АймақҚарағанды

Ашықтық – дамуға кепіл

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2022 жылғы бүкілхалықтық референдумда қолдау тапқан саяси және конституциялық реформалар жүзеге асуда. Осы орайда Орталық сайлау комиссиясының басшысы Нұрлан Әбдіров Қарағанды өңіріне жұмыс сапарымен келді. Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде жас сайлаушылармен кездесті. Күн тәртібінде мәслихат депутаттарының сайлауын өткізудегі мәселелер сөз болды.

 

Айта кету керек, өңір бойынша алдағы сайлауға қатыспағандардың орнына 4 мәслихат депутаты сайланады. Сондай-ақ, 4 аумақтық, 4 округтік, 19 учаскелік комиссия жұмылдырылады.

Кездесуге Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов, комиссия мүшелері Азамат Айманакумов, Ләззат Сүйіндік және комиссия аппаратының жауапты қызметкерлері қатысты. ОСК басшысымен кездесуге 400-ден астам адам жиналып, оның ішінде, облыстық мәслихат депутаттары, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, сайлау комиссияларының мүшелері болды.

Орталық сайлау комитетінің басшысы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүкілхалықтық референдумда қолдау тапқан реформаларының маңыздылығын атап өтті. Бұған дейін өткізілген сайлау науқандарына, елдің сайлау жүйесін дамытудың өзекті трендтеріне, комиссияны дамытудың стратегиялық перспективаларына назар аударды. Сайлау саласындағы өзекті трендтер мен шетелдік тәжірибеге, басқа елдердегі сайлаулар мен референдумдардағы халықаралық бақылауға тоқталды.

– Елдегі болып жатқан саяси процестердің ішінде сайлаудың орны ерекше. Әр сайлау еліміздегі саяси институттардың құрылуына тікелей септігін тигізеді. Себебі, біз үшін ең бастысы – сайлаушы. Сондықтан, сайлаушыға дауыс беруге ыңғайлы жағдай жасау керек. Негізгі бағыттарымыздың бірі – аудан, ауылдардағы сайлаушылармен кездесу өткізу, – деді Нұрлан Әбдіров.  

Кездесуде Қарағанды қаласы аймақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Гүлнар Жашкенова  «Ерен еңбегі үшін» медалімен, учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы, С.Сейфулин атындағы гимназияның директоры Салтанат Жүнісова «Сайлау органдары жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен  марапатталды.

Кездесуге қатысушылар сайлау тақырыптары бойынша белсенді пікірталас өткізді. Белсенді қатысушыларға ОСК-ның 30 жылдығына орай шығарылған, сайланбалы тақырыптағы ғылыми басылым табысталды.

Сапар аясында ОСК төрағасы мәслихат депутаттарының орнына сайлауды өткізуге тартылған аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің қатысуымен кеңес өткізді. Тиісті сайлау комиссияларының басшылары алдағы сайлауға дайындығы туралы баяндады. Кеңесте ағымдағы сайлау науқаны, сайлау учаскелерін жарақтандыру мәселелері талқыланды. Жариялылық пен ашықтықты қамтамасыз ете отырып, қолданыстағы заңнамаға қатаң сәйкес сайлау өткізу қажеттігін атады.

Нұрлан Әбдіров сапары аясында Бұқар жырау ауданы Доскей ауылындағы №9 аудандық сайлау комиссиясына және №788 сайлау учаскесіне барып, дауыс беруге дайындық барысымен танысты. Сапар барысында дауыс беру құпиясын қамтамасыз ету, сайлаушыларды ағымдағы науқан туралы хабардар ету, дауыс берушілер үшін қолайлы жағдайлар жасау және мүгедек адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету қажеттілігіне ерекше назар аударды.

Электоралды оқыту үдерісіне мониторинг жүргізу мақсатында сайлау комиссиялары мүшелерінің сайлау заңнамасы мен сайлау рәсімдерін білуіне байланысты бақылау тестілеуі де  өткізілді. Жұмыс сапары сайлау комиссияларының мүшелеріне арналған семинар-тренингпен аяқталды. Қолданыстағы нормативтік-құқықтық база түсіндірілді. Сондай-ақ семинар-тренингке қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.

Аяулым СОВЕТ,

«Ortalyq Qazaqstan»

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

Басқа материалдар

Back to top button