«Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев «Медная компания Коунрад» ЖШС, «Сары Қазына» ЖШС кәсіпорындарының және «Қоңырат» кенішінің еңбек ұжымдарымен кездесу өткізді. Шаһар басшысы қойылған сауалға жан-жақты жауап беріп, қала деңгейінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы кеңінен баяндады. Сондай-ақ, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, өндіріс саласындағы жаңашылдықтармен, басқа да жүзеге асырылатын жұмыс жоспарымен бөлісті.
Алдымен қала басшысы «Медная компания Коунрад» ЖШС мен «Сары Қазына» ЖШС кәсіпорындарының жұмысшыларымен жүздесті. Қоғамдағы еңбек адамының мерейін өсіріп, ынталандыру үшін осы жылы біраз шаруа атқарылуы тиістігін атап өтті.
– Биыл бір жақсы, игілікті жыл болады деген ойдамын. Өйткені, нағыз жұмысшы мамандарының қадірін білетін, олардың еңбегін бағалайтын жыл келді. Сондықтан, үлкен жоспарлар бар. Сіздер жұмыста жүрген соң халықпен өткізетін кездесуге кейде уақыттарыңыз жетпей жатады. Сол себепті, өздеріңізге тікелей жолығып, атқарып жатқан жұмысымды баяндап, ашық диалог құруды мақсат тұттым, – деді әкім.
Екі жыл ішінде 32 шақырымға жуық жылу желілері жөнделді. 75 пайызға тозып тұрған жылу желілері 65 пайызға төмендеді. Биыл тағы 20 шақырымы ауысады екен. Қала ішіндегі су құбыры желілері жаңғыртылуда. 21 шақырымын ауыстыру жоспарда. Сонымен қатар, Саяқ кентін сумен қамтамасыз ету үшін қаражат қарастырылды. 163 шақырымға созылып жатқан су құбырының 78 шақырымы ауыстырылды. Биыл 16 шақырымға 700 миллион теңге бөлінбек.
Сонымен қатар, жұмыс жоспарына тоқталған әкім сұрақтарға толымды жауап қайырды. Бұдан кейін сөз алған «Медная компания Коунрад» ЖШС Бас директоры Виталий Логачев, «Сары Қазына» ЖШС Бас директоры Раулан Қозғамбаев ашық диалог форматында өткен кездесу жұмысшылар мен жергілікті билік өкілдері арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға ықпал ететіндігін жеткізді.
Бұдан кейін «Қоңырат» кенішінің ұжымымен кездескен Сапар Сатаев жоспарланған жұмыстардың орындалуы қаланың болашағын айқындап, алға қарай жылжуға мүмкіндік беретіндігін айтты. Осы ретте қала әкімі атқарылған істердің біразына тоқталды.
– Қаламызда күрделі жөндеу жұмыстарын қажет ететін тұрғын үйлер бар. Биыл тозығы жеткен баспаналарды кезең-кезеңмен қайта қалпына келтіру жұмыстары басталады. Жалпы 2 537 904, 51 мың теңгеге 87 көппәтерлі тұрғын үйді жөндеу жоспарға енгізілді. Одан бөлек, үй алаңдарын абаттандыру, былтыр жөндеу жұмысы жүрген көшелердің жолдары толықтай асфальтталады, – деді қала басшысы.
Кездесу барысында кеніштің еңбеккерлері әртүрлі мәселелерді ортаға салды. Талқыға түскен проблемалар – қоғамдық көліктегі тасымалдаушылардың сапалы қызмет көрсету, жол жөндеу жұмыстары, балалар және спорт алаңдары, қала тазалығы және кәріз суы болды. Сонымен қатар, кварталішілік электрмен жабдықтау желілері мен толық трансформаторлық қосалқы станцияларды жаңарту, күрделі мәселесінің бірі болған қоқыс шығару жұмысын ретке келтіру туралы сұрақтар көп қойылды.
Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
БАЛҚАШ
Сурет автордан