Ашық қоғамға – адал қызметші
Бір жапырақ қағаз үшін қандай да болсын кабинеттің есігін күзетіп, араға тамыр-таныс салып, мәселені шешіп алу деген ұғым – өткен күннің көрінісі, ескінің белгісі болуы тиіс. «Электронды үкіметтің де» негізгі көздегені – осы. Қазір өзіңізге қажетті анықтамаларды, тіптен, үйде отырып-ақ қағазға басып шығаруға мүмкіндік бар. Әттегені, бұл механизмге бәріміз бірдей бет бұра алмай келеміз. Осыдан барып, жемқорлыққа жол беру жағдайларының құлағы қылтиятыны өтірік емес.
Өткен жұмада облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ төрағалығымен өткен облыстық сыбайлас жемқорлықпен күрес комиссиясының отырысы осы мазмұнда өрбіді. Жиынға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының орынбасары Алик ШПЕКБАЕВ, облыстағы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, республикалық және облыстық арнайы мониторингтік топтар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Қоғамның жегі құрты – жемқорлықпен күресті күшейту және оны жою мәселесі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдауларында үнемі көтеріледі. Сондай-ақ, «100 нақты қадам» ұлт жоспарына да өзек болған. Құжатта көрсетілгендей, жемқорлықтың жолын кесуде мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметті тұтынушы мен қызмет көрсетуші арасындағы байланысты мейлінше шектеу қажет. Бұл ретте, елдің компьютерлік сауаттылығын арттыру, ақпараттық технологияларды игеруі – өзекті мәселе.
Облыс әкімі аппаратының басшысы Жанат Ысқақовтың айтуынша, 2007 жылдан бері облыстағы 210 мыңдай адам компьютерлік сыныптардан тәлім алған. Және де әкімдік сайтына ақпараттық сервис енгізу арқылы тағы 145 мыңдай адамның компьютерлік сауаттылығын арттыруға мүмкіндік туған.
– Қазіргі күні компьютерлік сауаттылық деңгейінің облыс бойынша көрсеткіші – 74,5%-ға тең. «Ақпараттық Қазақстан – 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 2020 жылға қарай компьютерлік сауаттылық деңгейінің көрсеткішін 80%-ға жеткізуді көзделген.
Біз бұл межеге қол жеткіземіз, – деді Ж.Ысқақов.
Бұл жұмыстарда оң нәтиже байқалған. Мысалы, электронды цифрлы қолтаңба алушылар саны биылғы 9 айда 233 мың адамнан асқан.
Медициналық және білім беру мекемелеріне жүгінуде, тұрғын үй мәселелері бойынша электронды қызметті пайдаланушылардың да қарасы көбейген.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысы Жандос Сәрсенов баяндағандай, Қарағанды облысында 637 мемлекеттік орган қызмет етеді. Мемлекеттік қызметшілердің штаттық саны – 7382-ні құраса, нақты жұмыс істейтін мемлекеттік қызметшілердің саны – 6624-ті құрайды. Бос лауазымдар саны 758-ге тең екен.
Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында департамент жыл басынан бері 142000 адамды қамтыған 900 іс-шара өткізген.
Облыстың жоғары оқу орындары мен колледждерінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы хартиясына қол қойылған. Білім ұйымдарындағы «тұрмыстық сыбайлас жемқорлық» мәселесі, яғни, мектептер мен балабақшалардағы алым-салымдар да ерекше назарда.
Байқасаңыз, облыста жемқорлықтың алдын алуға, жолын кесуге бағытталған бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатыр. Дегенмен, мемлекеттік қызметшілерді сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағандары үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту фактісі азаймаған. Былтырғы жылдың 10 айында 44 адам жауапкершілікке тартылса, биыл 47 мемлекеттік қызметші заң алдында жауап берген.
Пара алғандар қатарында түрлі сала мамандары бар.
Комиссия отырысында республикалық арнайы мониторингтік топ өкілдері де сөз алды. Бұл құрам үш күн бойы облыстың бірнеше қала, аудандарында болып, Халыққа қызмет көрсету орталықтарының, әкімдіктердің, өзге де мекемелердің тыныс-тіршілігін бақылаған. Олар бас сұққан мемлекеттік мекемелердегі ахуалды бейнетаспаға жазып отырған. Қолдарында көптеген фактілері бар. Әрине, мемлекеттік қызметшілердің қызмет барысындағы кемшіліктерін, мемлекеттік мекемелердегі келеңсіз жағдайларды, олардың ғимараттарының талапқа сай келмеуін айғақтайтын фактілер.
Басқосуда жемқорлық фактісінің салдары туралы бейнероликтер де көрсетілді.
Ашық пікірталасқа ұласқан комиссия отырысында Алик Жатқамбайұлы мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету үшін қажетті ұсыныстарымен бөлісті. Анықталған кемшіліктерді жою мақсатындағы жұмыстарды пысықтау керегін алға тартты.
Мәселен, мемлекеттік қызметшінің қолына «ала қағаз» ұсынбақ түгілі, бағалы сыйлық ұсынудың өзі заң бұзушылық болып саналады. Құны екі айлық есептік көрсеткіштен асатын сыйлық алған мемлекеттік қызметші заң алдында жауап береді. Қысқасы, мемлекеттік қызмет төңірегінде «алаған қол мен береген қолдың» әңгімесі жүрмейді.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Ерлан Жақанұлы мемлекеттік қызметшінің адал әрі әдепті болуы керегін тағы бір еске салды.
– Жиында сөз болған кеңселердің, ғимараттардың кемшілігі түзелер. Тек, тамырына балта шабылған тағдырларды қайтіп қалпына келтіру қиын. Осы мәселені мемлекеттік қызметшінің әрқайсысы ұмытпауы тиіс.
Бастысы, адал болайық!, – деп ой түйді аймақ басшысы.
Иә, жемқорлықпен күрес – қоғамға ортақ міндет. Негізі, бұл күрестің жүгін мемлекеттік қызмет саласына сілтей бергеннен де нәтиже шықпас. Ашық қоғамға адал қызмет қылуға әрқайсымыз әзір болуға тиіспіз. Жегі құртты жоюға әркім тамшыдай болса да үлесін қосуы қажет-ақ. Мемлекет тарапынан мүмкіндігінше жағдай жасалып отырғанда, тым болмаса, мемлекеттік қызметті электронды түрде алыңыз. Уақытыңыз бен қаражатыңызды да үнемдейсіз.
Жалпы, біздің облыста бұл күні жергілікті атқарушы билік органдары мемлекеттік қызметтің 190 түрін көрсетеді. Өткен жылы бұл көрсеткіш 177-ге тең болған.
Биылғы 9 айда төрт миллионның көлемінде мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның екі жарым миллионы электронды түрде жүзеге асырылған. Ал, мемлекеттік қызметті қағаз жүзінде көрсету көрсеткіші 47%-ға төмендеп, 400 мыңның жобасына тұрақтаған.
Бұған қоса, Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы 9 айдың ішінде 120 мың қызмет көрсетілген.
Қуаныш АМАНҚҰЛОВ
Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.