Жаңалықтар

Ашықтық қағидатына бағытталған басқосу

Кеше Достық үйінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орайластырылған «Әділетті қоғамның негізі – ашықтық пен келісім» атты дөңгелек үстел өтті. Диалог алаңына Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, Қазақстан халқы Ассамблеясы, жастар ұйымдары, кәсіпкерлік, мемлекеттік қызмет, БАҚ өкілдері қатысты. Аталған шараны тізгіндеген облыс әкімі мемлекеттік мереке қарсаңында «Әділетті Қазақстан» құрылысының идеясымен бөлісерлік түрлі шаралардың өтіп жатқандығын мәлімдеді.

«Бұл жыл тарихи ауқымды оқиғаларға толы болды. Бүкілхалықтық референдум арқылы Конституциялық реформа, Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы өтті. 25 қазанда еліміз жаңа форматта Республика күнін атап өтті. Бұл мереке ұлттық дәрежеге көтерілді. Осындай тағдыршешті істердің басы-қасында өңір тұрғындары белсенді үн қатты. Аталған еркін жүздесу де ағымдағы оқиғалар қатарының заңды жалғасы. Мен үшін өңір қауымдастығымен жаңа лауазымда алғашқы кездесуім Тәуелсіздік күнінің қарсаңында өтіп жатқаны ерекше мәнге ие. Өздеріңізбен қызықты әрі нәтижелі сұхбат құратыныма сенімдімін», – деді әкім мырза кіріспе сөзінде.

Алғашқылардың бірі болып облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі Ниқанбай Омарханов сөз алды. Ол Қоғамдық кеңес атынан облыс әкімін тағайындалуымен құттықтады. Облыстың қоғамдық кеңесінің қызметі туралы, «Әділетті Қазақстан» идеясын ілгерілетудегі кеңестің ролі туралы қысқаша айтып, ауыл шаруашылығын дамытуға байланысты мәселелерге тоқталды. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын дамытуға – отандық экономиканың жаңа қозғалтқышына ерекше назар аударатынын атап өтті. «Біз ең алдымен ауылдық жерлердегі жандарды жаппай жұмыспен қамту үшін барлық жағдайларды ескере отырып, жаңа технологияларды енгізуге, ауыл тұрғындарының кез келген кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға тиіспіз. Қажетті ұсыныстарымыз тиісті шешімін табары сөзсіз», – деп игі сенімін білдірді.

Жаңа технология демекші, «Пайдалы кен орындарын қазып өндіру» кафедрасының меңгеруші Асқар Имашев өндіріске заманауи технологияларды енгізу мәселесіне назар аудартты. Сөзінше Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті бұл бағытта түрлі ғылыми жобаларды қолға алған. Бастысы қолдау қажет. «Қарағанды қашанда ғылыми әзірлемелерді алға тарту орталығы болған. Болып та қала береді. Осында жоғары оқу орындарының ректорлары қатысып отыр. Өз тарапымыздан жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, ғылым мен бизнестің өзара іс-қимылына өрісті кеңейтетін боламыз. Алда ғылым өкілдерімен, ғалымдарымызбен кездесу жоспарладым», – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.

«Инфографикс кз» компаниясының жетекшісі Тимур Ходжаев сандық технологияларды енгізудің маңызы мен артықшылығына мән берді. Қолға алған жобаларымен де таныстырды. Талбесік қоғамдық бірлестігінің өкілдері қайырымдылық шараларының өңірде қарқын алуына өз тараптарынан үн қатты. Мәселен, бұл ұйым ағымдағы жылы бес көпбалалы отбасыны баспанамен қамтуға ықпал еткен. «Қайырымдылық ісі тасада қалмаса екен» деген игі ниетін жасырмады. Осы орайда байланысқа шыққан Осакаров ауданы журналисі аз қамтылған отбасыларға қатысты атқарылған жұмыстар легіне тоқталды. Бұл салада Қазақстан халқы Ассамблеясы да қалыс қалмағандығын аңғартты. Әңгіме барысына «Saryarqa» телеарнасының тілшісі Жанбота Елубаев пен «Бесінші арна» өкілі Ирина Вабищевич қосылды. Ұлтжандылық тақырыбын өзек еткен журналистер қиын жағдайда қалған жандарды құтқарған қаһармандар жайлы бейнеролик көрсетті.

Келелі мәселелерді көтерген жиыннан қалам иелері де қалыс қалмады. Аталған шарада жас ақын Нұрдәулет Бақытұлы Алаш арысы Мағжанның өлеңін көпшілік қауымға паш етті.

Қызу пікір алмасқан, көпшілік туындаған сауалдарына мардымды жауап алды. Шара соңында Қазақстан Республикасы Президенті тағайындаған «Жомарт Жан» төсбелгісімен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Анвар Осин марапатталды. Облыс әкімі қиын жағдайда қалған жандарға қол ұшын созған бейбіт күннің бүгінгі алты батырына Алғыс хат табыстады.

Сөз соңында Ермағанбет Бөлекпаев қатысушыларға ақжарма алғысын білдіре отырып, есік қаққалы тұрған Тәуелсіздік күнімен құттықтады. «Біздің алдымызда биік белестер тұр. Бұл сыннан сүрінбей өткен жерлестеріміз Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін орындауда бірлік пен ынтымақтың жарқын үлгісін көрсетеді деген сенімдемін», – деді өз сөзінде. 

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ.

Суретті түсірген Еркебұлан ХАДЫЛБЕ

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button