жаңаарқалық келініміз Диана мен баламыз Азаттың Ақтөбедегі алғашқы қадамдары нұр жаңбырмен басталғанын олардың болашағына деген жақсы ырымға баладық…

Тетелес інім Нұрлыбайдың кенжесі Азат Жаңаарқалық Диана деген қызды ұнатып, отбасын құруға сөз байласқан екен. Екі жастың өмірлік тілектерін құп алып, құдалықтың жөн-жоралғысымен келініміз Райхан және бір топ адам, алыс сапарға шықтық.

Бұрын-соңды көріп-білмеген жер, іштей толқып, Астана арқылы Қарағанды қаласына жеткенімізде, болашақ құдағиымыздың апасы Айман құдағи бізді құшақ жая қарсы алып, 200 шақырым болатын Жаңаарқаға бастап әкелді.

Ұзақ жолды жақындататын, сапарласыңмен болатын жарасымды әңгіме… Қандай ел екенін білмекке ынтазар болып келе жатқанымызда Айекең құдағи, алғаш таныстықтан соң барар жеріміз бен құдаларымыздың әулеті жөнінде жағымды әңгіме өрбіткен еді. Бар өмірін денсаулық саласына арнаған дәрігер Айекеңнің құлаққа жағымды естілетін дауысымен айтылған әңгімесін тыңдаймыз деп, Жаңаарқаға қалай келіп жеткенімізді байқамай қалдық.

Алыс жолдан кештетіп, шаршап келгенде қара шаңырақта алыс-жақыннан жиналған туған-туыстың ортасында үлкен құдағи Күлжанның, Бекмұрзат құда пен Жайнагүл құдағидың шын ниетпен қарсы алуы, қонақ күтуі – бір ғанибет. Құдалық түсіп келуіміздің өзі қасиетті рамазан – ораза айының соңғы күніне дөп келді. Өзімізбен бірге келген Орынбасар құданың келіні Әнел де оразасын сәтті аяқтап, ауызын ашқан еді.

Атаулы күні құда түсу рәсіміміз жаңа құдалармен ілтипатты танысудан басталып, болашақ келініміз Дианаға сырға салу рәсімімен жалғасты. Қуаныштан жүрегі жарылардай болған келініміз Райхан салт-дәстүрге орай, қоржынындағы арнайы сыйлықтарын құда-құдағиларына табыстап, арқа-жарқа. Отырысымыз осы әулеттің келіні, белгілі әнші Бағлан құдағидың әніне ұласты.

Келесі күні, ораза айт мерекесі басталғанда құдамыз қызы Диананы ұзату тойын жасады. Бекмұрзат құданың қарт анасы – Күлжан құдағи екі жасқа ақ батасын беріп, жат жұртқа ұзатылып бара жатқан немересі Дианаға қолындағы алтын білезігін сыйға тартып, көпшілікті бір толғандырған еді сонда…

Шілденің аптап ыстығында шарапсыз өткен тойда Жаңаарқаның уыз татитын, дәмі тіл үйіретін салқын қымызы – дастарқанның бас мәзірі тойға жиналған қонақтардың сусынын қандырып, таңдай қақтырды. Сол кезде Жаңаарқа қымызының еліміздің бас ордасы – Астананың өзінде де зор сұранысқа ие болғанын білдік.

Бірнеше күн қонақ болып, дәмін татқан Жаңаарқадағы қазақи әдет ғұрыптарға тұнып тұрған өлкенің айнасы іспетті орталықтағы мұражайды аралап көргенде, Орта жүзден атағы жайылған Сәкен Сейфуллинмен бірге, ауданның елеулі азаматтарын дәріптеген құнды да, тарихи мәні зор мұралық жәдігерлер бізді сондай қызықтырды. Атақты академик Серік Қирабаев, ғалым, жазушы Ақселеу Сейдімбеков, әншілер Қайрат Байбосынов, Бекболат Тілеуханов, Қарақат Әбілдина сынды және де басқа есімдері елге белгілі ұл-қыздардың, осы қасиетті Жаңаарқа топырағының тумалары екені мақтанарлық.

Бекмұрзат құданың рулас ағасы, ауыл ақсақалы Аманбай құданың ата-баба шежіресін тереңнен қозғайтын көненің көзі екенін байқадық. Бұл ақсақалдың тағы бір ерекшелігі – Қаракесек руынан шыққан Мәди бабасының жырларын дәріптеп, кейбірін жатқа да айтады екен.

Тойдан соң, Бекмұрзат құда мен Жайнагүл құдағидың көрсеткен сыйлы құрметтерінен соң, ру басы Аманбай ақсақалдың батасын алып, келініміз Дианамен жолға шықтық.

Жаңаарқадан Бекмұрзат құданың ағасы Жанат құда бастаған құда-құдағилар Ақтөбеге келіп, Азат пен Диананың үйлену тойының куәсі болды. Тойда Бағлан құдағи шырқаған «Жаңаарқа вальсі» әнін радио-теледидардан ести қалсақ, жаңа құдалардың риясыз құрметі еріксіз еске оралады.

Екі жақтың тойда айтылған бата-тілектері қабыл болып, ибалы да, инабатты келініміз Диана Кіші жүздің Табын руына Ілияс атты сәби сыйлап, той тойға ұласты.

…Біздегі қуаныштардың бастамасы 2015 жылдың қасиетті рамазан айында Жаңаарқада басталған еді. Содан бері екі жыл өтіпті, жаңаарқалық құдаларға, дүйім Қарағанды халқына оразадағы тілектерінің қабыл болуын, жас толқын жастардың болашақ өмірлері жарқын болуын тіледік тағы!

Елубай ЖҰМАБАЕВ.

Ақтөбе қаласы.

(Сурет ғаламтордан алынды).

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button