АймақҚарағанды

Ашық пікір алмасты

«Ұлт қазынасы» республикалық жобасының тәлімгерлері мен Taldau өңірлік талдамалық мектебінің түлектері Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ-де студенттермен дискуссиялық кездесу өткізді. Кездесуде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасының негізгі бағыттары түсіндіріліп, жастармен ашық диалог өтті.

Суреттерді түсірген автор

Кездесудің басты мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, азаматтық белсенділігін күшейту. Сондай-ақ, мемлекеттік өзгерістерге саналы көзқарас қалыптастырып, ел үшін маңызды шешімдерді ашық әрі сындарлы талқылауға жас буынды тарту. Облыстық жастар ресурстық орталығының маманы Темірлан Серіков өз сөзінде алдағы саяси науқанның маңызын атап өтті.

– Жаңа Конституцияны қабылдау үшін 15 наурызда республикалық референдум өтеді. Ал, онда қабылданатын шешім – жастардың болашағы. Сондықтан, бұл референдумға әр жас қатысуы міндетті деп білемін. Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ – өңірдегі ең үздік жоғары оқу орнының бірі. Студенттердің саны әрі сапасы жағынан да алдыңғы қатарда. Кездесуді дәл осы университеттен бастағанды жөн көрдік, – деді.

Қарағанды ​​облысы бойынша «Жылдың үздік спортшысы-2025» номинациясының иегері, Азия чемпионы, бокстан жастар арасындағы әлем чемпионы Сабыржан Аққалықов та сөз алып, өз ойымен бөлісті.

– Мен спорт саласында кішкентайымнан бері жүрмін. Бокс мені көп жақсылыққа үйретті. Жеңіс – ешқашан кездейсоқ келмейді. Әр жеңісте тұрақтылық, шынайылық әрі жауапкершілік тұрады. Өмірде де дәл солай. Спортта мынандай бір қатаң ереже бар. Егер кімде-кім ол ережені бұзса, онда қарсыласың емес, бүкіл спорт зардап шегетін болады. Мемлекетімізде де дәл сондай жүйе. Бірақ, бізден бір ерекшелігі – ауқымында. Ал, Конституция – басты ереже. Осы ережемен бүтін мемлекет өмір сүреді. Бұл жай ғана қағаз құжат емес, біздің болашағымыз. Олай болса, бәріміз өз болашағымыз үшін дұрыс таңдау жасайық, – деді Сабыржан Мақсатұлы.

Сонымен қатар, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Saryarqa телеарнасының редакторы Қарағанды облысы әкімдігінің жанындағы Жастар істері жөніндегі облыстық кеңес мүшесі Жанбота Елубаев та сөз алып, пікірімен бөлісті.

– Конституцияның жаңа жобасы 11 бөлім, 95 баптан тұрады, мәтіннің 84%-ы жаңарған. Құжат тұңғыш рет мемлекеттік тілде қайта жазылды. Айталық, 1 бапта Қазақстан Республикасы демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет екені ерекше көрсетілген. Мемлекеттің ең жоғарғы құрылымы адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары анық көрсетілген. Ата Заңымыздың жаңа мәтінінің басты идеясы ретінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновация анықталды, – деді Жанбота Сүндетуллаұлы.

Одан бөлек, «Kazakhmys holding» ЖШС компаниясының экология мәселелері жөніндегі департаментінің бас маманы, «ТALDAU мектебі Қарағанды» аналитика мектебінің түлегі Асылжан Төлегенов пен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Алматы ашық әдеби мектебінің заманауи поэзия курсының оқытушысы, «Ұлт қазынасы» жобасының менторы, «ТALDAU мектебі Қарағанды» аналитика мектебінің түлегі Салтанат Қайырбек те конституцияның маңызын атап көрсетті. Ал, студенттер өздерін толғандырған сауалдарын қойып, пікірлерін ортаға салды. Ал, спикерлер студенттер сауалына мазмұнды жауап беріп, маңызды мәселелер төңірегінде байыпты әңгіме өрбітті.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button