Спорт

Ашық аспан астындағы турнир

Орталық саябақта «САБР» бокс клубы алғаш рет ашық аспан астында турнир ұйымдастырды. Ерекше форматтағы сайысқа 160 жас боксшы қатысып, бақ сынас­ты. Аймақ жұртшылығы тартысты жекпе-жектің куәгері болды.

Сурет ұйымдастырушылардан

Турнирге 2008-2012 жыл аралығындағы жас боксшылар қатысты. IBA ережесі қолданылған бұл сайыста спортшылар 10 ұпайлық жүйе бойынша жұдырықтасты. Тартысты жекпе-жектер жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленіп, көрермендердің мерейін өсірді.

Жүлделі болған спортшыларға ақшалай сыйлықтармен қатар чемпиондық белбеу, медальдар, кубоктар табысталды. Ал, балаларын қолдап келген ата-аналар мен жанкүйерлер жас сайыпқырандарға жігер сыйлап, сайыстың көрігін қыздырды.

– Турнир ойдағыдай, сәтті өтті. Же­ңіске жеткендер – тоқтап қалмай, әрі қарай шыңдала берсін. Жеңілгендердің де жігері еш мұқалмасын, алда әлі талай бәсеке мен жеңіс күтіп тұр. Ең бастысы – жеткіншектер тәжірибе жинап, достықты нығайтсын. Спортпен шынығып, бос уақыттарын шуақты қылып өткізсе екен, – деді турнир ұйымдастырушысы Сұңғат Талғатұлы.

Жасөспірімдердің спортқа қызығушылығы артып, тәжірибе жинауына осындай турнирлер оң ықпал етеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама дәстүрге айналмақ.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button