Руханият

Ашық аспан астындағы оқу залы

Қарағандының орталық саябағында кітап фестивалі өтті. Оны қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімінің қолдауымен М.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапханалар жүйесі ұйымдастырды. Саябақтағы сахна маңы кітапханаға айналып шыға келді. Айта кетейік, мұндай фестиваль қаламызда бірінші рет ұйымдас­тырылды.

Фестивальдің мақсаты – «Оқырман ұлт» жобасын жүзеге асыру, оқырмандардың қызығушылығын арттыру, кітаптарды насихаттау. Фестиваль бұнымен шектелген жоқ. Оқырмандарды жергілікті авторлармен, яғни, қаламгерлермен кездестірді. Қаламгерлер қауымы саябақтың бір бұрышына жайғасып, оқырманмен емін-еркін әңгімелесті.

Кітап фестивалін өткізу барысында кітап пен оқуды, мобильді кітапханаларды ілгерілету үшін кітапхана еріктілерімен жұмыс жандандырылды. Балаларға арналған «Ғажайып ел», «Шеберхана» алаңдары жасақталды. Сонымен қатар, баспаханалар мен кітап дүкендері сирек кітаптардың, көркем әдебиеттердің көрмесін ұйымдастырды. Кітап лотореясы ойнатылды.

Іс-шараға қарағандылық жазушылар Сүйіндік Жанысбай, Мұхамедкәрім Сәлкенұлы, Ақыш Мақсұтқан, Ерғазы Садуақасұлы, Қашау Шапау, Салтанат Смағұлова, Салтанат Қайырбек, Толғанай Айтболатқызы, балалар жазушысы Илья Воронков, ақын Алла Бежина, «Ақниет» әжелер ансамблі, Қазыбек би атындағы аудан ардагерлер ұйымдарының өкілдері және қала тұрғындары қатысты.

 

– Осыған дейін бұндай ауқымда фестиваль өткізген жоқпыз. Енді әр жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылмақ. Жоспарымыз айқын. Жыл сайын жаңа идеяларды, жобаларды іске асыруға тырысамыз. Бастысы – халықтың ілтипатын көрдік. Қала жұртына ұнады. Саябақта серуендеп, кітап сөрелерін аралаған жақсы әсер беретіні сөзсіз. Оқырмандар да қанаттанды. Жаңа кітаптардың тізімін жасап алды. Ізденісте жүрген оқырмандар үшін ең қажет шаралардың бірі деп есептеймін, – деді қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлжан Ахметкәрімова.

Ерік НАРЫН,
ҚАРАҒАНДЫ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button