Бас тақырыпРесми

Ашық қоғамның алғышарты

14 қаңтарда Парламенттің жоғарғы палатасы – Сенат депутаттарының кезекті сайлауы өтті. Облыстағы барлық деңгейдегі 204 мәслихат депутатының 191-і – жанама сайлау құқығы негізінде Кеншілер мәдениет сарайында жасырын дауыс берді. Сайлау қорытындысы бойынша облыстан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты ретінде 147, яғни, сайлаушылардың 78,2% дауысына ие болған облыстық мәслихат хатшысы Серік Өтешов сайланды. Ал, Мұрат Әбілов – 15, Татьяна Шатохина – 24 дауыс жинады

Дауыс беру алдында сайлау комиссиясының мүшелері дауыс беру жәшіктері мен бюллетеньдерін тексерді. Алдын ала санақ бойынша 206 бюллетень тіркелген. Жалпы облыста облыстық, аудандық және қалалық деңгейдегі 204 мәслихат депутаты бар екенін ескерсек, екі бюллетень одан әрі жою үшін мөрленді.

Толығырақ тоқталар болсақ, аудандық мәслихаттар бойынша Осакаровтан – 12, Қарқаралыдан – 12, Ақтоғайдан – 11, Бұқар жыраудан – 13, Нұрадан – 11, Абайдан – 12. Шеттен – 13 депутат бар. Ал, қалалық мәслихаттар бойынша Қарағандыдан – 29, Шахтинскіден – 12, Балқаштан – 13, Теміртаудан – 17, Приозерскіден – 11, Сараннан – 12 және облыстық мәслихаттан – 26 депутат тіркелген.

Бірақ, 204 депутаттың 191-і ғана дауыс берді. 13 депутат белгілі себептерге байланысты қатыса алған жоқ.

– Дауыс беру қорытындысы бойынша хаттама толтырылады. Сайлау қорытындысын Орталық сайлау комиссиясы бір апта ішінде жариялайды. Белгілі себептермен дауыс беруге қатыса алмаған депутаттарға келетін болсақ, сайлау өтетіні туралы алдын ала ескертілуі тиіс арнайы ереже жоқ. Депутаттар сайлаудың өтетін орны мен уақыты бойынша уақытылы хабардар етілді. Бірақ, бұл өмір және түрлі себептер болуы мүмкін. Заң бойынша бұл – олардың құқығы, – деді, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Қайрат Нұркенов.

Сенатты қалыптастыру тәртібі ҚР Конституциясында айқындалған. Парламенттің жоғарғы палатасында әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Астанадан екі адам ұсынылған. Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі – алты жыл. Бұл жағдайда жартысы үш жыл сайын қайта сайланады.

Серік Өтешов 2017 жылы Қарағанды облысынан сайланған Сенат депутаты Рысқали Әбдікеровтің орнына барады.

– Бүгін облысымыздан Сенат депутаттығына үміткерлерге дауыс беруге келдік. Бұл менің депутат ретінде алғаш дауыс беруім. Біз Жаңа Қазақстанға, Әділетті Қазақстанға қадам бастық. Бүгінгі сайлау – соның кепілі. Кейінгі бір жылда елімізде талай оң өзгерістер орын алды. Референдум өтті, халық болып жұмыла Ата Заңымызға өзгерістер енгіздік. Президентімізді алғаш рет жеті жылға сайладық. Мұның барлығы – біздің демократия жолында жасап жатқан қадамдарымыз. Бұл сайлау да әділетті өтетініне бек сенімдімін, – дейді Осакаров аудандық мәслихатының депутаты Гүлбаршын Аманбаева.

Қалай болғанда да, бұл сайлауда біздің қоғамдағы реформалар кезеңінің талаптарына толық жауап бере алатындай ашық таңдау жасалды.

Салтанат ІЛИЯШ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button